Тәуелсіздік жылнамасымен бірге қалыптасып, елдік саясаттың темірқазығына айналған Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы Шымкентте мазмұны терең, мәні бөлек мәдени шарамен айшықталды. Қаладағы Достық үйінде өткен «Қара шаңырақ» атты қолөнер мен халық шығармашылығы көрмесі бір ғана мерейтойлық датаға арналған іс-шара болып қалмай, өңірдегі этностардың ортақ рухани қазынасын, тамыры терең дәстүр мен бүгінгі жаңғырудың сабақтастығын ашып көрсетті. Жиырмадан астам қолданбалы өнер шеберінің басын қосқан бұл көрме Ассамблеяның басты миссиясын – ұлттық мәдени мұраны сақтау, дамыту және кеңінен насихаттау жолындағы нақты еңбегін айқын аңғартты.

Ұлы Жібек жолының бойындағы көне шаһар Шымкент ежелден-ақ қолөнердің құты қонған мекені саналады. Ғасырлар бойы бұл өңірде қыш күйдіріліп, тері иленіп, кілем тоқылып, алаша мен текемет өрнектелген. Уақыт озса да, сол дәстүрдің жібі үзілген жоқ. «Қара шаңырақ» көрмесі – соның жарқын дәлелі. Бір шаңырақтың астына жиналған шеберлердің еңбегі қазақ мәдениетінің байлығын ғана емес, өңірде өмір сүріп жатқан барлық этностардың ортақ үлесін, ортақ жауапкершілігін көрсетті. Қара шаңырақ – қазақ үшін әулеттің, сабақтастықтың, аманаттың символы болса, бұл көрмеде ол тұтас өңірдің рухани кеңістігін бейнелеген ұғымға айналды.
Көрменің ашылуында сөз сөйлеген Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының жетекшісі Айгүл Әмзеева ұлттық қолөнерді қолдау – өткенге тағзым ғана емес, болашаққа салынған инвестиция екенін атап өтті. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда айтқан: «Ұлттық мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді, соның ішінде қолөнерді жаңғырту – ұлттың болмысын сақтаудың басты жолы» деген сөзін еске сала отырып, бүгінгі таңда қазақтың дәстүрлі өнері жаңа тыныс алып жатқанын жеткізді. Қолөнер қазір тек тұрмыстық қажеттілік емес, сән индустриясында, туризмде, интерьер дизайнында кеңінен қолданылып отыр. Жас шеберлер ата-бабадан қалған әдіс-тәсілдерді заманауи технологиямен ұштастырып, тың бағыттар қалыптастыруда. Соның арқасында қазақ қолөнері халықаралық көрмелерде жоғары бағаланып келеді.
Айгүл Әмзеева ұлттық өнерді дәріптеуге өзге этнос өкілдерінің де белсенді атсалысып жүргенін атап өтіп, бұл – Ассамблея саясатының, мәдениетаралық диалогты нығайтудың айқын көрінісі екенін айтты. Ал «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Наталья Романова буын сабақтастығының маңызын ерекше атап, шеберлік ұрпақтан ұрпаққа үзілмей жетуі тиіс екенін жеткізді. «Ассамблеяның 30 жылдығымен шектеліп қалмайық. Шеберлеріміздің жетістігі бізді күн сайын қуанта берсін», – деген тілегі көрмеге жиналған көпшіліктің көңілінен шықты.
Шын мәнінде, Достық үйі мен Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысы бір реттік көрмелермен ғана шектелмейді. Мұнда тұрақты түрде көрмелер, шеберлік сабақтары, фестивальдер ұйымдастырылып, олардың бәрі ұлттық кодты сақтау мен қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған. Этномәдени бірлестіктердің өкілдері осы алаңда тәжірибе алмасып, өнерін ортаға салып қана қоймай, ең бастысы, сол өнерді жас ұрпаққа үйретіп келеді. Осылайша мәдени шанырақтың уығы шайқалмай, керісінше, күн өткен сайын бекіп келеді.
