Редакция таңдауы

Бейбітшілік пен бірлік Жолындағы үнқатысу

Шымкент қаласындағы «Достық» үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 34-сессиясында айтылған құндылықтарды насихаттауға бағытталған «Біздің қоғамдағы толеранттылық» атты семинар өтті. Іс-шараға қаламыздағы түрлі діни конфессиялар өкілдері, дінтанушылар, теологтар, қоғамдық ұйым мүшелері мен мемлекеттік органдардың қызметкерлері қатысты.

Семинардың негізгі мақсаты – Қазақстан халқының бірлігі мен татулығын нығайту, дін өкілдері арасында өзара түсіністік пен диалогты дамыту, сондай-ақ, қоғамда діни төзімділік мәдениетін қалыптастыру болды.

Іс-шараның ашылуында сөз алған Шымкент қаласы Дін істері басқармасының басшысы Бахтияр Өнербаев еліміздің тұрақтылығы мен бірлігі – әртүрлі дін мен ұлт өкілдерінің өзара сыйластықта өмір сүруінің нәтижесі екенін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде Шымкентте 12 конфессияны біріктіретін 32 діни бірлестік және 95 мешіт заңды түрде тіркеліп, өз қызметтерін еркін әрі ашық жүргізіп отыр. Бұл – мемлекеттің дін саласына қатысты бейтарап әрі әділетті ұстанымының көрінісі.

«Қазақстандағы дінаралық келісім – бұл жай ғана ұран емес, бұл – нақты күнделікті тәжірибеміз, мәдениетіміз бен дәстүріміздің ажырамас бөлігі. Бұл жетістікке біз бейбітшілік пен өзара құрметтің арқасында жеттік. Енді оны сақтау – бәріміздің ортақ міндетіміз», деді ол.

Семинар барысында түрлі діни бірлестіктердің өкілдері өзара тәжірибе алмасып, толеранттылықты насихаттау бағытындағы бастамаларымен бөлісті. Никольский кафедралды соборының діни қызметкері Александр Могилевский Қазақстанда түрлі ұлт пен дін өкілдерінің бейбіт өмір сүріп жатқанын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, мұндай тұрақтылыққа мемлекет пен қоғам арасындағы ашық диалог, өзара түсіністік пен қолдау арқылы қол жеткізіп отырмыз. «Қазір біз әлемнің көптеген елдерінде діни қақтығыстардың, төзімсіздіктің көрінісін байқап отырмыз. Ал, Қазақстанда керісінше, әртүрлі дін өкілі бір үстел басында отырып, пікір алмаса алады. Бұл – үлкен жетістік», деді ол.

Шымкент қаласы Бас имамы орынбасарының көмекшісі Мұсабек Ақтанберді ислам дінінің негізінде бейбітшілік пен кешірім жатқанын айтты. «Ислам – зорлық емес, ізгілік діні. Қасиетті Құранда «Дінде зорлық жоқ» деген қағида бар. Әр адам өз сенімін еркін таңдай алады, біз соған құрметпен қарауымыз керек», деді ол. Ал теолог, дінтанушы ғалым Бірліхан Оспанов діни сауаттылықты арттырудың маңыздылығына тоқталып өтті. Оның айтуынша, қазір қоғамда дінге қатысты түсінбестік пен радикал көзқарастар көбіне діни білімнің жеткіліксіздігінен туындайды. Ол мемлекет пен азаматтық қоғамның бірігіп, жастарға дұрыс діни тәрбие беруде белсенді жұмыс істеуі керектігін айтты.

Іс-шара барысында қатысушылар толеранттылық ұғымының тек діни салада емес, жалпы қоғамдық өмірде – отбасында, мектепте, көшеде, әлеуметтік желілерде де маңызды екенін атап өтті. Жастарды адамгершілікке, сабырлылық пен сыйластыққа тәрбиелеу арқылы ғана қоғамда тұрақтылықты сақтап қалуға болады. Жиынды қорытқан қатысушылар осындай іс-шаралардың жиі өткізіліп тұруы қажеттігін айтып, әртүрлі дін өкілдері арасында тұрақты диалог орнатудың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, діни бірлестіктер мен мемлекеттік құрылымдар арасындағы өзара ынтымақтастықты күшейтуге бағытталған нақты ұсыныстар талқыланып, бірқатар келісімдерге қол жетті.

Ж.ТҰРСЫНӘЛІҚЫЗЫ

Соңғы жаңалықтар