Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауын жариялады. Әлемдегі орын алып тұрған құбылмалы геосаяси кезеңінде Қазақстан халқын нақты стратегиялық дамуға бастайтын бұл Жолдауда барлық сала толықтай қамтылды.
Жолдауда Президентіміз еліміздің экономикалық дамуына, мемлекеттік басқару ісін жаңғыртуға, өнеркәсіпті күшейтуге, халықты азық-түлікпен қамтамасыз ететін ауылшаруашылығы саласына аса көңіл бөлуге, білім және ғылым, заң мен тәртіп, мәдениет, денсаулық сақтау, бизнес және әлеуметтік мәселелер секілді елдегі барлық саланың жұмыстарына қатысты жаңа міндеттерді бекітіп берді.
Президент жаңа жолдауында тағы бір маңызды шешімін жария етті. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің саяси жүйесінде тың өзгеріс жасау бастамасын ұсынды. Қазақстан қос палаталы парламенттен бір палаталы жүйеге көшкелі отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Елімізде көп ұзамай бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтергім келеді», – деді. Бұл ұсыныс тек құрылымдық реформа емес, ел болашағына бағытталған маңызды қадам.
Тәуелсіздік алған жылдардан бастап еліміз қос палаталы парламент үлгісін ұстанып келді. Бұл кезеңде Мәжіліс пен Сенат өз міндеттерін тиімді атқарды. Әсіресе, аймақтардың мүддесін қорғауда Сенаттың рөлі ерекше болды. Алайда қазіргі жаһандану жағдайында, қоғам жылдам өзгеріп жатқан заманда шешім қабылдау да, оны іске асыру да кешіктіруге болмайтын міндетке айналды.
Дегенмен мұндай маңызды қадам алдында асығыстыққа әсте жол беруге болмайды. Бұған қатысты Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Мен мемлекеттің тағдырын айқындайтын барлық мәселе халықтың келісімімен ғана шешіледі деп бұған дейін бірнеше рет айттым», – деді. Мемлекет басшысы бұл сөзі арқылы үнемі халықпен санасатындығын, байыпты шешім қабылдау кезеңінде көреген саясаткер екендігін тағы да бір рет дәлелдеді.
Ал, енді алдағы уақытта жоғарыда айтылған маңызды реформа жүзеге асқан жағдайда қандай өзгерістер мен саяси тұрғыдан ұтымды тұстарын санамалап өтсек.
Біріншіден, бір палаталы парламент – басқару жүйесін жеңілдетудің, ашықтық пен жауапкершілікті арттырудың нақты жолы. Заңдарды қабылдау процесі жеделдейді, артық бюрократия қысқарады. Бұл – елдің стратегиялық реформаларын уақытында жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Екіншіден, депутаттардың барлығы бір палатада шоғырланып, тікелей халықтың сұранысына жауап береді. Бұл – халық пен билік арасындағы байланысты күшейтеді. Қарапайым тілмен айтқанда, халықтың үні заң қабылдау үдерісінде бұрынғыдан да айқын естіледі.
Үшіншіден, салмақты реформалар нәтижесінде жаңа партиялар пайда болуы мүмкін. Себебі, Мемлекет басшысы: «Егер бір палаталы Парламент құру қажет деген ортақ шешімге келсек, ондай Парламентті тек қана партиялық тізім бойынша сайлаған жөн деп санаймын», – деді. Бұл дегеніміз саяси партиялардың белсенділігін арттырары сөзсіз. Саяси алаң айтарлықтай жаңарады. Неғұрлым көп өзгеріс болса, соғұрлым бұл мәселе өзекті бола береді.
Төртіншіден, екі палата артық шығын мен жұмыстарының қайталану мәселелері де сарапшылар тарапынан айтылып келе жатқан дүние. Осынау кезеңде қос палатаны бір палатаға біріктіру жұмысты жеңілдетумен қатар, мемлекет қаражатын айтарлықтай үнемдеуге мүмкіндік берері сөзсіз.
Кейбір сарапшылар өңірлік мүдделер ескерусіз қалуы мүмкін деп қауіп білдіруде. Алайда біз, жергілікті мәслихат депутаттары, осы олқылықтың орнын толтыру үшін жұмыс істейміз. Мәслихаттар мен орталық билік арасындағы байланыс күшейтіледі. Сонымен қатар, цифрлық технологиялар мен қоғамдық бақылау тетіктері де өңірлердің мәселесін дер кезінде жеткізуге мүмкіндік береді.
«Ауыл» партиясы ретінде біз – ауыл халқының, өңірлердің, қарапайым еңбек адамдарының үнін естірту жолында еңбек етіп келеміз. Бір палаталы жүйе бұл мақсатымызға жетуді жеңілдетеді деп сенеміз.
Президентіміздің «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы жаңа жүйеде де сақталады. Бір палаталы парламенттің енгізілуі осы тұжырымның келесі сатысы. Енді әрбір депутат тек заң шығарушы ғана емес, халықтың мүддесін нақты қорғайтын жауапты тұлға болады.
Бір палаталы парламент – заман талабы. Бұл өзгеріс арқылы біз мемлекетті басқарудың тиімділігі мен халық алдындағы жауапкершілікті күшейте аламыз. Ауылдық өңірлердің, қалалар мен елді мекендердің мәселесі ашық айтылады, нақты шешімдер қабылданады.
Алдағы уаықтта референдум болған сәтте халық қолдаса іске асатын болады.
«Ауыл» партиясынан сайланған Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Айтбаев Талғат Ергенұлы