Санаулы күннен соң, 1 қыркүйек – Білім күні де келіп жетпек. Бұл мереке әрбір мектеп табалдырығын алғаш аттайтын бүлдіршіннің үлкен өмірге жол ашар алғашқы қадамы, ал жоғары сыныпта оқитын шәкірт үшін жаңа белеске бастар асқар арманның айнасы. Яғни, жаңа оқу жылының басталуы – жас ұрпақтың білім алуына, қоғамның дамуына тың серпін беретін маңызды кезең.

Мемлекет басшысы өз Жолдауларында ұстаздар еңбегін бағалап, білім сапасын көтеруге айрықша назар аударып келеді. Бүгінде елімізде жаңа мектептер мен балабақшалар салынып, білім беру инфрақұрылымы кеңеюде, оқу бағдарламалары заман талабына сай жаңартылып жатыр. Осы орайда ұстаздардың мәртебесін арттыру, олардың кәсіби дамуына жағдай жасау да мемлекет назарындағы басты басымдықтардың біріне айналған. Жастардың халықаралық деңгейде білім алып, әлемдік ареналарда биік нәтижелерге жетуіне де мемлекет барынша қолдау көрсетіп отыр. Сондай-ақ, кәсіби-техникалық білімді дамыту, еңбек нарығына сай мамандар даярлау да бүгінгі білім саласының негізгі міндеттерінің бірі. Бұл бағытта колледждер мен университеттерде жаңа мамандықтар ашылып, дуальді оқыту жүйесі енгізіліп жатқаны да айрықша атап өтуге болатын игі іс. Себебі, ел дамуы тікелей білім сапасына байланысты. Сондықтан білім беру ісін жетілдіру – ортақ міндет.
Өткен аптада Шымкент қаласында өткен дәстүрлі Тамыз конференциясы білім саласындағы басым бағыттар сөз болды. Биылғы жиын «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбында ұйымдастырылды. Жиынға Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, министрлік өкілдері, зиялы қауым, қала әкімдігі мен құқық қорғау органдарының басшылары, аудан әкімдері, жоғары оқу орындарының оқытушылары, ардагер ұстаздар мен мектеп директорлары қатысты.
Алғаш болып баяндама жасаған қалалық білім басқармасының басшысы
Гүлназ Сүлейменова шаһардың білім беру жүйесіндегі басым бағыттарға тоқталды. Оның айтуынша, білім сапасын арттыру, мектепке дейінгі тәрбие мен оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты міндеттерінің біріне айналып отыр. Басқарма басшысының айтуынша, мектепке дейінгі білім беру саласында оң нәтижелер бар. Бүгінде шаһарда балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту жоспары 89 пайызға орындалса, жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 96 пайызға жеткізу жоспарланған.
– Соңғы бес жылда қалада 105 жаңа балабақша ашылса, биылдың өзінде 12 мектепке дейінгі ұйым пайдалануға берілді. Шымкент республикада алғаш болып балабақшаларда ваучерлік қаржыландырудың пилоттық жобасын іске қосты. Нәтижесінде 65 858 ваучер беріліп, 1041 балабақшаға келмейтін бала анықталып, олар тізімнен шығарылды. Бұл бастама 700 миллион теңгеден астам қаржының үнемделуіне мүмкіндік берді, – деді ол. Сонымен қатар, 2027 жылдан бастап балабақшаларды лицензиялау міндетті болмақ. Қазір бұл бағытта дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Балалардың тәрбиесіне ата-аналарды белсенді тарту мақсатында қалада 112 консультациялық пункт жұмыс істеп тұрса, алдағы уақытта тағы 15 орталық қосылмақ. Сондай-ақ, министрліктің бастамасымен іске қосылған «Беске дейін үлгер» мобильді қосымшасы ата-аналарға бала денсаулығы, тамақтануы мен тәрбиесіне қатысты маңызды ақпарат алуға мүмкіндік беретін болды. Басқарма басшысы саланы басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталған жаңа «Мектепке дейінгі ұйымның педагог-көшбасшысы» жобасының жүзеге асатынын да атап өтті.
Орта білім сапасы алдыңғы орында
Жаңа оқу жылында шаһарда 28 мыңға жуық бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды. Қала мектептері жаңа оқу жылына қажетті оқулықтармен толық қамтамасыз етілген.
