
Журналистика – адалдық пен азаматтықтың, ұлтқа деген жанашырлықтың тоғысқан мекені. Сол биіктен көрініп, өз дәуірінің айнасына айналған тұлғалардың бірі – «Шымкент келбеті» газетінің алғашқы редакторларының бірі Жұмамұрат Тұяқбаев (1938–2000). Ол егемендіктің алғашқы жылдарындағы қиын-қыстау кезеңде басылымның көшін түзеп, аяғынан нық тұрғызған жан.
Ж.Тұяқбаев 1938 жылы 10 қыркүйекте бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы, Қызылқұм ауданы, Шәуілдір ауылында дүниеге келген. 1961 жылы ҚазМУ-дің филология факультетінің журналистика бөлімін тәмамдап, журналистік жолын Целиноград облысының «Тың өлкесі» газетінде бастаған. Кейін Шымкент облыстық басылымдарында тілшіліктен бастап бас редакторға дейінгі түрлі жауапты қызметтер атқарды.
Қаламының қуаты мен көзқарасының тереңдігі арқылы өңір журналистикасын жаңа деңгейге көтерген ол «Шырай», «Сыбызғы сазы» атты кітаптардың және «Береке бастауы», «Жаныңда – жанашыр жақсы ағаң» секілді деректі туындылардың авторы болды. Еңбегі бағаланып, «Құрмет Белгісі» орденімен және бірнеше медальдармен марапатталды.
Ол өмірден озғанымен, артында өшпестей із қалдырды. Отырар топырағынан түлеп ұшып, облысқа, тіпті республикаға танылған Жұмамұрат ағамыздың есімі мен еңбегі уақыт өткен сайын қадірленіп келеді. Биыл 35 жылдығын атап өтіп жатқан «Шымкент келбеті» мен «Панорама Шымкента» газеттерінің шежіресіне алтын әріппен жазылған оның редакторлық кезеңі – өңір журналистикасының өркендеу дәуірі десек болады.
Өмірде көргені мен көңілге түйгені мол қаламгер туралы замандастарының, ағаның ізін басқан шәкірттерінің естелігі аз емес. Солардың бірі – белгілі журналист, Түркістан облыстық «Оңтүстік Қазақстан» қоғамдық-саяси газетінің директор – бас редакторы Абай Балажаның жүрекжарды естелігін оқырман назарына ұсынамыз.

– Қазақ баспасөзінде мықты редакторлар аз болған жоқ. Көп болды. Әрқайсысының өзіне тән ерекшелігі, өз қолтаңбасы бар. Біріне-бірі ұқсамайды. Бірақ, соған қарамастан, олардың бәрі бірдей тарихта қала берген жоқ. Қазақ баспасөзінің өзі бір ғасырдан енді ғана асса да, сол кезеңдерде еңбек еткен тұлғалардың ішінде есімі ұмытылмай, шынайы ізі қалғаны санаулы. Менің пікірімше, солардың қатарында «Шымкент келбеті» газетінің бас редакторы болған Жұмамұрат Тұяқбаевтың есімі ерекше аталуы тиіс, – деп бастады әңгімесін Абай ағамыз.
– Бұл кісінің атын бұрыннан естіп жүретінмін, бірақ, жеке өзім оны 1984 жылдан бастап жақсы тани бастадым. Журналистикадағы алғашқы қадамымды 1983 жылы Отырар ауданында бастадым. Ол кезде аудандық газет «Қызылқұм» деп аталатын, кейін «Отырар алқабы» болды. Сол жылдары жиі айтылатын, «Біздің елден шыққан журналистер көп қой – Темірбеков, Әлшереев, Оразхан Жарқынбеков, ағайынды Тұяқбаевтар…» деген сөздерді талай естігем.
