Редакция таңдауы

«Білімді ұрпақ – ел болашағының берік іргетасы»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында өткен республикалық тамыз конференциясында білім саласындағы маңызды міндеттерді айқындап берді. Білім сапасын жақсарта түсу, мектептегі тәлім-тәрбие жұмысын күшейту, оқу үдерісіне цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні жедел енгізу сынды міндеттердің қай-қайсысы да өте маңызды. Оқушыларды нашақорлық пен лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг және бұзақылық сынды зиянды әдеттер мен әлеуметтік кеселдерден қорғау — бүкіл қоғамның ортақ борышы.

Жаһандану дәуірінде кез келген мемлекеттің көркеюі білім-ғылымның дамуы мен жоғары технологияларды игеруге тікелей байланысты екені белгілі. Яғни, Қазақстанның болашағы оқушылардың білімге құштарлығына, ұстаздардың білімі мен біліктілігіне, өз қызметін адал атқаруына тікелей байланысты. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов «Мектептің жаны – мұғалім» деген. Олай болса, әрбір мұғалім үздіксіз оқып, ізденіп, біліктілігін арттырып, өзін-өзі тұлға ретінде дамытып отыруы тиіс. Жас ұрпақ ұстазының бойынан тек ізгі қасиеттерді көріп, үлгі-өнеге алуы керек.

Иә, осы аптада бүкіл елімізде 1 қыркүйек – Білім күні мерекесі аталып өтіп, жаңа оқу жылы басталып та кетті. Сөйтіп, ұстаздар қауымы Президентіміз ұсынған «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасын басшылыққа ала отырып, жас ұрпақтың бойына жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды сіңіру, оларды ой-санасы таза, еңбекқор азамат етіп тәрбиелеу жолындағы маңызды жұмысқа кірісе бастады.

Біздің тілшілеріміз Шымкент қаласындағы жаңадан ашылып жатқан білім ордалары мен өзге де мектептердегі Білім күніне арналған салтанатты іс-шарасына қатысып қайтқан еді. 

Қос мектеп  пайдалануға берілді

1 қыркүйек – Білім күні Шымкент қаласы Қаратау ауданы, Таскен тұрғын алабында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бой көтерген №151 жалпы орта білім беретін мектеп салтанатты түрде пайдалануға берілді.

Жаңа оқу жылына тамаша тарту болған бұл заманауи білім ұясының ашылу рәсіміне қала әкімі Ғабит Сыздықбеков арнайы қатысып, жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтады.

Қала әкімі өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен іске асып жатқан «Келешек мектептері» жобасының маңыздылығына тоқталып, жаңа білім ошағының Таскен тұрғындары үшін үлкен қуаныш екенін атап өтті.

–«Келешек мектептерінің» басты артықшылығы – мұнда оқушыларға қолайлы, эргономикалық білім кеңістігі жасалған. Бұл мектептер типтік жобаларға қарағанда 15–20 пайызға кең, ал, техникалық жарақтануы жағынан 4 есеге артық. Бұның барлығы ұстаздардың жұмысын жеңілдетіп, оқушылардың білім сапасын көтеруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, бұл мектепте қауіпсіздік жүйелері де күшейтілген.

Қаламыздың жастарына сапалы білімді қолжетімді ету үшін тек мектеп құрылысы ғана емес, өзге де кешенді іс-шаралар қолға алынуда. Айталық, Президентіміздің тапсырмасына сәйкес соңғы жылдары қалада заманауи үлгідегі 2 оқушылар сарайы салынды. Нәтижесінде, Оқушылар сарайының саны 3-ке жетіп, оқушылардың 95 пайызы қосымша біліммен қамтылды.

Бүгін пайдалануға берілгелі отырған мектептен білімге құштар, адамгершілік құндылықтарды бойына сіңірген, отаншыл әрі адал азаматтар өсіп шықсын. Баршамыз бірігіп осы мақсат жолында еңбек ете берейік, – деді Ғабит Әбдімәжитұлы.