Көрменің құрметті қонақтарының қатарында қалалық Ассамблея жанындағы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі
Досыбай Шерімқұлов, сондай-ақ қалалық этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен белсенділері болды. Олар бұл көрмені мәдениетаралық сұхбаттың, тарихи мұраны сақтаудың маңызды алаңы ретінде бағалады. Экспозицияда дәстүрлі де, заманауи бағыттағы қолданбалы өнер туындылары ұсынылып, сапалы қол еңбегінің қашанда өз бағасын жоғалтпайтыны тағы бір мәрте дәлелденді.
Көрмеде ерекше назар аудартқан дүниелердің бірі – құрақ көрпелер. Этнодизайнер, шебер Жанерке Әділова үшін құрақ тігу әуесқойлықтан кәсіпке айналған. Бүгінде бұл іс оның отбасының берекелі нәсібіне айналып отыр. Ол көрмеге дәстүрлі әдіспен тігілген қазақы көрпелерін, соның ішінде Шымкент қаласының логотипі бейнеленген ерекше туындысын алып келді. Бұл көрпе Қазақстан рекордтар кітабына енген ауқымды жобаның бір бөлігі болған.
Жанерке Әділованың айтуынша, оның тігінге деген сүйіспеншілігі бала күнінен басталған. Анасы кәсіби тігінші болған, өзі бесінші сыныптан бастап тігін машинасының қасында өскен. Отбасындағы сол орта кейін кәсіби білім алуға жол ашқан. Университет бітіріп, тұрмысқа шыққаннан кейін, бала күтімімен отырған кезеңде ол қайтадан тігінге бет бұрған. Бірақ кез келген бұйымды емес, дәл қазақы көрпені тігуді мақсат еткен. Алғашында өз жасауындағы көрпені жаңартқан, кейін оның жұмысына көрші-қолаң, таныстар қызығып, тапсырыс бере бастаған. Осылайша, хобби бірте-бірте кәсіпке ұласқан.
Шебердің көрмеге қойған көрпесі V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында жүзеге асқан ерекше жобаның жемісі. Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған 450 құрақшы бірдей дизайндағы көрпелер тігіп, тұтас стадионды жауып шыққан. Өрнектердің әрқайсысы – молшылықты, күш-қуатты, берекені білдіретін терең мағынаға ие. Жанеркенің айтуынша, Шымкентте құрақ тігетін шеберлер көп болғанымен, сапа мен ықылас басты өлшем. «Істі махаббатпен істесең, еңбегің еш кетпейді», – дейді ол. Әр көрпені тіккенде оны өз баласындай қимайтынын жасырмайды.
Бір көрпені тігуге шамамен бір ай уақыт кетеді. Түрлі-түсті құрақтардан құралған мұндай көрпелер жасауға, тойға, қоныс тойға жиі тапсырыс беріледі, кейде бірден бірнеше жиынтық алынады. Жуырда Жанерке Әділова қайтарымсыз грант ұтып алып, өндірісін кеңейтуге қажетті құрал-жабдықтар – кесте тігетін машина, оверлок, екі өндірістік тігін машинасын сатып алған. Бұл оның үйдегі шағын ательесінен толыққанды цехқа қадам басуына мүмкіндік беріп отыр. Мемлекеттің креативті индустриядағы шағын және орта бизнесті қолдау саясатының нақты нәтижесі де – осы. Сонымен қатар, ол балалар мен жас аналарға арналған шеберлік сабақтарын өткізіп, өз білгенін үйретуден де жалықпайды.
Көрмеде ұлттық өнердің тағы бір көне әрі терең саласы – гобелен де кеңінен таныстырылды. Бұл өнердің философиясын Қазақстан Суретшілер одағының Шымкент филиалының төрағасы, суретші әрі қолданбалы өнер шебері Әбдумүтәліп Ахметов әңгімелеп берді. Оның айтуынша, қолданбалы өнер – көшпелі қазақтың өмір салтымен біте қайнасқан құбылыс. Киіз үйдің өзінен бастап, оның ішкі жабдықтары – алаша, текемет, құрақ, ала-киіз, гобелен – бәрі де тұрмыстық қажеттілікпен қатар эстетикалық талғамды білдірген.
