Редакция таңдауы

Білім – ұлттың басты құндылығы

Шымкентте білім саласына айрықша көңіл бөлінген. Қалада мемлекеттік қана емес, жекеменшік білім ошақтары да жылдан-жылға көбейіп келеді. Мұны сапалы білім беріп, саналы ұрпақ тәрбиелеуде ертеңімізге жасалып жатқан ең үлкен инвестиция деуге болады. Олардың әрқайсысы өз жемісін беріп, білім саласына жаңа серпін әкелетініне сенім мол. Орайы келгенде, біз балабақшадан колледжге дейінгі оқыту жүйесінде атқарылып жатқан жұмыстарға, алға қойылған міндеттердің орындалуына кеңірек тоқтала кетуді жөн көрдік.

2030 жылға дейін 70 мектеп салынады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында бюджет қаржысының басым бөлігі мектептер, емханалар мен маңызды инфрақұрылым нысандарын салуға және өзге де әлеуметтік міндеттерді орындауға жұмсалатынын айтқан болатын. Онда Президент елімізде 460 мың оқушыға арналған 217 жайлы мектеп салу жоспарланғанын ерекше атап өтті. Расында да бұл білім беру саласына нағыз серпіліс әкелген ауқымды жоба болды. Ол алдағы уақытта үш ауысымда оқытатын, тозығы жеткен мектептер мәселесін түбегейлі шешуге, орын тапшылығын жоюға мүмкіндік береді деп күтілуде.

Бүгінде Шымкент қаласындағы білім ошақтарында да орын тапшылығы сезіле бастағанын аңғару қиын емес. Сала мамандарының жүргізген зерттеулеріне зер салсақ, қалада 2030 жылға дейін қуаттылығы 54 920 орынға арналған 70 мектеп салу қажеттігі туындап отыр. Тарқатып айтар болсақ, 2025 жылы – 26015, 2026 жылы – 27104, 2027 жылы – 28277, 2028 жылы – 31590, 2029 жылы – 43632, 2030 жылы 31738 бала мектеп табалдырығын аттайтын болады. Ал, 2025 жылы – 15749, 2026 жылы – 16075, 2027 жылы – 23945, 2028 жылы – 23973, 2029 жылы – 26717, 2030 жылы 26683 оқушы мектеп бітіреді деп күтілуде. Осындай деректерді саралай келе жыл өткен сайын шаһардағы білім ұяларында орын жетіспеушілігі мәселесі күрделене түсетініне көз жеткізуге болады.

Мәселен, 2025 жылы 3316 балаға орын қажеттігі туса, келесі жылы бұл көрсеткіш 7770-ке, 2027 жылы 4952-ге, 2028 жылы 3969-ға, 2029 жылы 9291-ге өседі. Осындай жағдайды ескере келе, сала мамандары 2030 жылға дейін 70 білім ошағының құрылысын қолға алу қажет екенін алға тартады.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру мақсатында Шымкент қаласында 2025 жылға дейін 28 000 орынды 18 мектеп салу жоспарланған. Оның сегізі 2000 орынды, екеуі 1500 орынды, жетеуі 1200 орынды, біреуі 600 орынды болмақ. Одан бөлек, былтыр білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры арқылы 2 150 орынды 3 мектеп құрылысы бастау алған болатын. Оған қазынадан 7,9 млрд теңге қаралған-ды. Бұйыртса, бұл білім ұялары (атап айтар болсақ, №39 мектепке 375 орынды қосымша оқу корпусы, №50 мектепке 575 орынды қосымша оқу корпусы және «Тельман» шағынауданындағы 1200 орынды жаңа құрылыс) биыл ел игілігіне тапсырылады.

Қазіргі таңда қалада 10 мектепте орын тапшылығы байқалуда. Білім ошақтарында аталмыш мәселені шешу мақсатында жобалық-сметалық құжаттама дайындалды. Қажетті қаржы көлемі 19 млрд теңгені құрап отыр. ЖСҚ сараптамадан өтетін болса, осы білім ұяларында қосымша оқу корпусының құрылысы жүргізілетін болады.