Айта кетейік, жаңа білім ошағы 1500 оқушыға арналған. Мектептің жылу жүйесі автономды. Мұнда 375 орынды кең асхана, кітапхана, шеберханалар, заманауи жабдықталған 60 оқу кабинеті, үш спорт залы, медициналық пункт және коворкинг аймақтары бар. Робототехника, IT, STEM-зертханалар, хореография залы мен интерактивті панельдермен жарақталған пәндік кабинеттердің барлығы оқушылардың жан-жақты білім алуына арналған. Сондай-ақ, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін бейімделген сыныптар мен қолайлы орта да қарастырылған. Мектеп қауіпсіздік жүйелерімен толық жабдықталған.

Білім күніне орай, Тельман шағын ауданында №152 жалпы орта білім беретін жаңа мектептің ашылу салтанаты өтіп, алғашқы қоңырау соғылды. Іс-шараға қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қатысып, барша ұстаздар, ата-аналар қауымын, шәкірттерді жаңа оқу жылымен құттықтады.

Қала әкімінің орынбасары жаңа оқу жылы – тек ұстаздар үшін емес, бүкіл қоғам үшін маңызды кезең екенін атап өтті. Оның айтуынша, соңғы екі жылда қалада 39 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Ұлттық жоба аясында тағы 12 мектеп салынды. Шаһарда білім саласына ұдайы назар аударылып келеді. Жалпы білім саласында жаңа мектептердің пайдалануға берілуі, білім сапасын арттыру, инфрақұрылымды жақсарту, қауіпсіздікті күшейтуде көптеген жұмыстар атқарылды. Енді оқушылар тек қана білімге ұмтылуы тиіс.

Мектеп директорының міндетін атқарушы Гүлжанар Құдайбергенованың мәліметінше, жаңа мектепке 650 бала қабылданды. Білім ордасы жалпы 1200 балаға арналған.

Қала әкімінің орынбасары, ардагер ұстаздар, жалпы көпшілік жаңа мектептің кабинеттерін аралап, тыныс-тіршілігімен танысты. Мұнда оқушылардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған.

Жалпы, Шымкент қаласында 2023 жылы ұлттық жоба аясында 12 мектептің құрылысы басталған болатын. Бұған дейін 11 мектеп пайдалануға берілсе, олардың қатары тағы бір жаңа білім ұясымен толықты. Биыл Шымкентте жаңа оқу жылы 1 352 білім мекемесінде 400 мыңнан астам білім алушымен басталды. Оның ішінде 1-сыныпқа 28 мыңға жуық бала қабылданды. Қала мектептерінде 271 123 оқушы білім алуда. 2025-2026 оқу жылына 554 289 дана оқулық сатып алынып, бүгінде білім мекемелеріне толықтай жеткізілді. Тағы бір қуантарлық жаңалық, биылдан бастап әлеуметтік осал отбасылардан шыққан оқушылар 100 пайыз мектеп формасымен және ыстық тамақпен қамтамасыз етіліп отыр.

«Баланың алаңсыз оқуына барлық жағдай жасалған»

Осы аптаның басында еліміздің барлық білім ордаларында алғашқы қоңырау соғылып, жаңа оқу жылы басталды. Дәл осындай салтанатты кеш Шымкент қаласындағы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында ашылған №145 мектепте өтті. Қаладағы заманауи әрі жайлы білім ордаларының бірі саналатын бұл мектептің алаңында балғын бүлдіршіндер мен сап түзеген шәкірттер  жиналған. Мектеп ауласы ән мен күйге бөленіп, қоңырау үні баршаға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Салтанатты іс-шараға қалалық мәслихат төрағасы Б.Нарымбетов арнайы қатысып, ұстаздар мен оқушыларды жаңа оқу жылымен құттықтады.

