Қазіргі таңда Шымкент қаласында тұрғын үй кезегінде ресми түрде тіркелген азаматтар саны 53 297 адамды құрап отыр. Бұл өңірде баспана мәселесінің әлі де өзекті екенін көрсетеді.
Былтыр қала әкімдігі жыл соңына дейін 1 000 азаматты арендалық (жалдамалы) пәтермен қамтамасыз етуді жоспарлаған болатын. Оның ішінде 803 азаматқа пәтер кілттері табысталып, қалған 197 пәтер биылғы жылдың еншісіне қалдырылған-ды. Яғни, бұл пәтерлер 2025 жылы иелерін табуға тиіс.
Бүгінде қалада тұрғындарды жалдамалы тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасын табуда. Құрылыс басқармасының мәліметіне сүйенсек, 2025 жылы кезекте тұрған 379 азаматты жалдамалы пәтермен қамту көзделіп отыр. Сонымен қатар, тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың тізімі нақтыланып, жүйеленуде. Жүргізілген түгендеу жұмыстарының нәтижесінде, 6 972 азамат тұрғын үй кезегінен шығарылды.
Қазіргі таңда Шымкентте жалдамалы тұрғын үйге төленетін ақының бір бөлігі субсидиялануда. Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2024 жылғы 17 маусымдағы №221 бұйрығына сәйкес, елімізде тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды қолдау мақсатында жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялау тетігі енгізілді. Мұны халықтың әлеуметтік осал топтарының тұрғын үй жүктемесін азайтуға бағытталған маңызды әлеуметтік шара деуге болады.
Аталған бұйрыққа сәйкес, жалдау ақысы бойынша субсидия алу құқығына ие азаматтардың қатарына жетім балалар, көпбалалы отбасылар, I және II топ мүгедектері, сондай-ақ мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар кіреді. Олар тұрғын үй алу кезегінде ресми тіркеуде болуы тиіс.
2025 жылға аталған бағдарлама аясында 552,3 миллион теңге көлемінде қаражат қарастырылған. Бұл қаржы әлеуметтік осал топтардың тұрғын үй жалдау шығындарын жеңілдетуге бағытталып отыр. Шымкент қаласы бойынша 2 906 отбасыға жалпы сомасы 230 миллион теңге көлемінде субсидия берілген. Сала мамандары бұл бағдарлама аясында қолға алынған алғашқы ірі қадамдардың бірі екенін айтады.
Жалпы мұндай бастама тұрғын үй жалдау құнын жеңілдетіп қана қоймай, әлеуметтік осал топтардың өмір сүру сапасын жақсартуға, олардың тұрақты баспанамен қамтамасыз етілуіне септігін тигізеді. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан бұл қолдау шарасы алдағы уақытта да жалғасып, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге бағытталған маңызды құралдардың біріне айналмақ.
Жалдамалы тұрғын үй беру бағдарламасы жалғасуда
Шымкентте жұмыс істейтін жастар үшін жалдамалы тұрғын үй беру бағдарламасы жалғасын табуда. Толығырақ айта кетейік, 2019 жылдан бастап Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жүзеге асырылып келе жатқан жұмыс істейтін жастарға арналған тұрғын үй бағдарламасы – еліміздің жастарына үлкен мүмкіндік беретін маңызды әлеуметтік жоба болып табылады. Яғни, аталмыш бағдарлама аясында жастарға сатып алу құқығынсыз жалдамалы пәтерлер ұсынылады.
Бағдарламаның мақсаты – еңбек етіп жүрген жастарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету арқылы олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту. Шымкент қаласында бұл бастама нәтижелі іске асып келеді. Мәселен, 2019 жылдан бері Шымкентте 3 849 жас отбасы осы бағдарлама аясында жалдамалы пәтерге қол жеткізді. Тарқатыңқырап айтар болсақ, 2020 жылы – 904, 2021 жылы – 300, 2022 жылы – 857, 2023 жылы 888 және 2025 жылы 900 отбасы жалдамалы пәтер иесі болды.
Бастапқы кезеңде тұрғын үй 5 жыл мерзімге жалға берілсе, 2023 жылдан бастап бұл мерзім 3 жылға қысқартылды. Мұндай өзгерістің өз кезегінде жастардың баспаналы болуына мол мүмкіндік тудыратыны сөзсіз. Сонымен қатар, бағдарлама жастарға тек уақытша баспана ұсынумен шектелмей, олардың еңбек нарығында орнығуына, болашаққа сеніммен қарауына ықпал етеді.
Жеңілдетілген несиелік тұрғын үй бағдарламалары жемісті жүзеге асуда
Былтыр Шымкент қаласында мемлекеттік жеңілдетілген несиелік бағдарламалар аясында тұрғын үймен қамту жұмыстары қарқынды жүргізілді. Айталық, «2-10-20» және «5-10-20» бағыттары бойынша барлығы 1 577 пәтерге келісімшарттар ресімделді.
