Редакция таңдауы

Базарлар заманауи талапқа сай жаңғыртылуда

Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында апта ішіндегі маңызды жаңалықтарды журналистерге баяндап, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелерді талқылады.

Әкім орынбасары өз сөзінде жаңа оқу жылына дайындық барысына, спорт және мәдениет саласындағы жетістіктерге, жарнама кеңістігін ретке келтіру ісіне, сондай-ақ қайтарымсыз гранттарға өтінім қабылдау мен жұмыссыздықты азайту бағытында қолға алынған шараларға жан-жақты тоқталды. Сонымен қатар, қала тұрғындары мен кәсіпкерлері үшін маңызы зор мәселе – базарларды заманауи талаптарға сай жаңғырту жұмыстары да күн тәртібінде екендігін атап өтті.

Сәрсен Абайұлының айтуынша, қазіргі таңда Шымкент қаласының аумағында 19 базар жұмыс істейді. Оның ішінде 10 базар әмбебап бағытта, ал 9-ы мамандандырылған түрде қызмет көрсетеді. Қала әкімдігі бекіткен Жол картасы аясында 7 ірі базарды кезең-кезеңімен қайта жаңғырту жоспарланған. Олардың қатарында «Авто-Нұр», «Алаш», «Орталық Қырғы базар», «Самал», «Жабық базар», «Назым апа» және «Жаңа Шахар» базарлары бар. Бұл жобаның басты мақсаты – сауда орындарының инфрақұрылымын жақсартып, заманауи форматқа көшіру, санитарлық талаптарды күшейту және қала тұрғындары мен қонақтарына ыңғайлы сауда ортасын қалыптастыру.

Әкім орынбасары жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, толық аяқталу мерзімі 2025 жылдың желтоқсан айының соңына жоспарланғанын жеткізді. Бүгінде «Авто-Нұр» базарындағы жұмыстардың 60 пайызы орындалған. Мұнда ескі ғимараттар бұзылып, олардың орнына жаңа павильондардың қаңқасы тұрғызылған. Ішкі әрлеу жұмыстары да қатар жүргізілуде. Дәл осындай қарқын «Орталық Қырғы» базарында да байқалады. Қазіргі таңда базар аумағында шатыр орнату, ішкі әрлеу және заңсыз сауда орындарын реттеу жұмыстары атқарылып жатыр. Заңсыз нысандардың орнына жаңа үлгідегі павильондар салынып, саудагерлер үшін барынша қолайлы жағдай жасалуда. «Назым апа» базарында қазіргі уақытта сауда орындарын демонтаждау жүріп жатыр. Бұл жерде алдағы уақытта жаңа форматтағы сауда алаңдары бой көтермек. Ал «Жабық базардың» эскиздік жобасы келісіліп, құрылыс жұмыстары басталған. Бұл нысан да қала тұрғындары үшін жаңа, ыңғайлы және санитарлық талаптарға сай сауда кеңістігіне айналуы тиіс. Сондай-ақ, қаладағы «Көктем» базарына қатысты да айтарлықтай өзгерістер бар. Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 20 желтоқсандағы шешіміне сәйкес, 0,2410 гектар жер телімі мемлекет мұқтажы үшін қайтарылатын болып белгіленген. Осыған байланысты, аталған базарда сауда жасап келген 56 кәсіпкер көршілес орналасқан жаңа үш қабатты «Көктем 88» сауда орталығына толықтай көшірілді. Бұл қадам да саудагерлердің қызметін жаңа деңгейге көтеріп, тұтынушыларға қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Сәрсен Құранбек базарларды жаңғырту тек сауда орындарының сыртқы келбетін өзгертумен шектелмейтінін, бұл – қаланың жалпы сәулеттік бейнесін жақсартып, экономикалық белсенділікті арттыруға ықпал ететін кешенді жоба екенін атап өтті. Оның айтуынша, заманауи сауда алаңдарының қалыптасуы санитарлық-гигиеналық талаптардың орындалуын қамтамасыз етіп қана қоймай, көлік қозғалысын реттеуге, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін арттыруға және шағын бизнестің дамуына серпін береді. Әкім орынбасары сөзінің соңында Шымкенттің қарқынды дамып келе жатқан мегаполис екенін, ал базарларды жаңғырту – осы дамудың маңызды бөлігі екенін жеткізді. «Біз үшін басты мақсат – тұрғындар мен кәсіпкерлерге барынша қолайлы, қауіпсіз және заман талабына сай сауда ортасын қалыптастыру. Жаңғырту жұмыстары аяқталған соң, Шымкенттің базарлары мегаполиске лайық жаңа форматта қызмет көрсетеді», – деді ол.

Гүлжауһар БАЖАҚАЙ

Соңғы жаңалықтар

betwinner melbet megapari megapari giriş betandyou giriş melbet giriş melbet fenomenbet 1win giriş 1win 1win