– Орта білім беру саласындағы басты мақсат – білім сапасын арттыру. Бұл бағыттағы жұмыс тиімді басқару, білікті мамандарды даярлау және оқу процесін жетілдіруге негізделіп отыр. Бүгінгі білім жүйесінің тірегі мықты маман, ұлағатты ұстаз болуға тиіс, – деді Гүлназ Сүлейменова.
Мұғалімдердің әлеуметтік жағдайын жақсарту да басты назарда. «Педагог мәртебесі туралы» заң аясында бүгінге дейін Шымкентте 1 ұстаз «Қазақстанның Еңбек Ері» атанса, 3 ұстаз «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» және тағы үшеуі «Ерен еңбегі үшін» марапатымен наградталған. Ал қазір қала мектептерінде 32 мыңнан астам педагог жас ұрпаққа сапалы білім беріп келеді. Басқарма басшысының сөзінше, биыл біліктілік деңгейі жоғары педагогтердің үлесін 75 пайызға жеткізу жоспарланған. Ал осы міндетті басқарма биыл іске қосылған «ҰСТАЗ» электронды платформасы арқылы жүзеге асыруды бастап кеткен. Сондай-ақ, республикалық «1000 көшбасшы» жобасы аясында соңғы екі жылда Шымкенттен 43 үміткер іріктеліп, 28 педагог басшылық қызметке тағайындалған. Биыл тағы 24 директор орынбасары конкурс арқылы таңдалмақ.
Гүлназ Сүлейменованың сөзінше, соңғы жылдары қала ұстаздары мен шәкірттер айтарлықтай жетістіктерге жеткен.
– Бүгінге дейін қаламыздың 24 педагогы республикалық «Үздік педагог» атағына ие болды. Былтыр жүзден астам «Алтын белгі» иегері педагогика мамандығына оқуға түссе, биыл тағы жүзден аса үздік түлек ұстаздық жолды таңдады. Қала оқушылары халықаралық және республикалық пәндік олимпиадаларда 7 алтын, 22 күміс, 48 қола медаль жеңіп алып, 200-ден астам шәкірт жүлделі орындарға ие болды. Осы арқылы олар қоғамда ұстаз мәртебесінің артып келе жатқанын айғақтап отыр, – деді ол.
Орта білім беру мазмұны кезең-кезеңімен жетілдіріліп келеді. Әсіресе, PISA халықаралық зерттеулерінің қорытындылары негізінде мектеп оқушыларының оқу жетістіктерін арттыру басты міндет ретінде белгіленген. Білім алушылардың жетістіктерін мониторингілеу – тек бағалау емес, білім сапасын жетілдірудің маңызды құралы. Осы нәтижелерге сүйене отырып, функционалдық сауаттылықты дамыту мақсатында «Сапалы білім» жобасы жүзеге асырылады. Биыл мемлекеттік аттестаттаудан өтетін 223 білім беру ұйымы «Талап» жобасымен тәжірибе алмасып, сапа нәтижесін арттыруға жұмыс істемек. Ал биылғы оқу жылында алғаш рет «Орта білім беретін үздік ұйым» грантын беру жоспарланып отыр. Бұл конкурс педагогтер мен басшылардың кәсіби және тұлғалық дамуына ынталандырушы қадам болмақ.
Сонымен қатар, қалада ерекше білімді қажет ететін балаларды қолдау шаралары да жүйеленіп келеді екен. Қазір жұмыс істеп тұрған 6 психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес пен 6 түзету кабинетін біріктіріп, бірыңғай басқару жүйесін құруда пилоттық жоба енгізіліпті. Бұдан бөлек, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау үшін Қорғаншылық және қамқоршылық орталығы ашылған. Әлеуметтік аз қамтылған және үлгерімі төмен оқушыларға көмек көрсету мақсатында «Цифрлық мұғалім» жобасы жалғасын табады. Жоба аясында 24 мектептің 8-11 сынып оқушылары математика, физика, химия, биология және Қазақстан тарихы пәні бойынша білімін цифрлық платформалар арқылы жетілдіру мүмкіндігіне ие болмақ.
Тағы бір айта кетерлігі, шаһарда 2022 жылдан бастап елімізде алғаш болып мемлекеттік мектептермен бірге жекеменшік мектептерде оқитын 1–4 сынып оқушылары ыстық тамақпен толық қамтылып отыр. Бұл бастама жергілікті атқарушы органның шешімімен жүзеге асып, бүгінде бүлдіршіндердің денсаулығын нығайтып, ата-аналардың әлеуметтік жағдайына қолдауға мүмкіндік беріп келеді. Ал биыл «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы аясында мемлекеттік мектептердегі 56 430 балаға көмек көрсетілген. Бұдан бөлек оқушылардың мінез-құлқындағы ауытқушылықтарды ерте анықтап, дер кезінде психологиялық түзету жұмыстарын жүргізу үшін «Психологиялық қолдау» орталығы ашылған.