Бір жылдан соң мен «Оңтүстік Қазақстан» газетіне ауыстым. Сол кезде Жұмамұрат Тұяқбаев бас редактордың бірінші орынбасары еді. Онымен небәрі бір жылдай қызметтес болдым. Ашық айтайын, басында ол кісі маған аса ұнамаған. Әрине, жас болдық, еркіндікке, жылы сөзге үйреніп қалған кез. Ал Жұмамұрат аға – өте қатал адам еді. Қатал болғаны соншалық, жас журналистер оның көзіне түспеуге тырысатынбыз. Кейде жиналысына қатыспай қалуға сылтау іздейтінбіз. Ол кісі үнемі саған разы емес сияқты көрінетін. Біз болсақ, арқадан қағып, дем беретін, жылы сөйлейтін адам іздейміз ғой. Ал, Жұмамұрат Тұяқбаев ондай емес еді. Арқаңнан қағу былай тұрсын, бір қателік жіберсең , аяп жатпайтын. Бірақ, ол қатты айқайлап ұрыспайтын. Бәрін салмақпен, зілмен айтатын. Сол екі-үш ауыз сөздің өзі есіңнен кетпей қалатын.
1989 жылдары бір жағдай болды. Сол кезде қаталдықтың артында кәсіби талап пен тәртіп жатқанын сол кезде түсіндім. Ол кісі бізді тәрбиелеп, шыңдаған ұстаздай болды. Жалпы, ол кездегі журналистердің көбі аудармамен өсті. Аударма – нағыз мектеп. Ол журналисті ширатады, стилін қалыптастырады, қысқа да нұсқа жазуға, ойды дәл жеткізуге үйретеді. Бір күні орыс тіліндегі бір күрделі материал келді. Ол кезде интернет жоқ, тек екі томдық орысша-қазақша сөздік бар. Соған сүйеніп отырып аудардым. Бірақ, не жазғанымды өзім де түсінбедім… Өзің түсінбеген нәрсені жұртқа түсіндіре алмайсың ғой. Шикі дүние болды. «Кемшілігі болса, өзімді шақырып алып, өзіме ұрсады» деп ойладым. Бірақ, олай етпеді. Ертесіне лездемеде барлығының көзінше «Мынауың не», «Деңгейлерің осы ма» деп ұрысты. Қара терге түстім. Кіріп кететін тесік жоқ. Содан мен «Бұл кісі мені жек көреді, жек көрген соң мені осылай жерге тығады» деп ойладым. Содан арамыз салқындау болды. Амандасамыз, бірақ, басқаға бармаймыз…
Әлі есімде, 1986 жылғы оқиғадан соң, бір айдан кейін Кеңсайда вандализм болды. Өзге ұлт өкілдері екі жүзден астам қабірді аударып, төңкеріп кеткен. Қазақтардың ашу-ызасын келтірген. 1987 жылы көктемде кітап дүкендеріне Исраил Сапарбаевтың «Жүрегіме ұя салған қарлығаш» атты кезекті жыр кітабы түсті. Керемет. Ішінде «Ұлым, мені Кеңсайға қойма, өтінем, Аулаққа да әкетпе әулетімнен» деп басталатын өлең болды. Әлгі оқиғаға байланысты жазылған өлең екен.
Сол кезде корректор болып істейтінмін. Сол кітапты оқып бола сала сол кітапқа рецензия жаздым. Апарып өткіздім. Сол аптада жариялады. Өйткені, ол кезде «корректорлардың материалы шықсын» деп, оң көзқараспен қарайтын. Мен Жұмамұрат Тұяқбаевты өлең оқитын адам деп ойламаппын. Келесі лездемеде менің мақалам талданды. «Керемет жазылыпты» деп, мақталды. Сөйтіп, лездемеден кейін алдымнан шығып қалды. «Сен маған кірші» деді. «Қап, құдай-ай, тағы ұрсатын болды ғой» деп ойладым. Отырды да «Мақалаңды оқыдым. Кітаптың ішінде «Ұлым, мені Кеңсайға қойма, өтінем» деген өлең бар еді ғой, бәрін жазыпсың да оны неге қалдырып кеттің?» деп сұрады. «Ол туралы неге пікіріңді айтпадың?» деді. Мен таңқалдым. «Мына кісі поэзия оқиды» екен ғой, кітаптың шыққанына бір апта ғана болды. Ол кезде саясаттың қылышынан қан тамған кез. «Саясат бар, басқа бар, баспайтын шығар деп ойладым» дедім. «Кітапқа шыққан, олар қорықпағанда сен қорықтың ба не?» деді. Менің сол күннен бастап Жұмекеңе деген пкірім 180 градусқа өзгерді. Сөйтсем, ол кісі мені жек көрмейді екен. Керісінше, жақсы көрген екен. Ал, жақсы көрген адамын тезірек өссін, қатарға қосылсын деп шыңдайды ғой. Отқа да салады, суға да салады. Қазір қарап отырсам, мен өмірде өзімді арқамнан қағып, мақтаған ағаларыма қарағанда, ұрысқан ағаларымнан көбірек үйреніппін. Егер бір дәрежеге жетсем, сол қатал ағаларымның, сол талапшыл ұстаздарымның арқасы деп есептеймін.
