
Құрылғанына үш жылдың жүзі болған Тұран ауданында халыққа қажетті қолайлы жағдайлар жасалып жатыр. Халық қатысатын бюджет жобасы, инфрақұрылым, абаттандыру, жол-көлік инфрақұрылымы, жалпы барлық бағыттарда тиісті жұмыстар қолға алынған. Бұл ретте, аудан әкімдігіндегі әрбір қызметкердің еңбегі айрықша. Тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдау, азаматтармен кері байланыс орнату, олардың мәселелерін жүйелі түрде шешуде мемлекеттік қызметкерлерге зор жауапкершілік жүктелген.
Өз жұмысын адал атқарып, сенім үдесінен шығып жүрген мемлекеттік қызметкердің бірі – Бақберді Қалмырзаев. 2022 жылдан бері Тұран ауданы әкімі аппаратының басшысы лауазымын атқарып жүрген Бақберді Әмзеұлы жұмысты ұйымдастырудағы негізгі қағидалары, мемлекеттік қызметтегі жауапкершілік, әділдік, өмірлік тәжірибелері жөнінде бізге кеңірек әңгімелеп берді.

– Бақберді Әмзеұлы, мемлекеттік қызмет жолында жалпы қандай баспалдақтардан өттіңіз?
– Мемлекеттік қызметке келуім саналы таңдау болды. Жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін өз мамандығым бойынша еңбек жолымды ОҚО ішкі саясат басқармасының операторы қарапайым маман қызметінен бастадым. Алғашқы жылдары тәжірибе жинап, бас маман, бас инспектор, бөлім басшысы сынды сатылардан өттім. Әр кезеңнің өз қиындығы мен үйреткен сабағы болды. Сол жылдары халықпен тікелей жұмыс істеу, олардың мәселесін тыңдап, шешу жолдарын іздеу маған үлкен тәжірибе берді.
– Бүгінгі мемлекеттік қызмет азаматтарға қандай талаптар қойып отыр?
– Бүгінгі мемлекеттік қызмет – бұл, ең алдымен, елге адал қызмет етудің, халық сенімін ақтаудың үлкен жауапкершілігі. Қоғам дамыған сайын мемлекеттік басқару жүйесіне қойылатын талаптар да артып келеді. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметші болу – тек тұрақты жұмыс орнына ие болу емес, ол жоғары кәсіби деңгей мен азаматтық ұстанымды, адалдық пен әділдікті талап ететін мәртебелі міндет. Сондықтан мемлекеттік қызметке келетін әрбір азамат өзіне жүктелетін жауапкершілікті терең сезініп, ел мүддесін жеке басының мүддесінен жоғары қоя білуі тиіс.
Бүгінде мемлекеттік қызметке үміткер азаматтардан кәсіби білім мен тәжірибеден бөлек, жоғары моральдық-этикалық қасиеттер талап етіледі. Ашықтық, әділдік, адалдық пен заңға құрмет – мемлекеттік қызметтің басты қағидаттарына айналды. Мемлекеттік қызметші кез келген жағдайда заң талаптарын басшылыққа алып, әділ шешім қабылдай білуі қажет. Қызмет барысында сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу, қызметтік әдепті сақтау, қоғам алдындағы жауапкершілікті сезіну – әрбір мемлекеттік қызметкер үшін бұлжымас талап.
Сонымен қатар, қазіргі заман мемлекеттік қызметшілерден заманауи ойлау қабілетін, цифрлық сауаттылықты және өзгерістерге тез бейімделе білуді талап етеді. Цифрландыру дәуірінде мемлекеттік қызмет көрсету форматы айтарлықтай өзгеріп, көптеген қызметтер электронды форматқа көшті. Осыған байланысты мемлекеттік қызметкерлер жаңа технологияларды меңгеріп, ақпараттық жүйелермен жұмыс істей алуы тиіс. Бұл – халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын арттырып, уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді.