Қазір қалада қосымша білім беруге арналған мемлекеттік тапсырыс білім беру, спорт және шығармашылық бағыттары Mindal платформасы арқылы жүзеге асырылады. Мұндағы артықшылық, жеке сәйкестендіру нөмірі арқылы тіркелу мүмкіндігі, бос орындар мен кезектің ашықтығы және Face ID жүйесімен қатысуды растауға болады. Бұдан кейін басқарма басшысы өңірде еңбек нарығында қажетті мамандықтардың базасы жасақталып, жоғары сынып оқушылар үшін колледж базаларында алғашқы жұмысшы мамандығына арналған аттестатпен бірге диплом алуға болатынын жеткізді.

Әлеуметтік қолдаудың маңызы зор
Осы жиынға арнайы келген Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев педагогтерді жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, алдағы міндеттермен құлағдар қылды. Министр өз сөзінде Ахмет
Байтұрсынұлының
«Білім беру – жай ғана кәсіп емес, бұл – ұрпақ алдындағы борыш пен ел алдындағы міндет» деген ұлағатын еске салып, бүгінгі ұстаздар қауымының ел болашағына қосып отырған еңбегін ерекше атап өтті. Мемлекет басшысының білім беру саласына ерекше қолдау көрсетіп отырғанын айта келе, ол соңғы жылдары атқарылған ауқымды жұмыстарға тоқталды.
Министрдің сөзінше, мектепке дейінгі білім берумен 2-6 жас аралығындағы балаларды қамту жоспары 93 пайызға орындалған. Сондай-ақ, мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту сапасын арттыру мақсатында «Беске дейін үлгер» және «Тілге бойлау» пилоттық жобалары сәтті іске асырылыпты. Бұл жобалар биыл қыркүйектен бастап мектепке дейінгі білім беру жүйесіне жаппай енгізілмек. Соңғы алты жылда Мемлекет басшысының қолдауымен «Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылдануы, ұстаздардың жалақысы 4 жыл ішінде екі есеге артуы, 1300 мектептің реновациясы, 4000 мектептің модернизациясы, 1 миллионнан аса оқушы орнына арналған 1200-ге жуық білім беру нысанының соғылуы, «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы, «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы, заманауи Келешек мектептерінің құрылысы тың өзгерістерге үлкен қозғау салып, білім саласының қарқынды дамуына жол ашқан. Осы бастамалар еліміздегі үш ауысымды мектептердің санын – 4, апатты жағдайдағы мектептерді – 2, оқушы орнының тапшылығын 4 есеге азайтқан.
Бас педагогтың баяндауынша, инклюзивті білім беру және психологиялық-педагогикалық қолдауға жағдай жасау 90 пайызға артып, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған кабинеттер саны екі есе өскен. Ал арнайы білім беру ұйымдарының желісі 230-ға жетіпті. Бұл ретте Шымкент қаласының инклюзивті білім беру үшін жағдай жасау көрсеткіштері көңіл қуантады. Мысалы, мектепке дейінгі білім беру ұйымдары үшін
96 пайыз, орта білім беру ұйымдары үшін 95 пайызға жеткенін атап өткен ол Инклюзия жөнінде тұңғыш Дүниежүзілік конгресті биыл қазанда Қазақстанда өткізу туралы шешім қабылданғанын хабарлады.
«Балалардың құқығы мен қауіпсіздігін қорғауды күшейту мақсатында 6 заңға 94 түзету енгізілді және БҰҰ-ның бала құқықтары туралы хабарламаларға қатысты конвенциясының Факультативтік хаттамасы ратификацияланды», деді министр. Қамқоршылық және қорғаншылық органдары жұмысының тиімділігін арттыру үшін биыл 5000 балаға кемінде бір маманнан келетін қорғаншылық органдары штат санының нормативі бекітілген. Бірлескен жұмыс нәтижесінде қорғаншылық органдары мамандарының штаты қазір 593-ке артқан.
