Шымкентте балалар мен жасөспірімдердің спортпен айналысуына қолайлы жағдай жасау, балалар спортын дамыту мақсатында жыл сайын бұқаралық және спорттық іс шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.

Мәселен, өткен оқу жылында «Шымкент жастар лигасы» ұйымдастырылып, мектеп оқушылары арасында спорттың 9 түрінен бақ сынады. Оның ішінде футбол, футзал, волейбол, баскетбол, гандбол, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, үстел теннисі бар. Аталған жарыс 6 мыңға жуық оқушыны қамтыды.
18 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында әуесқой лига жарыстары, қала біріншіліктері тұрақты түрде өткізіледі. 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында спорттың 22 түрінен 40-қа жуық қала біріншілігі өткен. Мамандардың айтуынша, аталған жарыстарға 3500 жасөспірім қатысқан. Сондай-ақ, жазғы кезеңде балалардың бос уақытын тиімді пайдалану, спортқа баулу мақсатында аула чемпионаттары мен жазғы лагерьлер ұйымдастырылды.
ҚР ішкі істер министірлігінің Шымкент қаласы полиция департаменті тарапынан есепте тұрған жасөспірімдердің жаңа тізімі ұсынылды. Онда қаланың 5 ауданы бойынша кәмелетке толмаған 198 бала бар. Департамент ұсынған тізім бойынша кәмелетке толмағандарды спорттық секцияға тарту жұмыстары жүргізілді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде ұсынылған тізімдегі 45 бала 9 түрлі спорт секциясына – футбол, волейбол, жекпе-жек, қазақ күресі, дзюдо, жүзу, шахмат, дойбы, каратэге қатыстырылды. Алайда, 78 бала көрсетілген мекен-жайдан табу мүмкін болмаған. Ал, 75 бала отбасылық және денсаулық жағдайына байланысты спорттық секциялар мен шығармашылық үйірмелерге қатыса алмайтыны туралы қолхат алынды.
