1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Шымкент қаласының Орталық саябағы ерекше мерекелік көңіл-күйге бөленді. «Bala Shym» өнер фестивалі аясында бүлдіршіндер өнерін паш етіп, саябақты қиял-ғажайып әлеміне айналдырды.
Қаламыздың өнер мектептері мен оқушылар сарайының үйірмелері көрермендерге арнап сурет салу, қолөнер, хореография және вокал бағыттарындағы шығармашылық жұмыстарын ұсынды.
Фестиваль барысында саябақ аумағында балалар үшін түрлі қызықты және мазмұнды алаңшалар жұмыс істеді. Кішкентай қонақтар үшін арнайы балалар ойын алаңы, «Ертегілер елі» театрландырылған көрмесі, ұлттық және интерактивті ойындар алаңдары ұйымдастырылды. Балалар шаттанып, көңілді уақыт өткізді. Сондай-ақ, өнерпаз балалардың қатысуымен өткен мерекелік концерт мерекенің шырайын келтірді.
Шарада қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек сөз сөйлеп, балалардың шығармашылығы мен жетістіктерін жоғары бағалады.
– Балалар – біздің болашағымыздың кепілі. Мемлекетіміз бала шыр етіп дүниеге келгеннен ержетіп өскенге дейін бар жағдайын жасап отыр. «Келешек депозиті» сынды мемлекеттік бағдарламалар – балалардың өмірін жақсартуға, олардың білім мен шығармашылыққа құштарлығын арттыруға бағытталған маңызды қадам. Бүгінгі мерекелік шара да балалар үшін, – деді Сәрсен Абайұлы.
Сонымен қатар, Сәрсен Құранбек спорттық сайыстарда жетістікке жеткен мектеп оқушыларын марапаттап, оларға ақшалай сертификаттар табыстады. Бұл марапаттар олардың еңбегіне берілген лайықты баға, жаңа жетістіктерге жетелейтін үлкен серпін берді.
Осылайша, «Bala Shym» өнер фестивалі балаларға шаттық сыйлап қана қоймай, олардың өнерге деген құштарлығын арттыруға үлес қосты десек болады.
Салтанат ЖАМАЛДИНОВА