Мемлекеттік қызметтің басты мақсаты – халыққа қызмет ету. Сондықтан азаматтардың өтініштері мен арыз-шағымдарына бейжай қарамау, әрбір мәселені мұқият қарастырып, дер кезінде әрі нақты жауап беру – негізгі міндеттердің бірі. Халықпен тиімді коммуникация орната білу, олардың мұң-мұқтажын түсіну, ашық диалог жүргізу – мемлекеттік қызметшінің кәсіби бейнесін айқындайтын маңызды факторлар. Мемлекеттік қызметкер халыққа жақын болып, олардың сеніміне ие болған жағдайда ғана қызметтің нәтижесі жоғары болады.
Жауапкершілік деңгейі жоғары болғандықтан, әрбір қабылданған шешімнің салдары бар екенін естен шығармау қажет. Қызметтік немқұрайлылық немесе салғырттық қоғам тарапынан сынға ұшырап қана қоймай, мемлекеттік басқару жүйесіне деген сенімге нұқсан келтіруі мүмкін. Сондықтан әрбір қызметкер өз ісіне жауапкершілікпен қарап, кәсіби этика мен тәртіпті қатаң сақтауы тиіс. Бүгінде мемлекеттік қызметкерлерге осындай көптеген талаптар қойылып отырғаны – заман талабы.
Өз біліктілігімізді арттыру – мемлекеттік қызметтегі тиімді жұмыстың басты шарттарының бірі. Себебі заман күн сайын дамып, жаңа талаптар мен міндеттер пайда болуда. Осыған байланысты жаңа білім мен дағдыларды меңгеру, кәсіби деңгейімізді үздіксіз жетілдіру аса маңызды. Ол үшін түрлі оқу курстарына қатысу, семинарлар мен тренингтерге бару, кәсіби жаңалықтарды тұрақты түрде қадағалап отыру қажет. Мемлекеттік қызметте табысты еңбек ету тек тәжірибеге ғана емес, үздіксіз даму мен өзін-өзі жетілдіруге тікелей байланысты.
Бүгінгі мемлекеттік қызмет – жоғары жауапкершілік пен адалдықты, кәсібилік пен жаңашылдықты талап ететін сала. Ел игілігі үшін еңбек етуді мақсат тұтқан әрбір азамат осы талаптарға сай болуға ұмтылып, халық сенімін ақтауға бар күш-жігерін салуы тиіс. Тек осындай жағдайда ғана мемлекеттік қызмет қоғам дамуының сенімді тірегіне айналады.
– Жұмысты жүйелеуде қандай бастамаларыңыз, ұсыныстарыңыз болды? Есте қалған оқиғалар, қызықты жағдайлар болса айтып өтсеңіз.
– Тұран ауданы 2022 жылы жаңадан құрылған сәтте алғашқылардың бірі болып, ауданның аппарат басшысы ретінде жұмысқа кірдім. Ол кезде ғимаратымыз жоқ, қызметкерлер әлі келмеген. Аудан туралы ақпараттарды жаңадан жасақтап, барлығын зерттеген сәттеріміз болды. Жұмысты жүйелеу барысында ең алдымен ішкі тәртіп пен нақты жауапкершілік аймақтарын айқындауға кірістік. Әр бөлімнің міндетін нақтылап, құжат айналымын біріздендіру, цифрлық жүйелерді тиімді пайдалану бойынша бірқатар бастамалар ұсынылды. Сондай-ақ, тұрғындармен кері байланысты күшейту үшін қабылдау мен өтініштерді қарау тәртібі жолға қойылды. Аудан жаңадан құрылған кезеңде тұрғындардың көпшілігі қай мәселе бойынша қай мекемеге жүгіну керегін білмей, бірден әкімдікке келетін. Сол кезде әр өтінішті жеке қарап, бағыт-бағдар беріп, мәселесін шешуге көмектескен сәттер болды. Есте қалған ерекше жағдайлар – тұрғындардың алғысы мен сенімін сезінген сәттер. Бұл – кез келген мемлекеттік қызметші үшін ең үлкен күш-жігер деп айтар едім. Қызығы мен шыжығы қатар жүретін мемлекеттік қызметте әр күн оқиғаларға толы болады. Бәрі де тұрғындарға қолайлы жағдай жасау, халықтың мәселесін шешу үшін жасалып жатқан жұмыс болғаннан кейін кейде уақытпен санаспай еңбек ететін сәттер де көп. Мемлекеттік қызметтің қиындығы мен қызығы да осында шығар.
