Редакция таңдауы

Бірліктің берік діңгегі

Тарих таразысымен өлшенер тағылымды отыз жыл уақыттың еншісіндегі сан ғана емес, ел бірлігінің шынайы шежіресі десек те болады. Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясы сан қырлы мәдениеттер мен түрлі тілдердің үнін үйлестіріп, ортақ мүдде мен ұлттық тұтастыққа бастайтын бірегей құрылымға айналып үлгерді.

Шымкент қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік пен даму жолындағы
30 жыл» атты VI сессиясы өтті. Ұлтаралық татулықты ұлықтаған ұйымның үш онжылдықтағы рухани, әлеуметтік, мәдени миссиясы тереңнен сөз болған жиынға Шымкент қаласының әкімі, қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Ғабит Сыздықбеков арнайы қатысты. Рухани сабақтастықты жаңғыртқан, сан алуан пікір мен ортақ мақсат тоғысқан мазмұнды алаңда мемлекеттік саясаттың тірегі саналатын этносаралық келісім мәселелері тереңнен талданып, түрлі этностардың ел бірлігіне қосқан үлесі сараланды.

Сессия жұмысына қалалық мәслихат төрағасы мен депутаттары, аудан әкімдері, басқарма басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері, жоғары оқу орындарының ректорлары, этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен мүшелері, діни конфессиялар, қоғамдық кеңес мүшелері қатысты. Жиын барысында бірлік пен татулықты нығайтуға бағытталған мазмұнды баяндамалар тыңдалып, этносаралық келісім мен қоғамдық тұрақтылықты арттыру мәселелері кеңінен сөз болды.

Сессия шешімімен қалалық ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасарлары ретінде Юрий Пан мен Тахирбек Нишанбаев ұсынылды. Бұл шешім Ассамблея жұмысын одан әрі тиімді үйлестіруге ықпал етеріне жиынға қатысқандар да үлкен сенім артты.

Сессия модераторы, қала әкімінің орынбасары, қалалық ҚХА төрағасының орынбасары Сәрсен Құранбек «Еліміз үшін ішкі бірлік пен берекелі ынтымақ – ең басты құндылықтардың бірі» екенін еске салды. Қазақстанда азаматтарды ұлтына, тіліне немесе нәсіліне қарап кемсітуге жол берілмейді. Ал бұл жүйелі жүргізілген мемлекеттік саясаттың нәтижесі ғана емес, бүгінде жалпыұлттық бірлік еліміздің басты тұғырына айналғанын жеткізіп, алғашқы сөзді шаһар басшысына берді.

Ғабит Сыздықбековтің сөзінше, алқалы басқосу өткенді саралап, болашаққа жоспар құруға бағытталған. Өйткені, жиын Қазақстан халқы Ассамблеясының республикалық сессиясында жүктелген міндеттердің жергілікті деңгейде жүзеге асырылу барысын талқылауға арналған.

«Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясында Мемлекет басшысы еліміздің ғылымын, рухани өрісін дамыту, қоғамдық келісім мен бірлікті нығайту мәселелеріне айрықша назар аударды. Президентіміз өз сөзінде Ассамблея мүшелерінің, қоғам белсенділерінің еңбегін жоғары бағалап, олардың елдік мүдде жолындағы табанды жұмысына алғыс білдірді.

Мемлекет басшысы елімізде орныққан этносаралық татулық пен конфессияаралық келісімнің, бейбіт өмір мен тұрақтылықтың берік кепілі ретінде Ассамблея институтының ерекше рөлін атап өтті. Президентіміз бұл құрылымның соңғы отыз жыл ішінде түрлі этнос өкілдерін ортақ мақсатқа жұмылдырып, ұлттық бірегейлікті қалыптастыру жолында сүбелі үлес қосқанын ерекше бағалады», деді ол. Бұдан соң қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы мұны мемлекет тарапынан Ассамблея жұмысына берілген үлкен баға деп түсіндірді. Бұл жолғы сессияда алдағы кезеңге қойылатын нақты міндеттер айқындалып отырғанын атап өтті. Соның ішінде, өңірлік деңгейдегі жұмысты жандандыру, этномәдени бірлестіктерді туристік бағыттар картасына енгізу, этномедиация бағытына басымдық беру, мемлекеттік этносаясат аясындағы жұмыстарды ақпараттық кеңістікте жүйелі түрде жариялап отыру, театр, өнер, мәдени алаңдар арқылы қоғамдық келісімді насихаттау мен Ассамблеяның жобаларын кеңінен ілгерілету міндеті тұр. Осы міндеттерді тек Ассамблея ғана емес, қалалық басқармалар, аудан әкімдіктері, жоғары оқу орындары, жастар ұйымдары мен азаматтық қоғам институттары да бірлесе атқаруға тиістігін айтқан қала әкімі «Бұл – уақыт талабы. Бүгінгі жиында сондай-ақ этносаралық қарым-қатынас саласында атқарылған жұмыстарға шолу жасалып, болашақ жоспарлар нақтыланады», деді.