Тұрғын үй құрылысын одан әрі дамыту мақсатында Шымкент қаласының құрылыс басқармасы 2025 жылға ауқымды жоспарлар жасады. Соның нәтижесінде 3 592 пәтерден тұратын 57 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілмек. Бұл – қаладағы тұрғын үйге деген сұранысты азайтуға бағытталған нақты қадамдардың бірі.
Сондай-ақ, тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды қолдау мақсатында іске асырылып жатқан «Қамқор» бағдарламасы да өз жалғасын табуда. 2023 жылы аталған бағдарламаға жергілікті бюджеттен 3 млрд теңге бөлініп, нәтижесінде «Отбасы банк» АҚ арқылы 150 азамат баспаналы болған-ды. Ал, 2024 жылы 400 өтінім берушіні тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін қала бюджетінен 5 млрд теңге, «Отбасы банк» тарапынан 3 млрд теңге, жалпы соммасы 8 млрд теңге қаржы бөлінді.
Бұйыртса, 2025 жылға арналған жоспар бұдан да ауқымды болмақ. Жергілікті билік пен қаржы институттарының бірлескен қолдауының арқасында 500 өтінім беруші азаматқа пәтер алу мүмкіндігі беріледі деп күтілуде. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 7 млрд теңге, «Отбасы банк» тарапынан 3 млрд теңге қарастырылды.
Әлеуметтік осал топтарға тұрғын үй сертификаттары табысталуда
Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары аясында азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында Шымкент қаласында тұрғын үй сертификаттарын беру жұмыстары жалғасып келеді. Яғни, бұл «2-10-20» және «5-10-20» сияқты жеңілдетілген несиелік бағдарламалар шеңберінде тұрғын үй сатып алу кезінде ипотекалық қарыз бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабуға арналған жергілікті атқарушы органның ақшалай көмегі. Ол қайтарымсыз негізде беріледі. Оның мөлшері 1 миллион теңгеден аспайды және бірыңғай көлемде ұсынылады.
Былтыр осы мақсатқа жергілікті бюджеттен 500 миллион теңге бөлініп, нәтижесінде 552 азаматқа жалпы сомасы 499,9 миллион теңгеге тұрғын үй сертификаттары берілді. Әлеуметтік көмек алған азаматтардың 153-і І және ІІ топ мүгедегі, 104-і мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасы мүшесі, 27-сі жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала, 121-і көпбалалы отбасы мүшесі, 51-і толық емес отбасыдан шыққан және 96-сы бюджеттік мекеме қызметкері.
Биыл тұрғын үй сертификаттарына 500 миллион теңге көлемінде қаржы қарастырылып, 16 қаңтардан бастап өтінім қабылдау жүргізілді. Бүгінге дейін 111 азаматқа жалпы сомасы 105,7 миллион теңге көлемінде тұрғын үй сертификатты берілді. Пәтерлерді жекешелендіру процесі цифрлық форматта жүргізілуде.
Шымкент қаласында азаматтардың мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген пәтерлерін жекешелендіру KEZEKTE.KZ веб-порталы арқылы электронды форматта жүзеге асырылуда. Яғни, «Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлерді жекешелендіру» мемлекеттік қызметі аясында әрбір азамат электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦП) көмегімен портал арқылы қажетті құжаттарын онлайн түрде тапсыра алады. Былтыр жекешелендіру бойынша 201 өтінім қабылданған болатын. 157 азамат пәтерінің құнын төлеп, жеке меншікке ресімдеген. 31 азаматтың пәтері өтеусіз негізде заңға сәйкес жекешелендірілген. 13 азаматқа өтінімдері бойынша бас тарту берілді.
Ал, биыл жыл басынан бүгінге дейін 245 өтінім келіп түскен. Соның нәтижесінде, 28 азамат пәтерін төлем арқылы жекешелендірді. 206 азаматтың пәтері өтеусіз түрде жекешелендірілді. 11 азаматқа өтінімдері бойынша бас тарту жасалды. Қорыта айтқанда, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген пәтерлерді жеке меншікке айналдыру тетігінің тұрғындар тарапынан белсенді қолдау тауып отыр. Сонымен қатар, бұл процесстің цифрлануы жекешелендіру рәсімін айтарлықтай жеңілдетуде.
Көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттері жаңартылуда
Шымкент қаласында қала келбетін жақсарту және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттерін жаңарту жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. 2024 жылы қаланың басты көшелерінде орналасқан 69 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеті ағымдағы жөндеуден өтті. Тарқатып айтар болсақ, Қаратау ауданында – 25, Тұран ауданында – 7, Әл-Фараби ауданында 37 үйдің сырт келбеті жаңарып, қаланың сәулеттік келбеті жақсара түсті.
Ал, ағымдағы жылы негізгі көшелерде орналасқан 59 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеттері жөнделмек. Жоспарға сәйкес Әл-Фараби ауданында – 20, Тұран ауданында – 31, Еңбекші ауданында 8 үйдің қасбеті жөндеуден өткізілетін болады. Мұндай жүйелі жұмыстар Шымкент қаласының сәулеттік дамуына, сондай-ақ, тұрғындардың жайлы әрі қауіпсіз ортада өмір сүруіне тікелей әсер етуде.
Дилара БИМЕНОВА