Редакция таңдауы

Баласы бақытты елдің болашағы жарқын

Балалық шақ – адам өміріндегі ең шырын шақтың нақ өзі. Дәл осы кезде салауатты, табысты әрі бақытты өмірдің негізі қаланады. Психолог мамандар бүлдіршін кезі қорқыныш пен үрейге, ауыртпалыққа толы болған, мейірімге шөлдеп өскен баланың есейгенде де бақытты болуы, айналасына мейірім шуағын шашуы екіталай екенін алға тартады. Сондықтан балаға қамқорлық танытып, оның тұлға ретінде дамуына жан-жақты қолдау көрсету – қоғамның қастерлі міндеті.

Жақында еліміздің Оқу-ағарту министрлігі балалар игілігі индексінің аралық қортындыларын жариялағаны мәлім. Министрліктің мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда балалардың құқықтық тұрғыда қорғалу көрсеткіші 90 пайызға жетіпті. Балаларды қорғау күні қарасаңында жеткен осынау жағымды жаңалық еліміздің дұрыс бағытта дамып келе жатқанын дәлелдейтін тағы бір көрсеткішке айналып отыр.

Бүгінде Шымкент қаласында 1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай көптеген игілікті іс-шара өтіп жатыр. Мәселен, Жастардың уақытын тиімді ұйымдастыру орталығында «Бар жақсымыз – балаларға!» атты мерекелік іс-шара өтті. 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған бұл игі мерекені Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы ұйымдастырды.

Балалардың бойына рухани құндылықтарды сіңіре отырып, олардың шығармашылық қабілетін дамыту, ұлттық мәдениетке қызығушылығын арттыру және бос уақытын мазмұнды, тәрбиелік мәні бар іс-әрекеттермен толықтыруды мақсат тұтқан іс-шараның маңызы жоғары. Сонымен қатар, балалардың қоғамдағы рөлін насихаттау, құқықтары мен мүдделерін қорғау маңыздылығы да назардан тыс қалмады.

Мерекелік кеш барысында балаларға арнап төрт бөлімнен тұратын қызықты әрі танымды бағдарлама ұсынылды. Атап айтқанда, «Біз бақытты баламыз» атты балалардың сурет салу сайысы, поэзияны жалғастыру, авторын анықтау және өлеңнің атауын табу сынды «Ойлы болсаң, озып көр!» зияткерлік ойыны және оқушылардың дәстүрлі ән, би, көркем сөз өнерін көрсетуге арналған «Ән – көңілдің ажары» бөлімі бар. Бұдан кейін балалар «Ұлттық ойындар» бөлімінде балалар арқан тартыс, асау мәстек, қойшы мен қасқыр сынды қазақтың дәстүрлі ойындарына белсенді қатысты.

Іс-шараға жүзден астам оқушы ата-аналарымен бірге қатысып, ұлттық өнер мен ойындар арқылы ұмытылмас әсер алды. Балалар үшін арнайы тәтті сусындар мен сыйлықтар ұсынылды. Ұлттық ойындарда жеңіске жеткен балалар арнайы марапаттарға ие болды. Ал барлық қатысушыға әділ бағасын берген қазылар алқасы да жұмысына жауапкершілікпен қарады.

Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы директорының орынбасары Райхан Алтыбаеваның айтуынша, балаларға мерекелік көңіл сыйлап қана қоймай, ұлттық тәрбиені сіңірудің мәні зор. Сол үшін Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты Жастардың уақытын тиімді ұйымдастыру орталығымен бірлесіп ұйымдастырылған бұл мерекелік іс-шараға жүзден астам бала ата-аналарымен қатысты. Өнер көрсеткен оқушыларға арнайы сыйлықтар мен марапаттар табысталды.

«Президент тапсыр-масы негізінде біз балалардың болашағына қолдау білдіре отырып, рухани тұрғыда дамуына жағдай жасауды мақсат етеміз. Жаңа Қазақстанның жаңа ұрпағы – жан-жақты білімді, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, бәсекеге қабілетті болуға тиіс. Біз осы жолда еңбектеніп келеміз және әр баланың жарқын болашағына сенеміз», деді ол.

Мерекелік кеш балалардың көтеріңкі көңіл күйімен, ән-күй мен күлкіге толы сәттерімен есте қалды. Мұндай тәрбиелік мәні зор іс-шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын таппақ.

Жадыра МҮСІЛІМ

Соңғы жаңалықтар