Сонымен қатар, алқалы жиында қалалық Ассамблея мүшелері тұрақтылықтың кілті татулықта екенін жеткізіп, бірлікті нығайтудағы өз тәжірибелерімен бөлісті. Алғашқы болып баяндама жасаған Шымкент қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Досыбай Шерімқұлов жергілікті Ассамблея мүшелері ел көлемінде бастау алған ауқымды жобалар мен бастамаларға қолдау көрсетіп, оларды іске асыруға әрдайым дайын екенін тілге тиек етті. Бүгінгі жеткен жетістігіміз – халқымыздың ынтымағы мен бірлігінің, түрлі этнос өкілдерінің тату тіршілігінің нәтижесі. Осылай деген ол «Біз осының арқасында бүкіл әлемге танылған, абыройлы мемлекетке айналдық. Халық даналығында айтылған «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді» деген терең мәнді сөз – бүгінгі қоғам үшін де өзекті. Береке мен бірлік болмаса, ел іргесі сөгілерін, шаңырақ шайқаларын бабаларымыз жақсы түсінген» деді. Оның айтуынша, бір ғана Шымкент қаласында 130-дан астам этнос өкілдері өмір сүріп жатыр. Қалада 16 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Олар бір шаңырақ астында бір мақсат жолында қызмет етіп келеді. Дегенмен, ол тек жетістіктерімізді айтып қана қоймай, әлі де болса қоғамда кездесетін кемшіліктерді түзетуге, кемсітушілікке жол бермеуге, ұлттар арасындағы татулық пен сенімді сақтауға күш салу қажеттігін алға тартты. «Қазір қалада қолға алынған жобалар мен істер аз емес. Президентіміздің өзі Шымкенттің дамуына жоғары баға беріп кетті. Бұл әкімдіктің, барлық басқарма мен мекеме қызметкерлерінің және тұрғындардың ортақ еңбегі. Алайда, шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. Жаңа жұмыс орындарын ашу, құқықтық тәртіпті күшейту, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау салаларында да жүйелі жұмыстар қажет. Бұл бағытта қала әкімдігінің нақты жоспарлары бар екеніне сенімдімін. Сын айтушылар да табылады. Кейде атқарылған игі істерге көз жұма қарап, барды жоққа шығаратындар кездеседі. Қазақта «Көргісі келмегенге күн де қараңғы» деген сөз бар. Сондықтан біз жақсы істерге әділ баға беріп, оларды қолдауға тиіспіз. Тек осылай бірлесе әрекет еткенде ғана елімізді өрге бастыра аламыз», дейді Досыбай Шерімқұлов.