Былтыр өңірде 5 білім ошағының (№8, 48, 80, 120 және аграрлық колледж) ғимаратына жергілікті бюджеттен 3,4 млрд теңге қаралып, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бүгінде 2025-2027 жылдар аралығында күрделі жөндеуді қажет ететін 24 мектеп анықталып отыр. Аталған мектептердің жобалық қуаттылығы 22 534 орынды құрайды. Ондағы оқушылардың саны – 36 166. Сала мамандары қазіргі таңда 12 мектеп ғимаратын күрделі жөндеуден өткізуге арналған жобалау-сметалық құжаттама дайын екенін айтады. Қажетті қаржы көлемі – 11 млрд 369,7 млн теңге.

Білім ұяларын заман талабын сәйкес құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету де білім беру сапасын жақсартуда оң ықпалын тигізетін маңызды фактор саналады. Қала мектептерінде 258 биология, 268 физика, 272 химия және 247 лингафонды, жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша 107 робототехника кабинеті, 86 мектепте STEM лабораториясы бар. Өткен жылы 3 979,2 млн.теңгеге 214 кабинет қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталып, 831 интерактивті панель және 71 компьютерлік құрылғы мен 513 принтер, 4 697 парта, 3 536 орындық сатып алынды. 7 кітапханаға кітап сөрелері қойылды.

Балалардың қауіпсіздігі қашан да басты назарда. Сондықтан мемлекеттік білім беру ұйымдарына арнайы талаптарға сәйкестендірілген бейнебақылау жүйелері, турникеттер, дабыл батырмалары толық орнатылған. Құрылғылар полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылып, І-дәрежелі мамандандырылған күзетпен келісім-шарт түзілген.

Шымкент қаласында 18 жасқа дейінгі 514 719 бала бар. Оның 866-сы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар. Бүгінде 729 бала отбасылық тәрбиеге берілген. Оның 716-сы қамқоршылық пен қорғаншылық тәрбиеде болса, 13-і патронаттық тәрбиеде. Одан бөлек, қаладағы білім мен тәрбие беретін түрлі мекемелерде 137 бала өсіп келеді. Айталық, Шымкент қаласының білім басқармасына қарасты №1,2 өмірлік қиын жағдайда жүрген балаларды қолдау орталығында – 100, Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасына қарасты Мамандандырылған бөбектер үйінде – 15, Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты №6 Балалар арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында 22 бала тәрбиеленіп жатыр.

Колледждердің материалдық техникалық базасы жаңартылады

Шымкент қаласындағы 40 колледжде (12 мемлекеттік, 28 жекеменшік) 49 780 студент білім алуда. Мемлекеттік тапсырыспен білім алушылар саны – 25 419. Сонымен қатар, былтыр өңірде 2 колледж ашылып, жұмыс істей бастады. Олар: Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің Ж.Аймауытов атындағы педагогикалық колледжі мен Сайрам көмекші мектеп-интернат-колледжі.

Сала мамандарының мәлімдеуінше, соңғы 3 жылда мемлекеттік тапсырыс саны 331 орынға артқан. 2022-2023 оқу жылында 11 169 орынға, 2023-2024 оқу жылында 11 250 орынға мемлекеттік тапсырыс бөлінген болатын. Ал, 2024-2025 оқу жылында 11 500 орынға мемлекеттік тапсырыс бөлінді. Оған қазынадан 4 млрд. теңге қаралды.

Оқу орындарынан келіп түскен сұранысқа сәйкес, техникалық және жұмысшы мамандықтарға – 7 761, педагогикалық мамандықтарға – 1933, мәдениет және өнер саласына қатысты мамандықтарға – 521, медицина мамандықтарына 1285 орын бөлінді.

Академиялық дербестік аясында 24 колледж 178 кәсіпорынмен келісімшарт түзіп, соның негізінде 2023-2024 оқу жылында 7 687 (28%) студент, 2024-2025 оқу жылында 8 526 студент дуальды оқыту жүйесі бойынша білім алды. Аралық және қорытынды аттестаттауға арналған демонстрациялық емтихан «WorldSkills» халықаралық стандарт талаптарына сәйкес 8 колледжде өткізілді.