Дәл сол сәтте ол кісі мен үшін нағыз ұстазға айналды. Өзімнің кісі танымайтыныма, адамды сыртынан ғана бағалайтыныма көзім жетті. Шын мәнінде, мен оны мүлде тани алмаған екенмін. Кейін ол кісі мені талай нәрсеге үйретті. Мен өмірде көп адамды ұстаз тұттым, бірақ соның ішінде ерекше есте қалған – дәл осы адам.
Жұмамұрат Тұяқбаев мықты, реформатор редактор болды. Қазақ журналистикасында жақсы редакторлар көп дедім ғой, бірақ реформатор редакторлар саусақпен санарлық. «Шымкент келбеті» газеті алғаш ашылғанда оның алғашқы редакторы – Мәлік Абылаев деген жігіт еді. Кейіннен газетті Тұяқбаев қабылдап алды. Сол сәттен бастап басылымның бет-бейнесі түбегейлі өзгерді. Бұл оның алғашқы редакторлық қызметі болатын.
Қазір «Шымкент келбеті» қаланың ғана емес, елдің жүрегінен орын тапқан басылымға айналды. Әрине, одан кейін де редакторлар келді, олардың еңбегін жоққа шығаруға болмайды. Дегенмен, бұл газеттің іргетасын мықтап қалаған – Тұяқбаев. Оны неге реформатор дейміз? Өйткені «Шымкент келбеті» қалалық газет болғанымен, Тұяқбаев тар шеңберде қалмады. Ол қаланың ғана емес, күллі қазақтың мәселесін көтерді. Сол кезде интернет те жоқ, газетті республика көлемінде тарату да оңай емес еді. Соған қарамастан, ол бүкіл қазақты елең еткізді. Осылайша, Тұяқбаев өзінің нағыз редактор екенін дәлелдеді. Ол әділдікті бәрінен жоғары қойды. Бәлеқорлық пен өсекке жоқ, шындықтың жағында тұратын азамат еді. Редакторлық қызмет оңай емес қой. Газет шыққанша бір өледі, шыққан соң тағы бір өледі. Бірақ ол сол қиындықтардың бәрінен абыроймен өтті. Ешқашан жалтарған жоқ, жасқанған жоқ. Соңына дейін әділдіктің жолында тұрды.
Өмірде өте қарапайым адам болды. Қайтыс болғанда көпқабатты үйдің үш бөлмелі пәтерінен шықты. Қазір кейбіреулер журналистиканы кәсіп, табыс көзі деп қарайды. Ал ол кісілер үшін журналистика – адалдықтың жолы еді. Өйткені олар өздері адал болған соң ғана адалдық туралы жаза алды.
Мен өзімді азамат әрі редактор ретінде дәл осындай адамдардың тәлімін, тәрбиесін көргеніме бақыттымын деп есептеймін.
Тұяқбаевтың 60 жылдық мерейтойы Ж.Шанин атындағы театрдың ескі ғимаратында өтті. Ол кезде мен «Оңтүстік Қазақстан» газетінде бас редактордың орынбасары едім. Сол шараға редактор бара алмайтын болып, орнына мені жіберді. Көпшіліктің алдына жиі шығып сөйлемегендіктен бе, Жұмамұрат ағама деген шынайы құрметімді толық жеткізе алмадым. Көп нәрсе айтқым келген еді, бірақ сөздің бәрі көмейде тұрып қалды. Сол сәтте Темірбек Қожекеков аға, «Еш уайымдама, жүрегің айтып тұр ғой» деді.
