Редакция таңдауы

Балаларға от пен судан қауіп көп

Шымкент қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Бала қауіпсіздігі – басты назарда!» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. Баспасөз мәслихатына Шымкент қаласы төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Сергей Огай, мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Нұрболат Педен және азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы, майор Нұржан Қаракөзов қатысты.

Спикерлердің айтуынша, елімізде 22 мамыр мен 1 маусым аралығында «Қазақстан балалары» атты онкүндік іс-шарасы өтті. Осы онкүндік аясында балалардың құқықтарын қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау басты мақсат етіп алыныпты.

Осыған байланысты шаһарда «Балалардың қауіпсіздігі – басты назарда» атты республикалық акция ұйымдастырылды. Ауқымды іс-шараның ашылуы «Наурыз» алаңында өткен. Іс-шараға ата-аналар, балалар, төтенше жағдайлар қызметінің мамандары, шығармашылық ұжымдар мен қала тұрғындары белсене қатысты. Онла заманауи өрт сөндіру және құтқару техникалары көрсетіліп, ТЖД бөлімшелерінің қызметі таныстырылған. Сонымен қатар профилактикалық әңгімелер, викториналар, спорттық эстафеталар және мәдени-ойын-сауық бағдарламалар ұйымдастырылып, балаларға қуаныш сыйланды.

«Жалпы алғанда, қала мектептерінде, балабақшаларда, саябақтарда және халық көп жиналатын орындарда 27 іс-шара өткізілді. Бұл іс-шараларға 4000-ға жуық бала қатысты. Барлық жұмысқа Шымкент қаласы ТЖД-нің жеке құрамы мен арнайы техникалары жұмылдырылды», – деді Нұрболат Педен.

Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына ерекше көңіл бөлінген. Сауда орталықтарында, автовокзалдарда және қоғамдық орындарда балалардың қауіпсіздігіне арналған бейнероликтер көрсетілді. Бұқаралық ақпарат құралдары да бұл шараға кең қолдау көрсетіп, телеарналар мен интернет-ресурстар арқылы кеңінен насихат жүргізіпті.

Бұдан бөлек, қала аумағында орналасқан өрт сөндіру бөлімдерінде 1000-ға жуық адамды қамтыған 22 ашық есік күні ұйымдастырылып, интернаттар мен мектеп оқушыларына қауіпсіздік ережелері түсіндірілді. 1 мамырдан бері барлығы 216 іс-шара өткізіліп, 82 830 бүлдіршін мен олардың ата-анасы қамтылған. БАҚ-да бұл туралы 136 материал жарық көрген. «Бұл акция тек бір реттік іс-шара емес. Бұл 1 шілдеге дейін жалғасады. Алдағы уақытта ата-аналар мен балаларға арналған оқыту семинарлары, тренингтер мен қауіпсіздік сабақтары жалғасын табады. Мақсат – балаларға қауіпсіздік мәдениетін ерте жастан үйрету», – деді ол.

Ал, Нұржан Қаракөзов биылғы шомылу маусымына дайындық барысын баяндады. Оның айтуынша, су айдындарында адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – департаменттің маңызды міндеттерінің бірі. Ауа райының қолайлы болуына байланысты халық суға ерте шомыла бастайды. Сондықтан сәуір айынан бастап алдын алу іс-шаралары күшейтілген.

Биыл республикада 30-ға жуық адам суға батып кеткен, олардың ішінде балалар да бар. Ал Шымкент қаласы аумағында әзірге мұндай оқиға тіркелген жоқ. Бірақ былтыр қалада екі қайғылы жағдай тіркелген, біреуі – бала. Сондықтан шомылу маусымына дайындық аясында бірқатар іс-шаралар атқарылмақ. Шымкент қаласы әкімдігінің қаулысы негізінде барлық мүдделі органдарға судағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған нақты іс-шаралар жоспары бекітіліп отыр. Соның негізінде 105 рет рейд ұйымдастырылып, құқық бұзушыға ӘҚБтК-нің 412-бабымен 13 762 теңге көлемінде айыппұл салынған. «Судағы қауіпсіздік» тақырыбында бейнероликтер әлеуметтік желілерде, автобустарда, кинотеатрларда және LED экрандарда көрсетіліп жатыр. Сонымен қатар 112 нөмірі арқылы тұрғындарға күнделікті ескерту хабарламалары жіберіледі екен.

Бассейндермен келісім негізінде балаларды жүзуге тегін үйретуге арнайы сабақтар ұйымдастырылып жатыр. Қатысушылардың тізімі алдын ала дайындалады. Шомылуға тыйым салынған орындардың саны 13-тен 30-ға дейін ұлғайтылады. Бұл өзгерістер Ашық НҚА порталында жарияланып, әділет департаментіне ұсынылғаны айтылды. Бұны маусым айында мәслихат бекітетін болады.

Нұржан Қаракөзовтің мәліметінше, бүгінгі күнге дейін 98 рейд ұйымдастырылып, 8955 жадынама мен үнпарақ таратылған. Бұқаралық ақпарат құралдарында 15 телесюжет, 13 мақала, 85 әлеуметтік желідегі жарияланым жарық көрді. Сондай-ақ, 11025 парақша мен буклет тұрғындар арасында таратылғаны хабардар етілді.

« Қала аумағындағы шомылу маусымына байланысты барлық қауіпсіздік іс-шаралары қыркүйек айының соңына дейін жалғасады. Бұл жұмыстар азаматтардың, әсіресе балалардың өмірін сақтауға бағытталған», деді спикер.

Сергей Огайдың сөзінше, қалада балалар мен ересектердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған іс-шаралар кең көлемде және жүйелі түрде жүзеге асырылып жатыр. Жауапты органдар мен еріктілердің, БАҚ өкілдерінің, білім беру ұйымдары мен ата-аналардың белсенді қатысуы бұл бастамалардың нәтижелі болуына ықпал ете алады. Сондықтан өмір қауіпсіздігін бала кезден қалыптастыру үшін ескертуге ересектер уақытында назар аударып, болашақ қауіпсіз қоғамның кепілін құруға атсалысуға тиіс.

Жадыра МҮСІЛІМ

Соңғы жаңалықтар