— Шымкент — елдегі демографиялық өсімі ең жоғары өңірлердің бірі. Қаламызда жылдан-жылға мектеп жасындағы балалар көбейіп келеді. Ендеше біздің алдымызда әрбір баланың қауіпсіз, жайлы мектепте оқып, сапалы білім алуына жағдай жасау міндеті тұр. Бүгінде мемлекет білім саласына айрықша назар аударып отыр. Шымкент қаласында соңғы екі жылда 39 мектеп пайдалануға берілді. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 12 мектеп ашылды. Бұл мектептерде оқу үдерісі барынша тиімді етіп ұйымдастырылып, мұғалімдердің ештеңеге алаңдамай, бар назарын оқушыға сапалы білім беру ісіне аударуына жағдай жасалған. Оның үстіне Президентіміздің бастамасымен, соңғы төрт жылдың ішінде мұғалімдердің жалақысы 2 есе өсті. Қазір барлық педагогтарға біліктілік деңгейіне қарай үстеме ақы төленеді. Осының барлығы ұстаздардың жауапкершілігін арттыра түсуі тиіс.  Жаңа оқу жылы Сіздерге тек білім ғана емес, жаңа достық пен үлкен жетістіктер сыйласын. Бүлдіршіндердің алғашқы қадамы құтты болсын, бақытты болашаққа жол ашсын, — деді ол өз сөзінде.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бой көтерген №145 «Келешек» мектебі бүгінде 1581 оқушыға білім беріп отыр. Оқушыларға сапалы білім мен саналы тәрбие беру жолында 109 ұстаз еңбек етуде.

Мектеп ашылғалы бері шәкірттері түрлі деңгейдегі олимпиадалар мен байқауларда топ жарып, 600-ге жуық оқушы жүлделі орындарға ие болған. Ал биылғы оқу жылында мектеп табалдырығын 200 бүлдіршін аттаған. Алғашқы қоңырау үнімен бірге олардың жаңа өмірге деген қадамдары басталды. Бүгінгі мерекелік сәт – барша мектеп ұжымының, оқушылардың және ата-аналардың жүрегінде мәңгі сақталатын күн болды.

 

Үздік жүздіктің қатарына енген мектеп

А.С.Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназияда биыл 11 бірінші сынып ашылды. Оның бесеуі қазақ және алтауы орыс тілінде оқытатын сыныптар. Білім күнінде бұл білім ордасында барлығы 2 576 оқушы мектеп табалдырығын аттады.

Оқу жылының басталуына арналған салтанатты жиынға Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Арман Сәбитов, мектеп-гимназия директоры Анар Аманқұлова және мектеп мұғалімдері қатысты.

– Баршаңызды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаймын. Баршаңызға үлкен жеңістер мен табыс тілеймін. Жаңа оқу жылы қызықты сабақтарға, жаңа жобаларға, қол жеткізген жетістіктерімен тоқтап қалмауға және жаңа нәтижелерге ұмтылуға толы болсын, — деді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Арман Сәбитов.

Қазақстанның Оқу-ағарту министрлігі 2024-2025 оқу жылының қорытындысы бойынша еліміздегі ең үздік 100 мектептің тізімін жариялады.  А.С.Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназия сол үздік жүздіктің қатарынан өз орнын алды. Бұл жай ғана рейтинг емес, бұл – мұғалімдер мен директордан бастап, оқушылар мен ата-аналардың да тынымсыз еңбегінің жемісі.

Мектептің алдында 2025-2026 оқу жылында білім беру сапасын арттыру, тәрбие жұмысын жетілдіру, білім алушыларды психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу, педагогтердің кәсіби дамуын қамтамасыз ету бойынша маңызды міндеттер тұр.

– Биыл оқушыларымыз үздік жобалар арасында өткізілетін республикалық олимпиадаларда 16 орынға ие болды. Оған қоса халықаралық олимпиададан бір оқушымыз жүлделі орынды иеленді. Қалалық олимпиадаларда оқушыларымыз жүлделі 69 орынға ие болды. Балаларға кез-келген бастамада батылдық, білімге деген ұмтылыс тілеймін. Оқудағы жетістік бүкіл өмірдің негізін қалайды. Ал, педагогтардың жетістігі олардың кәсібилігі мен қажырлы еңбегіне байланысты болады, — деді А.С.Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназиясының директоры Анар Аманқұлова.