Ол сөз менің есімде мәңгі қалды. Арадан көп өтпей, Жұмекең ауырып, дүниеден өтті. Қазақ журналистикасына сіңірген еңбегі өлшеусіз еді. Біз Ахмет Байтұрсынұлы сынды ұлы ұстаздарды көрген жоқпыз. Бірақ, өз көзіммен көріп, қол алысып, бір-екі ауыз тіл қатысқан 4-5 редакторды ерекше бағалаймын. Біріншісі – Шерхан Мұртаза. Шерағаңдай редактор ғасырда бір туады. Ол журналистикада шындық пен әділдіктің символы болды. Екіншісі – Қарағанды облыстық газетінің бас редакторы Нұрмахан Оразбеков, біздің жерлесіміз, Түркістанның тумасы. Бұл кісі нағыз рухани ерлік жасады. 1991 жылы Кеңес Одағы күйреп, ел не істерін білмей, барлық басылымдар абдырап қалған шақта, Нұрмахан аға бірінші бетке өзі мақала жазып, «Бұл — мемлекеттік төңкеріс» деп ашық айтты. Мақаланың соңғы сөйлемі әлі күнге есімде. «Бұл үшін барлық жауапкершілікті өзіме аламын. Ұжымға тиіспеңдер». Сөйтті де орнынан босады. Осы ерлігі арқылы ол өзін құрбандыққа шалып, қазақ журналистикасының әлем алдындағы абыройын сақтап қалды. Үшіншісі — Кәрім Үкібаев, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы. 1990 жылдары газет шығару – қой бағудан да қиын іс еді. Елде ақша жоқ, Кеңес Одағы күйреген, басылымдардың бәрі қиын жағдайда болатын. Бірақ, Кәрім аға сол қиындықта да газетті тоқтатпай, елдің үні болып қалуына бар күшін салды. Төртінші – Тұяқбаев. Өзім ерекше бағалайтын 4-5 редактор осы кісілер. Редактор деген бастық емес. Ол азап арқалаған адам. Азапты өз қалауымен арқалаған адам».
Осылайша, өмірін журналистикаға арнаған, сөз өнерінің биігінен көрінген Жұмамұрат Тұяқбаев жайлы сыр шерткен бұл естелік белгілі журналист Абай Балажанның ағасына деген ыстық ілтипаты мен құрметінің айғағы іспетті. Мақаланы мерейтой қарсаңында қаламыздың бас басылымы – «Шымкент келбетінің» 35 жылдығына арналған Абай ағаның ақжарма құттықтау лебізімен түйіндейміз.
– Ал, қадірлі әріптестер, «Шымкент келбеті», «Панорама Шымкента» газеттерінің ұжымы! Қаламыздың айнасына айналған, елдің сөзі мен көңілін тоғыстырған басылымның 35 жылдық мерейлі мерекесі құтты болсын! Отыз бес жыл – бір буынның ғұмыры. Осы жылдар ішінде «Шымкент келбеті» қаланың тынысын дәл басып, шындықтың жебесін қолда ұстап, ұлт мүддесі мен адам тағдырының сөзін сөйлеп келеді. Бұл – үлкен еңбектің, қаламның абыройы мен жауапкершіліктің жемісі. Бүгінгі ұжым да осы биік дәстүрді жалғап, елмен етене, халықпен бірге жасап келеді. Қаланың әр жаңалығы мен өзгерісінің ортасында болып, оқырман сенімінен шығу – үлкен мәртебе әрі сын.
«Шымкент келбеті» газеті – шаһар шежіресін жазып келе жатқан шынайы жылнама. Осы істеріңіз ел игілігіне жарай берсін! Қаламдарыңыз қарымды, ойларыңыз орамды, еңбектеріңіз жемісті болсын!
Салтанат ЖАМАЛДИНОВА