Тұран ауданының жер көлемі 36 300 га. Жалпы 21 шағын аудан, 39 357 үй мен 544 көпқабатты тұрғын үйде 232,7 мың халық бар. Сонымен қатар, 1229 көше мен 293 әлеуметтік нысан орналасқан. Жаңадан құрылған аудан болғандықтан, алғашқы кезеңде ең алдымен әкімдіктің құрылымын қалыптастыру, білікті кадрларды іріктеу және жұмыс жүйесін жолға қою бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Халыққа сапалы қызмет көрсету үшін тәжірибелі әрі жас, жігерлі мамандардан құралды. Бастапқыда инфрақұрылымды ұйымдастыру, құжат айналымын реттеу, жаңа аумақтар бойынша деректерді жүйелеу сияқты бірқатар қиындықтар болды. Алайда бірлескен жұмыстың, жауапкершіліктің және нақты жоспардың арқасында бұл мәселелер кезең-кезеңімен шешімін тапты. Бүгінде Тұран ауданының әкімдігі тұрғындармен тығыз байланыс орнатып, тұрақты жұмыс жүйесіне көшті.
Тұран ауданы – қаладағы әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан қарқынды дамып келе жатқан аймақтардың бірі. Ауданымызда инфрақұрылымдық жобалар қарқынды жүріп жатыр: жол жөндеу, абаттандыру, жарықтандыру, ауыз су, табиғи газ, электр жарығымен қамту, кәріз жүйесімен қамтамасыз ету, цифрлық қызметтерді енгізу бағытында үлкен жұмыстар атқарылуда.
– Аудан әкімі аппаратында жұмыс істеуде қандай өзгешеліктер, ерекшеліктер бар? Аумақтағы басты жетістіктерді айтып өтсеңіз.
– Аудан үшін негізгі жетістіктердің бірі – қысқа уақыт ішінде басқару жүйесінің толық қалыптасып, халыққа қызмет көрсету үдерісінің жолға қойылуы. Аудан аумағында әлеуметтік нысандар, инфрақұрылым және абаттандыру бағытындағы жұмыстар бойынша нақты жоспарлар жасалып, олардың орындалуы тұрақты бақылауға алынды.
2025 жылдың өзінде 118 көшенің бойына 62,3 шақырымды құрайтын аяқжол салынды. Ирригациялық жүйе бойынша жалпы 153 көшеге 114 шақырымдық суағар құрылысы жүргізілді. Биыл аудан аумағында көпқабатты тұрғын үй ауласына 238 жаңа жарықшам орнатылды. 32 балалар ойын алаңшасы, оның ішінде 19 балалар ойын алаңшасы, 13 ашық спорт алаңшасы салынды. Аудан аумағында 5 нүктеде гүлзар құрылысы, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары іске асты. Сонымен қатар, 9 мурал салынып, 48 үйдің қасбеті жарықтандандырылды. «Таза
Қазақстан» акциясы аясында 70 -тен астам сенбілік ұйымдастырылып, оған 117 мыңнан астам тұрғын, сондай ақ 382 мекеме мен кәсіпорын қатысты. Нәтижесінде, 442 аула тазаланып, 656 тонна тұрмыстық қалдық шығарылды. 72 техника тартылып 3 мың түп тал егілді. Аудан бойынша 3610 қоқыс жәшігі орнатылды.
Бұдан бөлек, аудан құрылған 3 жыл ішінде 1039 көше жарықтандырылып, 372 көшеге асфальт қабаты төселді. Осылайша аудандағы жарықтандыру және көшелерге асфальт төсеу мәселесі шешімін тапты.
Аудан әкімінің аппаратында жұмыс істеудің басты ерекшелігі – жаңа аумақпен жұмыс істеуіне байланысты жауапкершіліктің жоғары болуы және шешім қабылдауда жеделдіктің қажет етілуі. Мұнда әр қызметкер бірнеше бағытты қатар алып жүреді, бұл кәсіби тұрғыда тез шыңдалуға мүмкіндік береді.
