Мемлекет басшысы үстіміздегі жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялай отырып, осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажеттігіне баса көңіл бөлді. Сондай-ақ жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихат жұмысы өркендейтіндігіне сенім білдірді.
Президент өзінің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты жолдауында: «Қазақстан халқы қазір мүлде жаңа саяси жағдайда өмір сүруде. Соңғы бес жылда ауқымды реформалар жасалды. Еліміздің саяси жүйесі түбегейлі өзгерді. Жұрттың сана-сезімінде бетбұрыс болып жатыр. Халықтың құқықтық мәдениеті артып келеді. Азаматтардың бойында жаңа әдеттер, дағдылар қалыптасып, жаңа құндылықтар орнығуда. Саяси және қоғамдық болмысымыз, менталитетіміз және мәдени кодымыз өзгере бастады, – деді.
Жолдаудың «Еліміздің кадрлық әлеуетін біртіндеп арттыру өте маңызды» атты бесінші бағытында экономиканы білікті мамандармен қамтамасыз ету жайында аса өзекті міндетті жүктей отырып, ең алдымен, су, энергетика, құрылыс және басқа да салаларда қатты байқалып отырған кадр тапшылығын жою қажеттігін еске салды.
Айтылған мәселенің ел дамуына тигізетін аса маңыздылығына Ленинградтағы педиатрлық медициналық институтының (қазіргі Санкт-Петербург мемлекеттік педиатрлық медицининалық университеті) 1989 жылғы түлегі, медицина ғылымының кандидаты Салтанат Әбдіразаққызы Сақыбаева былайша пікір білдірді.
– Иә, еліміздің кадрлық әлеуетін біртіндеп арттыру қажет. Осы мәселеге келгенде, біз көбіне кең де ауқымды кеңселерде отырған төраға, төрайым, басшы тұлғаларды елестетеміз. Енді, Мемлекет басшысының жолдауына қараңыз. Онда: «Қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі», – дейді. Бұл әңгіме «кадрлық әлеуеттен» бірде-бір кем емес қой.
Мұндай тұщымды ойды менің санама бірнеше жыл, тіпті, зейнет жасына дейін ауылшаруашылығы саласында тер төгіп кеткен қадірлі әкем Әбдіразақ Сақыбайұлы сіңіріп кетті. Ол кісі мансап жолында қандай биікке көтерілсең де өзіңді осы орынға сені лайық деп бағалап әрі өздеріне тиісті қызметін адал атқарып жүрген жұмысшыларға деген ілтипатыңды жоғалтпау жайлы жиі айтатын. Олардың арасында өз ісіне мығым, кәсіби білікке бейім, еңбекқорлық қасиеттері өте жоғарылары назардан тыс қалмауы тиістігін шегелеп отыратын. Өзінің түрлі сала басшылары мен жоғары орындардан алған марапаттауларын «мұның бәрі өз жұмысшысының еңбегін бағалай білетін сондай басшылардың бергені» деп, өзінен бұрын сол кісілерді алға тартып отыратын. Дәл осындай насихаттау идеясының жұмысшы мамандық иелері үшін алатын ерекше орны жөнінде Жолдауда айтылды.
Әрине, мұның бәрі, түптеп келгенде ұлт менталитетінің және мәдени кодымыз өзгере бастағанын көрсетеді.
Ел дамуының жаңа кезеңіне өтуіне жол ашатын халықтың әлеуметтік жағдайын, денсаулық сақтау салаларын жақсартумен қатар сапалы білім беру мәселесі басты тақырыптардың бірі болды. Президент білім беру жүйесін жетілдірудің маңыздылығын атап өтіп, Қазақстанның әлемдік деңгейдегі білім беру стандарттарына сай болуын қамтамасыз ету үшін бірқатар нақты шараларды ұсынды.
«Білім беру» дегеннен шығады, біз, 1980 жылдары Қазақстаннан барған бір топ талапкер Ленинградтағы педиатрлық медициналық институтына түсіп кеттік. Жоғары оқу орнындағы алғашқы сабақтар өте қиынға соқты. Қазақ тілінше жазу тұрғай, баламасы жоқ медициналық терминдерді жаттауға тура келді. Тіпті, осындай қиыншылықтарға төзімі жетпей, басқа оқу отындарына ауысып кеткендер де болды. Осы жағдайларды айтып келгенімде балабақша мен кітапхана жұмысына көп жылын берген, биыл 82 жасын қарсы алып отырған анам Құттықыз Жаманқұлқызы білім жолының ешқашанда оңай болмағанын алға тартып, «сабыр түбі – сары алтын» деген халық нақылынан сүйеніш табуға ақыл қосты.
Құдайға шүкір, ол ауыртпалықтар да артта қалды. Әйтсе де тиянақты білім алудың мән-мағынасы әлі де тереңдей түсуде. Білім алудағы әр нақты қадам елдің болашақтағы дамуы үшін шешуші мәнге ие болды. Талапты жастардың өз білімін ұштауда білім саласының қайсы сатысын таңдауы өз еркінді. Ол университет бола ма, колледж бола ма, ең бастысы ондағы білім беру сапасының жоғарылығы, олардың халықаралық рейтингтердегі орнының нығаюы басты міндетке қойылған. Академиялық еркіндікті қамтамасыз ете отырып, білім беру мекемелерінің заманауи технологияларды қолдануын және студенттердің қажетті дағдыларды меңгеруін қолдау қажет. Мемлекет басшысының жолдауында ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамытуға, ғылым саласының әлеуетін арттыру мақсатында ғылым мен білімді біріктіру, инновациялық жобаларға қолдау көрсету керек. Нәтижесінде елдің экономикалық дамуын арттыру үшін ғылыми зерттеулер мен жаңа технологияларды өндіріске енгізу кезек күттірмейтін мәселе екені айтылды.