 

Жаңартудан өткен білім ордасы болашаққа сеніммен қадам басты

Шымкент қаласындағы  Ө.Жолдасбеков атындағы №9 IT-лицейі жаңа оқу жылын толық жаңартылған ғимаратта бастады. Биыл 90 жылдық мерейтойын атап өтетін қаланың ең көне мектептерінің бірінде қайта жаңарту бағдарламасы бойынша күрделі жөндеу жүргізілді.

Лицей директоры Гүлназ Әбілдаеваның айтуынша, жүргізілген жаңғырту бұл лицейді техникалық жабдықталуы мен жайлылығы жағынан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы бойынша салынып жатқан мектептермен теңестірген. Қалалық бюджеттен оқу орнын күрделі жөндеуге 1 млрд 635 млн теңге бөлініпті.

–Жалпы, стандарттар бойынша мектептерде күрделі жөндеу әр 15 жыл сайын жүргізіледі. Бізде де солай күрделі жөндеулер жүргізіліп отырған.  Бірақ, бұл жолы шатырды ауыстыру немесе есік-терезені жаңартумен шектелген жоқ. Мектебімізде барлығы түбірімен өзгеріп, жаңартылды. Біз, әрине, бұл өзгерістерге қуаныштымыз. Бұл біз үшін жаңа шабыт, өйткені, бәрі өте заманауи, сыныптар жарық, ғимараттың бұлай жаңарғаны оқушыларды сабаққа ынталандыра түсері сөзсіз, — деді Гүлназ Әбілдаева.

Күрделі жөндеу мектеп ғимаратындағы көптеген проблемалық мәселелерді шешкен. Соның ішінде жуынатын бөлмелер жаңартылып, ескірген электр сымдары да ауыстырылды. Сонымен қатар, мектепте қосымша заманауи кабинеттер пайда болды, әрі лицей барлық оқу жабдықтарымен толықтай қамтамасыз етілді.

«Ең бастысы, мектебімізде «Транстелеком» компаниясы жүргізген жоғары жылдамдықты интернет пайда болды. Бұл – маңызды жаңалықтардың бірі. Бізде енді желдету жүйесі де бар. Сонымен қатар, мектепте сыртқы ауа температурасына сәйкес жылу беруді реттеуге және энергия тұтынуды үнемдеуге мүмкіндік беретін автоматтандырылған қазандық пайда болды. Сондай-ақ, мектептің қасбеті толығымен жаңартылды, өздігінен суарылатын ландшафт жасалып, бастауыш сыныптарға арналған ойын алаңдары, воркаут-аймақтар және волейбол алаңы пайда болды, — деп атап өтті лицей директоры.

Бүгінгі таңда лицейде 2320 бала оқиды. Қабылдау шағын учаске бойынша жүргізіледі. Сондай-ақ, қалада бай тарихы бар және дәстүрлі түрде мықты оқытушылар құрамы бар танымал мектепке дарынды балалар қабылданады. Сыныптардың жартысы қазақ тілінде оқытса, қалғандары орыс тілінде білім береді.

– Биыл мектеп өзі орналасқан шағын аудандағы барлық балаларды қабылдады. Бізде оқығысы келетіндер әрқашан көп. Өкінішке қарай, біз бәрін қабылдай алмаймыз. Өйткені, біздің лицейдің техникалық мүмкіндіктері шектеулі. Біз оқу сапасын төмендетпеу үшін белгілі бір стандарттарды ұстанамыз. Балалар саны тым көбейіп кетсе, біз барлығына қолайлы жағдай жасай алмаймыз, — деп түсіндірді Гүлназ Әбілдаева.

Директор соңғы жылдары лицейдің жас педагогтарының сапалық құрамы айтарлықтай жақсарғанын атап өтті. Бұл Қазақстанда «Педагог мәртебесі туралы» Заңның қабылдануы және мұғалімдердің жалақысын арттырудың жемісі екені анық.

