
Орталықтандырылған балалар кітапханалар жүйесінің №3 кітапхана бөлімшесінде Шоқан Уәлиханов атындағы жалпы орта мектебінің 4 «ә» сынып оқушыларымен, мұғалімдерімен және мектеп кітапханашыларымен бірге ақын, қазақ балалар әдебиетінің көрнекті өкілі, балалар жазушысы Сапарғали Бегалиннің туғанына 130 жыл толуына орай «Балалар әдебиетінің алыбы» атты әдеби іс-шара өткізілді.
Іс-шараның мақсаты – балаларды көркем әдебиетке баулу, кітапқа деген қызығушылығын ояту, тіл байлығын молайту. С.Бегалин 50-ге жуық әннің сөзін жазған. Халық ақындары Иса, Шашубай, Төлеу, Доскей шығармаларын сұрыптап, кітап етіп бастырып, тұңғыш рет олардың өмірбаянын жазған.
Сапарғали Ысқақұлы зерттеуші, оқымысты-фольклорист ретіндегі туындылары өз алдына бөлек әңгіме. Қаламгердің шығармалары терең мазмұнды, көркем тілімен ерекшеленіп, шынайы өмір көріністерін бейнелейді.
Іс-шараны кітапханашы кіріспе сөзбен ашып, жазушының өмірі мен шығармашылығын қысқаша түсіндіріп, «Балалар әдебиетінің бәйтерегі» атты бейнеролик көрсетілді.
Әдеби іс-шара 3 кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде оқушылар ақынның өлеңдерін жатқа айтты. Екінші кезеңде жазушының «Бала Шоқан», «Сәтжан», «Көксегеннің көргендері», «Бала мерген» атты шығармаларынын үзінділер оқыды. Шоқан Уәлихановтың өмірінен алынған «Бала Шоқан» шығармасын балалар қызыға оқып, талқылады. Ал, үшінші кезеңде жазушының өз естеліктері және С.Бегалин туралы өзге ақын-жазушылардың жазған естеліктері тыңдалды.
Іс-шара соңында мектеп кітапханасының меңгерушісі Ләззат Самзаева сөз сөйлеп, қорытындылады. Мұнан кейін кітапханашы «Жас ұрпақтың сүйікті жазушысы» атты кітап көрмесімен таныстырды.
Айтулы іс-шара қазақ балалар әдебиетін насихаттаудың, мәдени мұраны сақтаудың және жас ұрпаққа жазушы шығармашылығын таныстыруға септігін тигізді.
Дәмелі ТҰРЫМБЕКОВА,
Шымкент қалалық ОБКЖ №3 кітапхана
бөлімшесінің меңгерушісі