Қазақстанның ұзақ мерзімді дамуының тағы бір кепілі – жұмысшы мамандықтарының әлеуетін, қызмет көрсету мәдениетін көтеру. Расына келсек, біз қандай лауазымды иеленсек те халыққа қызмет көрсету майданының жауынгерлеріміз. Осы жолда Шымкент қаласында орта медицина қызметкері, облыстық денсаулық сақтау басқармасының аға педиатры, бас маманы, бас педиатры міндеттерін атқардым. Кәсіптік шыңдалудың арқасында 1992 жылы қаладағы «Қарлығаш» балалар туберкулезге қарсы диспансерінің бас дәрігері лауазымын сеніп тапсырды. Мүнда алты жылдай еңбек етіп, 2004 жылы облыстық туберкулезге қарсы диспансеріне бас дәрігер болып келдім.
Айтып отырсам, осы мекемелердің бәрінде сыртқы ауладан бастап, ғимараттың ішкі құрылысындағы ең жауапты тетіктердің қалыпты жұмыс істеуі білікті жұмысшы кадрлардың жауапкершілігіне жүктелді. Ауладағы гүлдің жайқалып тұруынан бастап, көгалды алаңшаларды уақтылы суландыру, аяқ жолдардың тазалығы, қақпаның мүлтіксіз ашып-жабылуы солардың қолдарының ептілігімен қоса еңбекке деген тазалығының арқасында жүзеге асып жатты. Сондықтан да ол мамандарды мекеменің негізгі құрамынан тыс санамай лайықты марапаттарға ұсындық. Көтермелеп, қолдау көрсетіп, қуаттап отырды. Міне, соның арқасында диспансердің ауласы сынық ине табылатындай таза, гүл жұпары аңқып тұрды, Ал, айналасы таза жерде жұмыс жасайтындардың көңіл күйі қашанда жоғары болатыны белгілі.
Көрдіңіз бе, біз еңбек өнімділігінің артуына еңбегі сырттай байқала бермейтін, кей жерлерде бағалана да бермейтін жұмысшы мамандарын тиімді пайдалана отырып, қол жеткіздік.
Бір ғана мысал, аулада райхан гүлі орналасқан танаптың топырағын жаңарту керек. Ол үшін кетпен, күректен басқа арнайы тырма, түрлі қолғап, ағаш үгіндісі, қол арба секілді қосымша заттар керек. Осыларды алдын ала дайындау барысында маманның білгірлігіне қоса жер өңдеуге деген ұқыптылығы қажет. Әрине, мұндай қажеттіліктерге қаржы бөлу де алдын ала қарастырылуы тиіс.
Басшы қызметінде отырғанда осы секілді ішкі-сыртқы абаттандыру, тазалықты реттеу тетіктерінде білікті кәсіби жұмысшы мамандардың қажеттілігін терең түсіндім. Баяғы әкемнің айтқан ақылының мәніне де көз жеткіздім. Жұмысшыларға деген ілтипатымның жоғарылауына олардың өздерінің тапсырылған істі қалтқысыз атқаруға деген талпынысы көп әсерін тигізді.
Кейін мемлекеттік мекемелерден жекеменшік ұжымдардың іс-тіршілігімен танысуға ден қойдым. Шымкенттің өкпе тұсына орналасқан доктор Орынбаев атындағы медициналық орталықтың бас дәрігері лауазымын жарты жылдай атқарып, «ҰларҮміт» жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-на басшының сату жөніндегі орынбасары қызметіне келдім. Қаржылық басқару саласында жинақтаған тәжірибем осыдан кейін басқарған облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің алға басуына көмектесті.
Өзіме таныс орта «Қарлығашқа» қайта оралып, «таныс орта, таныс маңда» бес жылдан аса атқарған қызметін Салтанат Сақыбаева бүгінде Қожа Ахмет Ясауи атындағы мемлекеттік қазақ-түрік университетінде, жұқпалы аурулар кафедрасының аға оқытушысы ретінде жалғастырып келеді.
Кафедра меңгерушісі Әукенқызы Гүлмира аға оқытушының адами табиғатының тазалығына, өз мамандығына деген талапшылдығына, жаңалыққа жаны жақындығына сүйсінісін білдірді. Университетің нақты секторларымен байланысын нығайта отырып, инновациялық саясатты үйлестіруге атсалысып келеді.
Иә, инновацияға серпін беретін мұндай қадам әр салаға керек-ақ.
Салтанат Әбдіразаққызы – кезінде «Қарлығаш» балалар санаторийін өз қолымен жаңа ғимаратқа қоныстандырып, туберкулезге қарсы балалар облыстық санаторийіне айналдырған батыл істің адамы. Әр кезеңде «Шапағат», «Қазақстан Конституциясына – 10 жыл», «Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі» атанған Салтанат Сақыбаеваның инновациялық саясатты үйлестіруде үлкен табыстарға жетері кәміл.
Атанбек НАУРЫЗ