Редакция таңдауы

Бәсекелестікті қорғау – мемлекеттік маңызы бар міндет

Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінде Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Шымкент қалалық департаменті басшысы Ернар Қосбаев брифинг өткізіп, жыл басынан бері салада атқарылған жұмыстар мен қаладағы бәсекелестік ахуалына қатысты өзекті мәселелер туралы баяндады.

Брифинг барысында ол департамент қызметіне негізгі үш бағыт кіретінін айтып өтті. Соның ішінде бәсекелестіктің бұзылу белгілерінің алдын алу, оны қорғау және дамыту бағыттарына жеке-жеке тоқталды. Атап айтқанда, алдын алу шаралары аясында 5 тауар нарығы мен 25 мемлекеттік кәсіпорынға мониторинг жүргізілсе, 21 тауар нарығы мен 50 пайыздан жоғары үлесі бар 19 мемлекеттік кәсіпорынға талдау жасалған. Талдау нәтижесінде отын-энергетика, байланыс және басқа да салалардағы өзекті мәселелер анықталып, тиісті ден қою шаралары қабылданған.

«Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС тарапынан электр беру желілерінің тіректері арқылы тартылатын оптикалық-талшықты интернет желісіне қосымша ақы алу фактісіне қатысты монополияға қарсы әрекеттерге тосқауыл қойылып, тұтынушылардың мүддесі қорғалған. Сондай-ақ шаһардағы ұн өндіруші бірқатар компаниялар, соның ішінде, «ДОС» ЖШС, «Ерасыл 2030» ЖШС, «Дани нан» ЖШС, Grain House-555 ЖШС, «Санжар» ЖШС және Pioneer Grain Products ЖШС арасында 1-сұрыпты ұн бағасын бір мезгілде көтеруге байланысты картельдік келісім белгілері анықталған. Тергеу нәтижесінде Grain House-555, «Санжар» және Pioneer Grain Products ЖШС компаниялары әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы 26,6 млн теңгеден астам айыппұл салынған.

Сонымен қатар, департамент басшысы QAZAQGAZ AIMAQ АҚ Шымкент өндірістік филиалының 1755 тұрмыстық абонентке артық төлем мен қайта есептеу айыппұлдарын негізсіз ұсынуына қатысты тергеу жүргізіліп, монополист компанияның заңсыз әрекеттеріне тосқауыл қойылғанын айтып отыр. Қазір бұл мәселе Жоғарғы соттың қарауында, ал төменгі инстанция соттары департаменттің пайдасына шешім шығарған.

Тергеу нәтижесінде қаладағы коммуналдық қызмет саласына қатысты да заң бұзушылықтар анықталыпты. Атап айтқанда, Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы сұйытылған мұнай газын бөлу кезінде кәсіпкерлік субъектілерінің теңдігі мен адал бәсекелік қағидаттарын сақтамай, «КГТ Груп» ЖШС өтінімдерін елемеген. Бұл фактілерге байланысты іс құзыретті органға жолданған. Ал «Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның табиғи монополия субъектісі ретінде тіркелмей және тиісті лицензиясыз электр энергиясын жеткізуі де заң талаптарына қайшы екені анықталған. Бұл дерекке қатысты 14,6 млн теңгеден астам айыппұл салынып, қазір істі сот қарап жатыр екен.

Брифинг соңында Ернар Қосбаев департамент тарапынан бәсекелестікті қорғау, заң бұзушылықтарды жою және олардың алдын алу бағытында жүйелі әрі пәрменді жұмыс жалғасатынын атап өтті. Бұдан кейін спикер БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берді. Соның ішінде жақында Қоғамдық кеңес мүшелері айтқан жекеменшік медициналық ұйымдардың анализ талдауларын көтеруіне қатысты сауалға жауап берген ол «Егер нарықта үлесі басым медициналық ұйымдарға қатысты жекеленген тұрғындардан және Қоғамдық кеңес мүшесінің хаттамасы болса, тиісті тексеріс жүргізіледі. Ал ешқандай арыз-шағым болмаса оларға өз бетімізше тексеру жүргізу құзырымызға кірмейді» дейді.

 

Жадыра МҮСІЛІМ

Соңғы жаңалықтар