Кез келген елдің дамуында жұмысшы мамандықтардың орны орасан зор. Президент сөзімен айтсақ, жұмысшы мамандықтарды дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор әрі нағыз маман болу идеясын насихаттай аламыз. Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжінің директоры Гүлмира Тағаева осылай деді. Оның сөзінше, елімізде 20 өңірлік және 13 салалық жоспар әзірленген. Шымкент қаласында да бұл бастамаға айрықша мән беріліп, жұмысшы мамандықтарды дамытуға бағытталған өңірлік жоспар жасалды. Бұл алты негізгі бағыт пен алпыс іс-шарадан тұрады. Қазір осы жоспар шеңберіндегі жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асып, ақпарат құралдарында кеңінен жарияланып келеді. Арнайы медиа-жоспар да бекітілген. Бүгінде шаһарда техникалық және кәсіптік білім беретін 39 колледж жұмыс істейді екен. Оқу орындарында 95 мамандықта 49 780 студент білім алады. Айталық, 2024–2025 оқу жылында жұмысшы мамандықтарға бөлінген мемлекеттік білім беру тапсырысы 11 500 грантты құраса, соның алты мыңы республикалық бюджеттен, 5 570-і жергілікті бюджет есебінен бөлінген. Гранттардың 70 пайызға жуығы өңірдегі өндірістік кәсіпорындардың сұранысына сәйкес жұмысшы мамандықтарға бағытталған екен. Соның ішінде Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжі – Оңтүстік өңірінде жеңіл өнеркәсіп саласына маман даярлайтын жетекші оқу орындарының бірі. Өңірдегі ашылып жатқан аяқ киім фабрикаларына қажетті маман тапшылығын ескере отырып, колледж базасында қазір аяқ киім өндірісі мамандығы ашылған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев медиация туралы заңға қол қойып, оны құқықтық жүйеге енгізу арқылы елімізде дауларды сотқа дейін шешудің өркениетті әрі тиімді тетігін қалыптастыруға зор үлес қосты. «Билік айтқанның бәрі би емес, бітімге келген би» деген аталы сөзде айтылғандай, медиация институтының қазіргі қоғамдағы маңызына тоқталған Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы, Ассамблея жанындағы Этномедиация кеңесінің мүшесі Еркен Отарбаев дау-шарды бейбіт жолмен шешу – өркениетті қоғамның көрінісі екенін жеткізді. «Дау қуған елдің аты мәшһүр, жау қуған елдің туы мәшһүр» демекші, өркениетті қоғамның басты шарты заңның үстемдігі мен құқықтық мәдениеттің қалыптасуында болып отыр. Оның айтуынша, бүгінде медиация, соның ішінде этномедиация этносаралық келіспеушіліктерді реттейтін ерекше бағыт ретінде кең қанат жайып келеді. Дамыған елдерде бұл тәжірибе бұрыннан бар. Шымкентте де осы бағытта жүйелі жұмыстар басталып кеткен.

«2023 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан Этномедиация орталығы құрылды. Бұл орталық этносаралық қақтығыстардың алдын алу, оларды бейбіт түрде шешу және кәсіби этномедиаторлар дайындау ісінде үлкен рөл атқарып отыр. Этномедиация саласында тәжірибелі мамандарды дайындау, оларға қажетті білім мен құзыреттер беру – ортақ міндетіміз. Осы бағытта біз Шымкент қаласы әкімдігімен бірлесе отырып, меморандумға қол қойып, бірнеше жобаны іске асырып отырмыз», деді ол. Сөзіне сенсек, Шымкент қаласында қазір медиация көрсеткіші 54,2 пайызға жетіп отыр. Бұл – республикадағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Қазір Құқық қорғау және татуласу орталығымен бірлесіп, екі ай ішінде 74 адамның арасындағы дауға бітімгершілікпен нүкте қойылған. Бұл өз кезегінде халықтың медиацияға деген сенімінің артып келе жатқанын көрсетсе керек. Сондай-ақ, қоғамдық медиаторларды арнайы оқытып, сертификаттар табыстау дәстүрі де қатар қолға алынған. Олардың кәсіби деңгейін арттыру саладағы жұмыс сапасын арттырудың басты тетігі екенін тілге тиек ете келіп: «Барлық медиаторларды оқыту және олардың біліктілігін арттыру жұмыстарын жүйелеп, медиацияны оқытатын мамандардың даярлығына ерекше көңіл бөлу қажет. Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру академиясының филиалдарына медиация курстарын енгізу маңызды» деді Еркен Отарбаев.

Сонымен қатар Шымкент қалалық корей этномәдени бірлестігінің мүшесі, қазақ тілі пәнінің мұғалімі Елена Ли өзінің патриот жастар қатарынан көрініп жүргенін мақтанышпен еске салды. Өзі корей этносының өкілі болса да кейін жергілікті халықтың тілін меңгеріп қана қоймай, қазір мемлекеттік тілді дәріптеп, өзгелерге үйретуде аянбай еңбек етіп келеді екен.