Ғани Бейсембаев педагогтердің кәсіби өсуі үшін жаңа мүмкіндіктер ашылғанын ерекше атап өтті. Биыл біліктілікті арттыру курстарымен қамту екі есеге артса, әділ аттестаттау жүйесі нәтижесінде педагогтердің сапалық құрамы 72%-ға өскен. Қазақстанның PISA көрсеткіштері халықаралық деңгейде оң бағаланып, отандық мониторинг жүйесі алғаш рет халықаралық сертификат алыпты. Ал цифрландыру саласында мектептердің 95,2%-ы жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылып отыр. Қазір Starlink спутниктік жүйесін енгізу жұмыстары жүргізіліп жатса, бүгіннің өзінде барлық оқулық 100 пайыз цифрлық форматқа көшірілген.
Қосымша білім беру ұйымдарының саны соңғы үш жылда екі есеге өсіп, бүгінде 2 142-ге жетті. Биылдан бастап Шымкентті қоса алғанда 6 қалада ваучерлік қаржыландырудың пилоттық жобасы іске қосылған. Келесі жылдан бастап бұл жүйе еліміздің барлық өңірінде енгізілетін болады. Республикалық маңызы бар білім ұйымдарының инфрақұрылымы да жаңартылып жатыр. Түркістандағы «Білім-Инновация лицейі» жаңа ғимаратқа көшсе, Алматыдағы Физика-математика мектебі толық реновациядан өткен. Ал Абай атындағы республикалық мектеп-интернаттың жаңа ғимараты аяқталуға жақын. «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында мемлекеттік тапсырыс 150 мың орынды қамтып, оның 70 пайызы техникалық мамандықтарға бөлініпті. Студенттердің шәкіртақысы екі есе артса, кәсіпорындардың мақсатты тапсырысымен оқып жатқан студенттердің саны соңғы екі жылда үш есеге көбейіп, биыл 45 мың орынға жеткізілмек.
Былтырғы оқу жылында жас дарындарымыз зор жетістікке жеткен. Айталық, 34 халықаралық олимпиадаға қатысқан оқушыларымыз 1 002 медаль, соның ішінде, 193 алтын, 348 күміс, 461 қола иеленген. Соның арасында Шымкент қаласынан 46 оқушы қатысып, 22-сі жеңімпаз атаныпты.
Жаңа оқу жылында жаңа міндеттер жүктелді
Жаңа оқу жылы қарсаңында Мемлекет басшысы атап көрсеткен білім саласындағы басым бағыттар мұғалімдер қауымы мен жалпы қоғамға зор жауапкершілік жүктейді. Осылай деген министр «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы меншік нысанына қарамастан барлық мектепте енгізілетінін ерекше атап өтті. Бұл бағдарлама аясында ата-аналар комитеттерінің жұмысы жаңа форматта ұйымдастырылып, «мектеп – ата-ана – қоғам» ынтымақтастығы күшеймек. Балалар мен жасөспірімдер қозғалысы жанданып, мектептердің ішкі безендіруінде бірыңғай дизайн-код енгізіледі.
Сонымен бірге биылғы оқу жылында жасанды интеллект білім беру процесіне енгізіледі. Арнайы этикалық стандарттар қабылданып, AI-Kitap платформасы қолданысқа берілмек. Барлық педагог үш деңгейлік курстан өтеді, ал 1-11-сынып оқушылары Day of AI курстарына қатысады. «Келешек мектептері» жобасы аясында оқыту сапасын арттыру, басқарудың жаңа моделін енгізу және әр оқушыға бағытталған білім беру жүйесін қалыптастыру көзделіп отыр. Ұстаздардың кәсіби әлеуетін көтеру үшін «Ұстаз» цифрлық платформасы іске қосылып, талантты мұғалімдердің арнайы базасы жасақталады. Бұдан бөлек, білім саласында жаңа буын менеджерлер пулын қалыптастыру жалғасады.
«Мемлекет басшысы педагог құқығын қорғаудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Мұғалімдерді өз міндетінен тыс жұмыстарға тартпау, олардың заңды құқықтарын бұзған жағдайда прокуратураның араласуы – басты талап. Балаларға қатысты жазатайым жағдайлар үшін де мұғалімді жазалау орынсыз екені қадап айтылды. Сонымен бірге білім саласында еңбек етіп жүрген қарапайым жұмысшылардың да үлесі назардан тыс қалмайды. «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында мектеп өміріне елеулі еңбек сіңіріп жүрген осы жандарға алғыс айту парызымыз», деді Ғани Бейсембаев.