Жұмысты ұйымдастыруда жаңашылдық ретінде жоспарлау мен бақылаудың заманауи тәсілдері енгізілді. Апта сайынғы талдау, нақты индикаторлар арқылы бағалау және бөлімдер арасындағы үйлесімді әрекетке басымдық берілді. Сонымен қатар, тұрғындармен тікелей байланысқа шығу тәжірибесі күшейтіліп, ашықтық пен тиімділік басты қағидаға айналды.
– Мемлекеттік қызметке келетін жастарға қандай ақыл-кеңес айтасыз?\
– Мемлекеттік қызметке келетін жастарға айтар ақыл-кеңесім – ең алдымен білімге ұмтылып, өз болашағына саналы түрде қарай білу. Қазіргі қоғамда табысты болу үшін тек дипломмен шектелмей, үнемі ізденіс үстінде жүру қажет. Білім – мемлекеттік қызметтегі басты құрал, ал оны тәжірибемен ұштастыра білген жас маман ғана ел игілігі үшін нәтижелі еңбек ете алады. Сондықтан жастарға нақты мақсат қойып, сол мақсатқа жету жолында табандылық пен еңбекқорлық таныту аса маңызды.
Қай салада болмасын адал еңбек ету мен жауапкершілікті терең сезіну – әрбір жасқа қойылатын басты талап. Мемлекеттік қызмет – халық сенімі артылған ерекше сала болғандықтан, мұнда немқұрайлылық пен салғырттыққа орын жоқ. Әрбір қабылданған шешімнің артында азаматтардың тағдыры, қоғамның дамуы тұрғанын ұмытпау керек. Осыны жете түсінген жас маман өз міндетіне байыппен қарап, заң мен әділдік қағидаттарын басшылыққа алады.
Елдің дамуына үлес қосамын деген ниет болса, бүгінгі таңда мемлекет тарапынан жастарға беріліп жатқан мүмкіндіктер жеткілікті. Түрлі білім беру бағдарламалары, тағылымдамалар, жастар кадр резерві, кәсіби даму курстары – мұның барлығы жас мамандардың әлеуетін ашуға бағытталған. Ең бастысы – осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, өз қабілетіңді ел мүддесіне жұмсай білу. Белсенділік танытып, бастамашыл болу да жастарға тән қасиет болуы тиіс.
Сонымен қатар, туған жерге, қоғамға бей-жай қарамау – нағыз азаматтың белгісі. Өз өлкесінің, елінің дамуына атсалысу, әлеуметтік мәселелерге немқұрайды қарамай, қоғамдық өмірге белсенді қатысу жастардың азаматтық позициясын қалыптастырады. Мемлекеттік қызметке келген жас маман халықпен етене араласып, олардың мұң-мұқтажын түсінуге, нақты көмек көрсетуге ұмтылғаны жөн.
Бүгінгі заман жастардан заман талабына сай білім мен дағдыны меңгеруді талап етеді. Цифрлық сауаттылық, жаңа технологияларды игеру, тиімді коммуникация орната білу – қазіргі мемлекеттік қызметкердің ажырамас бөлігі. Өзгерістерге бейімделе алатын, жаңашыл ойлайтын жастар ғана бәсекеге қабілетті бола алады. Осы тұрғыда жастарды үздіксіз даму мен өзін-өзі жетілдіруге, кәсіби деңгейін арттыруға шақырамын.
Қорытындылай келе, мемлекеттік қызметке келемін деген әрбір жас өзіне жоғары талап қойып, елге адал қызмет етуді басты мақсат етуі тиіс. Білімге ұмтылу, адал еңбек, жауапкершілік пен отансүйгіштік – мемлекеттік қызметтегі табыстың негізгі кепілі. Осындай ұстанымды өмірлік қағидасына айналдырған жастар еліміздің болашағын жарқын етуге өз үлесін қосатыны сөзсіз.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Ә.АЙТӨРЕ