Мәселен, қазір ол қазақ тілін үйренуге арналған стартап жобаларымен айналысып жүр. Ынталы этнос өкілдеріне арналған электронды бағдарламалар арқылы қазақ тілін үйретіп, осы күні бастауыш сынып оқушыларына арналған екі жүзден астам бейнесабақ жазып үлгерген. «Тіл – халықты біріктіретін ең басты фактор. Ал мемлекеттік тілді меңгеру елдің тарихы мен мәдениетіне деген құрметтің көрінісі. Бейбітшілік, достық, татулық сияқты құндылықтар – біздің басты байлығымыз», деді ол. Сондай-ақ жастар атынан сөз алған Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің студенті, «Бірлік» жастар ұйымының төрайымы Нурхаят Байрамова бірлік пен алуандықты үйлестіру жолында жастар да білек сыбана іске кірісіп келе жатқанын айтты. Оның айтуынша, 2022 жылы Шымкент қаласында Ассамблея жастар ұйымының негізі қаланды. Бұл ұйым қысқа уақыт ішінде қаладағы жоғары оқу орындары мен колледждердегі жастар ұйымдары мен достық клубтарын біріктірген кең ауқымды алаңға айналған. Қазір бұл ұйымның белсенді мүшелері мемлекеттік этносаясат аясындағы маңызды жобалардың бел ортасында жүр. Мәселен, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай оқу орындарында форумдар, дөңгелек үстелдер, конференциялар мен семинарлар ұйымдастырылды. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жастар қаланы абаттандыру, ағаш отырғызу, қоршаған ортаны қорғау жұмыстарына белсене қатысып келеді. Бұдан бөлек, «Жүректен Жүрекке», «Жомарт жан» атты қайырымдылық жобалары мен «30 игі іс» акциясы аясында жастар түрлі әлеуметтік топтарға көмек көрсетіп жатыр.

Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Ассамблея мүшелері қайырымдылық іс-шараларына, этномедиацияны дамыту мен қоғамдық келісімді нығайтуға да белсенді араласып жүргенін мақтанышпен жеткізді. «Бұл бағыттағы қызмет ұлтаралық өзара түсіністік пен сенімді қалыптастырудағы маңызды рөлін атқарып отырғаны қуантады» деді ол. Алдағы уақытта да қалалық сессия барысында айтылған этносаясат аясындағы басым бағыттар мен нақты ұсыныстарынан арнайы жұмыс жоспары әзірленіп, оның сапалы әрі нәтижелі орындалуына күш салу міндеті айқындалатынын айтып отыр.

Сессияны қорытындылаған шаһар басшысы «Қай салада болмасын, қала тұрғындарының еңбегі мен талпынысы осы бірліктің айналасында тоғысады. Бізді біріктіретін де осы ортақ мақсат. Еліміздің әр өңірінде, әр салада бірлік пен ынтымақ үстемдік құрған жағдайда ғана біз алға жылжимыз, дамимыз. Бұл – менің өмірлік көзқарасым. Шымкент қаласының соңғы жылдардағы тұрақты дамуы мен жетістіктері де осы бірліктің, осы ауызбіршіліктің нақты нәтижесі», деді Ғабит
Әбдімәжитұлы.

Сондай-ақ сессия жұмысының қалалық ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары Юрий Пан «отыз жылда қол жеткізген жетістіктерге тоқмейілсуге болмайды» деді. Сондықтан ол елдегі саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүзеге асыру жолында белсенділік танытуға дайын екенін жеткізді. Қоғамдық орынбасар, қалалық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Тахирбек Нишанбаев мемлекет елдегі этномәдени бірлестіктердің жұмысына әрқашан қолдау білдіріп келе жатқанына алғысын білдірді. Соның арқасында қалада 30-дан астам мектепте өзбек тілінде білім беріліп, өзбек драма театры жұмыс істеп тұр. «Осы мүмкіндіктерге ие бола отырып, біз мемлекеттік тілді меңгеруге міндеттіміз», деді ол.

Шымкентте өткен сессия алтын арқауды жалғаған, қоғамдық келісім мен мәдени әралуандылықты сақтауға деген ортақ ықыластың айғағын көрсетті. Ел ішіндегі ынтымақ пен тұрақтылық – тек мемлекет мүддесі ғана емес, әр азаматтың жүрек түкпіріндегі ұлы мұрат. Ассамблеяның басты миссиясы да сол жүректерді жақындастырып, сананы бір арнаға тоғыстыру болып отыр. Ендеше құрылымның келешегі де кемел, миссиясы мәңгілік.

Жадыра МҮСІЛІМ

Соңғы жаңалықтар