Бүгінгі таңда қаладағы 4 колледжде «Мектеп-колледж» пилоттық жобасы бойынша эксперименттік бағдарлама қолға алынған. Соның аясында Тамақтандыру индустриясы және сервис колледжінде – 30, Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжінде – 60, Индустриалды техникалық колледжінде – 15, Жол-көлік колледжінде 15 студент білім алуда. Айта кетейік, мемлекеттік тапсырыс негізінде жұмыс істейтін 28 колледжде 25 419 студент шәкіртақы алады. Оқу орнын бітірген жас мамандардың жұмысқа орналасуына да баса назар аударылады. Айталық, 2021-2022 оқу жылында 10 931 бітірушінің 8 527-і, 2022-2023 оқу жылында 10 706 бітірушінің 8100-і, 2023-2024 оқу жылында 11 035 бітірушінің 9246-ы жұмысқа орналасқан. Қалғаны жоғары оқу орындарына түскен, әскерге Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге аттанған, бала күтіміне байланысты декреттік демалысқа шыққан және әртүрлі мақсатта шетелге кеткен.

Қазіргі таңда қаладағы колледждерде 95 мамандық және 166 біліктілік бойынша кадр даярлануда. Онда құрылыс, көлік, ауыл шаруашылығы, энергетика, қызмет көрсету, байланыс және ақпараттандыру, экономика, білім беру, өнер, денсаулық сақтау салалары қамтылған. Жас мамандардың білімін тәжірибемен ұштастыруына жағдай жасау мақсатында оқу орындары 1523 кәсіпорынмен тығыз байланыста жұмыс істеуде.

Биылғы оқу жылына нысаналы тапсырыс бойынша жұмысқа орналасу міндеттемесімен 1 432 студент оқуға қабылданды. Ал, өткен оқу жылы бұл көрсеткіш 1380 болды.

Жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеру, бизнес өкілдерінің қызығушылығын арттыру мақсатында дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «WorldSkills» чемпионатында Шымкент қаласындағы колледждердің студенттері жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Айталық, 2023-2024 оқу жылында «WorldSkills Shymkent-2023» қалалық чемпионатына 45 құзыреттілік 10 бағыт бойынша 204 студент қатысқан болса, былтыр 29 құзыреттілік бойынша 30 студент бақ сынады. Жалпы 2018 жылдан бері әр түрлі құзыреттер бойынша жүлдеден үміткер болған шымкенттік студенттердің 12-сі алтын, алтауы күміс, 11-і қола, 21-і медаль жеңіп алды.

Республикалық чемпионатта «СББ станоктарында токарлық жұмыстар» құзыреттілігі бойынша Индустриалды-техникалық колледжінің студенті Мирахимов Алексей, «Сән технологиясы» құзыреттілігі бойынша Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжінің студенті Досова Айгерім, «Мерчендайзинг және витринистика» құзыреттілігі бойынша Ә. Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжінің студенті Фазылова Жасмина үздік нәтиже көрсетіп, алтын медаль иегері атанды.

Жалпы 2025-2026 жылдары Шымкент қаласының ерекшелігіне сәйкес техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында «Жаңа мамандықтар атласы» бойынша 3 басым салада (құрылыс, қызмет көрсету, логистика) 12 жаңа мамандық ашу жоспарланып отыр. Реті келгенде айта кетейік, биылғы оқу жылынан бастап «Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС-нің сұранысы негізінде М.Өтебаев атындағы жоғары жаңа технологиялар колледжінде 3 мамандық бойынша, атап айтқанда гидротехникалық мелиорация, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің тазарту құрылыстарын пайдалану мамандықтары бойынша 75 маманды оқытып, даярлау жүзеге асырылуда.

7 білім беру мекемесі «Жас маман» жобасының шеңберінде халықаралық стандарттарға сәйкес заманауи жабдықтармен және жаңа зертханалармен жабдықталған. Жоспар бойынша, биыл жергілікті бюджет есебінен Шымкент аграрлық-техникалық колледжіне 150 млн. теңге, келер жылы Саз колледжі мен Ә.Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжіне 100 млн. теңге бөлініп, білім ошақтарының материалдық-техникалық базасы жаңартылатын болады.

Дилара ТОЙЛЫБАЙҚЫЗЫ

Соңғы жаңалықтар