– Біз алғашқы нәтижелерді көріп отырмыз – қызыл дипломы бар түлектер мектептерге келе бастады. Биыл біздің лицейге Қарағанды және Алматы жоғары оқу орындарынан жас математик мұғалімдер келді. Дәстүрлерді сақтау үшін тәлімгерлік жүйесі енгізілді. Мектепте көп жылдар бойы жұмыс істеген педагогтарымыз жас әріптестерімен тәжірибе алмасуға дайын, — деді лицей басшысы.

Мектеп директорының айтуынша, бүгінде №9 IT-лицей жаратылыстану-математикалық циклге басымдық беріп отыр. Мұнда әдеттегі жалпы білім беретін мектептерге қарағанда математика, физика, химия бойынша сағаттар көбірек бөлінген. Физика-математикалық, химиялық-биологиялық және математикалық-географиялық сыныптар бар.

Қаланың басқа мектептері сияқты №9 IT-лицей үшін негізгі жаңалықтардың бірі – «Айқын» пилоттық жобасын іске қосу болды. Бұл жүйеде әр сыныптағы оқу процесіне онлайн қол жетімділікті қамтамасыз ететін интеллектуалды бейнебақылау платформа бар. «Айқын» жобасы жыл соңына дейін барлық оқу кабинеттерін қамтиды.

– Президент өзінің Қазақстан халқына Жолдауында білім сапасын арттыру қажет екенін айтады. Бұл біз үшін өте маңызды және Шымкент бұл мәселені инновациялық түрде шешуде. «Айқын» жүйесі қаланың әдістемелік орталығына кез келген сабақты тікелей эфирде бақылауға, талдауға және мұғалімдерге кеңес беруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, дәл осы жүйе балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Кабинеттердегі барлық камералар қалалық полиция департаментіне қосылады, бұл кез келген оқиғаларға жедел ден қоюға мүмкіндік береді. Біздің лицей осы жүйеге 8 қыркүйекте қосылады, — деп түйіндеді Гүлназ Әбілдаева.

 

Сыңғырлаған қоңырау жаңа оқу жылына шақырды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Білімді ұрпақ – ел болашағының берік іргетасы» деген сөзі жаңа оқу жылының мәнін айқындай түскендей. Мұхамед Хайдар Дулати атындағы №8 мектеп-гимназияда алғашқы қоңырау соғылып, білім ордасы шәкірттерге есігін айқара ашты.

Мектеп ауласы бүгін ерекше күйге бөленді. Жүздерінде шаттық, жүректерінде толқу сезімі бар балалар мен ата-аналар сыңғырлаған қоңырау үніне құлақ түрді. Сахнаға шыққан мектеп түлектері қоштасар күннің де алыс еместігін сезінгендей. Биыл бұл білім ошағын 143 оқушы аяқтап, оның 14-і «Алтын белгіге» үміткер атанып отыр. Былтырғы оқу жылында 198 түлектің 25-і алтынды ақтағанын еске сала кеткен жөн.

Салтанатты жиын барысында ұстаздар ұжымы биылғы білім сапарына сәттілік тіледі. Ал алғашқы рет мектептің табалдырығын аттаған бүлдіршіндердің толқуын айтсаңызшы! Биыл 111 жаңа оқушы 5 сыныпқа қабылданып, өмірлерінің жаңа белесін бастады.

Сыңғырлаған қоңырау – тек жаңа оқу жылының басталуы ғана емес, ұстаз бен шәкірттің, ата-ана мен қоғамның ортақ үмітін тоғыстырған үн. №8 мектеп-гимназиясы – талай шәкірттің білімге құштарлығын оятып, елге еңбегі сіңген азаматтарды тәрбиелеп келе жатқан алтын ұя.

Алғашқы қоңырау салтанаты көңілге қуаныш ұялатты. Ендігі кезек – жаңа оқу жылының биік белестерге жетелеуінде.

Тағабай ҚАСЫМОВ,
Салтанат ЖАМАЛДИНОВА,
Дилара БИМЕНОВА,
Гүлжауһар БАЖАҚАЙ

Соңғы жаңалықтар

betwinner melbet megapari megapari giriş betandyou giriş melbet giriş melbet fenomenbet 1win giriş 1win 1win