Сондай-ақ, биыл бірнеше ірі жоба іске қосылады. Мәселен, Абай атындағы республикалық мектеп-интернаты Абай ұлттық мектебіне айналса, онда «Толық адам» іліміне негізделген «Парасат жолы» бағдарламасы енгізілмек. «Ауыл мектебі – сапа алаңы» жобасы да кеңейтіліп, шекаралас елдімекен мектептеріне ерекше қолдау көрсетіледі. Президент тапсырмасына сәйкес, 1 қыркүйектен бастап мектептерде ыстық тамақ тек «Әлеуметтік әмиян» ваучері арқылы төленеді. Бұл жүйе кезең-кезеңімен жүзеге асады.
Білім сапасын арттыру бағытында үздік мектептердің тәжірибесін таратуға баса мән беріледі. Оқушылардың нәтижелері PISA, ҰБТ және мемлекеттік аттестация қорытындылары негізінде талданбақ. Ал үздік мектептердің қатарын арттыру тұрақты үрдіске айналуға тиіс.
«Заң мен тәртіп» қағидаты тәрбие жұмысының негізгі өзегіне айналып, мектепте зорлық-зомбылық пен буллингке мүлде жол берілмеуі қажет. Осы мақсатта Алматы облысында арнайы пилоттық жоба қолға алынады. Биыл мектептер мен колледждерде «ДосболLIKE» бағдарламасы енгізіліп, балаларды әлімжеттік пен буллингтен қорғау жұмысы күшейтіледі. Жетім балаларға тәлімгерлік институты құрылып, жаңа туған нәрестені қараусыз қалдыруға қатысты заңнамаларға түзетулер енгізілді. Қазір өңірлерде психологиялық қолдау орталықтары ашылып, өз-өзіне қол жұмсаудың алдын алу шаралары қолға алынып келеді.
Осылай дей келе министр ауқымды бастамаларымызды іске асыруға үлес қосып жүрген барлық педагогикалық қауымға алғысын білдіріп: «Халық даналығында «Ұстаз талантты болса, шәкірті талапты болады» деген қағида бар. Шәкірттеріңіздің талабына қанат бітіріп, шабыт беретін шығармашылық ізденістеріңізге сәттілік тілеймін!» деді.
Сондай-ақ жиында сөз алған қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жаңа оқу жылының басталуы – тек ұстаздар қауымы үшін ғана емес, бүкіл қоғам үшін маңызды кезең екенін еске салды.
«Шынында да, сіздердің еңбектеріңіз – ел болашағына қосылған баға жетпес үлес. Оқушылардың жетістіктері, мектептердің дамуы – мұғалімдердің адалдығы мен кәсібилігінің нәтижесі», – деді қала әкімі.
Бүгінде мемлекет тарапынан білім саласына айрықша көңіл бөлініп келеді. Қалалық бюджеттің 37 пайызы осы салаға бағытталса, соңғы екі жылда Шымкентте 39 жаңа мектеп пайдалануға берілген. Апатты және үш ауысымды мектептердің мәселесін шешу үшін тағы 37 білім ошағының құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 12 жаңа білім ордасы іске қосылыпты.
Білім беру инфрақұрылымын дамытуға да ерекше назар аударылып келеді. Соңғы жылдары үш балабақша мен екі колледж күрделі жөндеуден өтіп, заманауи талаптарға сай 500 орындық екі Оқушылар сарайы ашылды. Балаларға арналған шығармашылық орталықтар да өз жұмысын бастады. Президент тапсырмасымен жүзеге асқан бұл жобалар өскелең ұрпақтың сапалы білім алуына және жан-жақты дамуына жол ашып отыр.
Осылай деген қала басшысы әлеуметтік қолдау шаралары да ұмыт қалмағанын жеткізді. 2020 жылдан бері аз қамтылған отбасылардың балалары мектеп формасымен толық қамтамасыз етіліп жатыр. Сондай-ақ балабақшаларда осындай отбасылардың бүлдіршіндері тегін тәрбиемен қамтылып келеді. Жоғары оқу орындарында еңбек нарығына қажет мамандықтардың грант саны да артты. Соңғы екі жылда 285 студент қала әкімдігінің қолдауымен білім алу мүмкіндігіне ие болған.
Жиында айтылған тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні сол, білімді ұрпақ – білікті ұстаздан, ал білімге айрықша мән берген ел дамудың даңғыл жолына түседі. Бұл ретте жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруде ерен еңбек сіңірген ұстаздар да назардан тыс қалмады. Конференция соңында Оқу-ағарту министрі мен қала әкімі аяулы мамандыққа адалдық танытқан ардақты ұстаздарға құрмет көрсетіп, лайықты марапаттарын табыс етті.
Жадыра МҮСІЛІМ
