Шымкент қаласы Қаратау ауданының Сайрам тұрғын алабындағы «Наурыз» саябағында «Бірлік пен татулық – ел тұтастығының негізі» атты мерекелік іс-шара өтті.
Шара барысында жәрмеңке және ұлттық тағамдар мен қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылды. Балалар үйінің тәрбиеленушілері мен мүмкіндігі шектеулі балалардың сурет көрмесі де көпшілік назарына ұсынылды.
Мерекелік іс-шараның ресми ашылуында аудан әкімі Алмас Абаев жиылған жұртшылықты құттықтады.
– Сіздерді 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бірлік пен келісім – еліміздің басты құндылығы. Әр этностың салт-дәстүрі мен мәдениеті біздің ортақ байлығымыз. Ел Президентінің жетекшілігімен бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау жолында атқарылған жұмыстар бүгінде әлемге үлгі болуда. Біздің ауданымызда да түрлі этнос өкілдері бір шаңырақ астында татулықта өмір сүріп, бір мақсат жолында еңбек етуде. Бұл – ортақ еңбектің, өзара сыйластық пен түсіністіктің нәтижесі деп білемін. Бірлік күні – әрқайсысымыздың жүрегімізде бейбітшілікке, келісімге деген сенімді нығайтатын ерекше мереке. Осы жарқын күні сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, ырыс пен бақ-береке тілеймін. Әрдайым елімізде тыныштық пен бірлік салтанат құрсын! – деді Алмас Емелтайұлы.
Іс-шарада қоғамдық-саяси өмірге белсене араласқан азаматтар мен білім беру және мәдениет мекемелерінің басшылары марапатталды. Бағдарлама аясында сахналандырылған қойылымдар, ән-би мен музыкалық композициялар орындалды.
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