Әбдумүтәліп Ахметовтің гобеленге келуі де тегін емес. Анасы алаша тоқыған, өзі бала кезінен жіп тартып, өрмекке көмектескен. Сол көріністер жадысында мәңгі сақталып, кейін кәсіби жолын айқындауға әсер еткен. Театр-көркемсурет институтын бітірген ол живопись пен мүсінді де байқап көргенімен, түпкілікті таңдауы гобеленге түскен. Оның айтуынша, гобелен тоқу – жай ғана қол еңбегі емес, жанды тыныштандыратын, ойды тазартатын философиялық процесс. Түстер эскиз бойынша таңдалғанымен, дайын жұмыс әрдайым күтпеген ішкі әуезге ие болады.
Бұл шығармашылықта оған жары, суретші Сәуле Ахметова серік. Екеуі идеяны бірге талқылап, эскиз жасап, гобеленді де бірлесе тоқиды. Шабытты олар табиғаттан алады. Оңтүстіктің жасыл даласы, асқақ таулары, асау өзендері гобелен тілінде өзінше сөйлейді. Жарты ғасырдан астам еңбектің нәтижесінде дүниеге келген елуге жуық туындысы бар шебер ұлттық гобеленге деген сұраныс ешқашан азаймайтынын айтады. Себебі ол – жай интерьер заты емес, ұрпақтан ұрпаққа өтетін рухани мұра. Табиғи, мықты жіптен тоқылған гобелен ондаған жылдар бойы өңін жоғалтпай, отбасылық шанырақтың тарихын сақтайды.
Көрмеде дәстүрлі өнермен қатар, заманауи бағыттағы шығармашылық та назардан тыс қалмады. Соның бірі – қыш өнері. Жас керамист Жансая Орынбасарова көрмеге өз бұйымдарын ұсынып қана қоймай, қышшы дөңгелегінің қасында тікелей шеберлік сабағын өткізді. Оның кәсіби жолы да тосын. Медицина мамандығын меңгергенімен, жүрегі өнерге тартқан. Ақыры ежелгі, табиғи материалмен жұмыс істеуге мүмкіндік беретін қыш өнерін таңдаған. Өзі үйреніп, бүгінде толық жабдықталған жеке студиясын ашқан. Алматыдан қызыл саз балшық алдырып, интерьерге арналған түрлі бұйымдар жасайды. Дегенмен, ең үлкен сұраныс – шеберлік сабақтарына.
Әсіресе, жұптарға арналған романтикалық сабақтар ерекше танымал. Жастар студияға келіп, бірге ыдыс жасап, сол сәтті фото-видеоға түсіріп, естелік ретінде алып кетеді. Кейбір жұптар айына бірнеше рет келіп, әр жолы жаңа бұйым жасайды. Балаларын ертіп келетін ата-аналар да аз емес. Мұндай сабақтардың тәрбиелік, терапиялық маңызы зор. Сазбен жұмыс баланың ұсақ моторикасын, шыдамдылығын, кеңістіктік ойлауын дамытады. Ең бастысы – бала өз қолымен жасаған дүниесін мақтанышпен үйіне алып кетеді.
«Қара шаңырақ» көрмесінде ұсынылған әрбір оқиға, әрбір шебердің тағдыры бір шындықты айқын көрсетті: табыстың сыры – тек шеберлікте емес, дәстүрге жан бітіруде. Құрақтың құндылығы, гобеленнің мәңгілігі, саздың терапиясы – бәрі де өткен мен бүгінді жалғап тұрған алтын көпір. Қазақстан халқы Ассамблеясының мәдениетаралық диалог пен ұрпақ сабақтастығын нығайту жолындағы жүйелі жұмысы осы тірі үрдісті қолдап отыр. Сол себепті Шымкенттің мәдени мұрасы тек сақталып қана қоймай, жаңарып, жас қазақстандықтардың жаһандық әлемде өз болмысын жоғалтпай, бәсекеге қабілетті болуына қызмет етіп келеді. Қара шаңырақтың оты өшпей, керісінше, маздай түсуі – осының айғағы.
Дилара БИМЕНОВА
