Редакция таңдауы

Бірыңғай ваучерлік қаржыландыру – жас ұрпақтың бәсекеге қабілетті азамат болуына бастайтын жол

Бүгінде мемлекет жас ұрпақтың сапалы білім алып, парасатты, салауатты әрі әлемдік бәсекелестікке қабілетті азаматтар болып өсуі үшін барынша қолайлы жағдай жасап отыр. Мектепте берілетін негізгі білімге қатысты мәселелерді біршама еңсерген билік енді оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалануы үшін қосымша білім беру, балаларды спорт пен өнерге баулу мәселелесін де бір жүйеге түсіріп, түбегейлі шешуге кірісіп жатыр.

Жыл басында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт
Тоқаев қосымша білім беру саласына тоқталып өткен болатын.

«Келесі мәселе – қосымша білім беру. Бұл – өскелең ұрпақтың қарым-қабілетін дамыту үшін қолға алынған бастама. Қосымша спорттық және шығармашылық білім беру ісіне мемлекет тапсырысы бойынша қаржы бөлінетін болды. Бұл қадам үйірмелер мен секцияларға қатысатын балалардың санын 70 пайызға дейін арттырды. Мұны стратегиялық тұрғыдан дұрыс шешім болды деп санаймын. Дегенмен, жоба іске қосылған жылы бірқатар олқылықтарға жол берілді. …Кемшіліктің бәрін түзетіп, осы игі бастаманы жалғастыру қажет. Әкімдіктер және мәслихаттар қосымша білімге бөлінетін бюджет қаражаты жетпей қалуы мүмкін деп алаңдап отыр» – деген еді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, білімге салынған қаражат – мемлекет үшін ең басты инвестиция болуы керек. «Бұл – өте маңызды мәселе. Түптеп келгенде, дамудың бірден-бір жолы – білім саласы. Сондықтан бұдан ешкім ұтылмайтыны сөзсіз. Үкімет пен әкімдер жұртшылықпен бірлесіп, жобаны жетілдіруге тиіс. Оны сапалы әрі тиімді жасау қажет», – деді Қ.Тоқаев

Ваучер. Иә, бұл бүгінгі күннің ең жиі қолданылатын, ата-аналардың аузынан түспейтін сөз. Ваучерді қалай алуға болады? Жиі қойылатын сұрақ осы. Жалпы, бұл бағытта мәселе шаш етектен. Өйткені, бұған дейін спорт, өнер және қосымша білім беру бағыты бойынша бірізділік болмады. Әр бағытқа қаржы әр басқармадан бөлінді. Өзіміз де ана болғандықтан, «Баламды ана үйірмеге тіркейін десем, орын жоқ. Қашан барсаң, базалары істемей тұрады» деген наразылық, көңіл толмаушылықтарды айналамыздан көп еститін едік. Өз кезегінде өнім ұсынушы кей кәсіпкерлер де төлемақысын уақытылы алмайтынын, проблемаларын айтып шағымданудан шаршамайтын-ды.

Енді қосымша білім беру саласына ваучерлік қаржыландыру енгізілген соң көптеген өзгерістер орын алады. «Спорт, өнер және қосымша білім беру бағыты бойынша бірыңғай ваучер жүйесінің пилоттық жобасы» әзірленді. Осыған орай, Шымкент қаласы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қалалық қоғамдық кеңес мүшелері және тиісті басқарма басшыларымен бірге қосымша білімге бірыңғай мемлекеттік тапсырысты енгізу туралы жиын өткізді. Бұл жәй жиын болған жоқ, жариялы түрдегі екіжақты қызу талқылау болды. Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы ваучерлік қаржыландырудағы түйткілді мәселелерді көпшіліктің алдына жайып салды. Бір мұғалімнің 4-5 үйірмеден сабақ беруі мен бір баланың 7 үйірмеге дейін тіркелгені туралы заңбұзушылықтар болғанын да жасырмады.

–  Қаржыландыру нормативтері өзгерді. Балалардың және қаланың нақты қажеттіліктері ескерілді. Білім беру үйірмелерінің жеке өнім берушілерінде бір баланы қаржыландыру нормативтері бойынша базалық норматив айына – 15 000 теңге, ЕББҚ бар балалар –  айына 22 500 теңге, мүгедектігі бар балалар үшін айына – 30 000 теңге белгіленіп отыр. Жылына қосымша білімге, тек осы жеке өнім жеткізушілерге 10 миллиард теңге қаржы жұмсалады. Бұл оңай ақша емес. Сондықтан өнім жеткізушілердің сапалы өнім ұсынғанын қалаймыз, – деді Сәрсен Құранбек.

Бұған дейін білім беру үйірмелерінің жеке өнім берушілерінде айына 14 000 теңге, шығармашылық үйірмелерінің жеке өнім берушілерінде айына 17 000 теңге, спорт секцияларында айына 18500 теңге болған.

Жиында Сәрсен Абайұлы ваучерлік жүйенің бұған дейінгі және кейінгі қаржыландыру нормативтерін, жалпы білім беретін кезектің құрылымын, жеке өнім берушілер үшін жаңа нормативтер мен ережелер бойынша өз қызметін жалғастыру қаншалықты шығынды екендігі, жобаның техникалық қамтамасыз етілуі және дербес деректердің сақталуы, жобаның жоспар-кестесі, ваучерлерді тұтас салыстыру, қосымша білім берушілердің қызметінің сәйкессіздігі, атқарылған жұмыс туралы есеп, жобаның бюджеті туралы соқырға таяқ ұстатқандай етіп баяндап берді.

Спикердің сөзінен белгілі болғандай, қазіргі таңда Шымкент қаласында қосымша білім беру саласында жүйелілік пен әділеттілікті қамтамасыз ету мақсатында пилоттық жоба жүзеге асырылуда. Бұған дейін бұл қызмет түрін үш басқарма – Білім, Спорт және Мәдениет басқармалары бір мезгілде ұсынып келген болатын. Алайда, жүргізілген зерттеу нәтижесінде басқармалар арасындағы үйлестірудің жеткіліксіздігі, қаржыландырудың қайталануы және кейбір салаға бейінді емес кәсіпкерлердің мемлекеттік тапсырыс алу фактілері сияқты бірқатар мәселелер анықталған.

Осыған байланысты қосымша білім беру саласын бірыңғай басқару жүйесіне көшіру туралы шешім қабылданды. Ендігі кезекте барлық қаржыландыру мен бақылау Шымкент қаласының білім басқармасы арқылы жүзеге асырылады. Аталған жүйе мемлекеттік және жекеменшік спорттық секцияларын, шығармашылық үйірмелер мен қосымша білім беру курстарын бірыңғай цифрлық платформаға біріктіреді.

«Жаңа жүйенің басты қағидаты – ваучер білім беру ұйымына емес, тікелей балаға беріледі. Бұл өзгеріс қосымша білім беру жүйесінің ашықтығын арттырып, балалардың сапалы білім алуына, сондай-ақ бюджет қаражатының тиімді әрі мақсатты жұмсалуына ықпал етпек. Спорт, өнер және қосымша білім беру бағыттары бойынша бірыңғай ваучер жүйесінің пилоттық жобасы жан-жақты ойластырылған. Онда өтінім беріп жүрген және әлеуетті өнім жеткізушілердің пікірлері ескерілген. Бұл шара қызмет көрсетушілер қатарын көбейту және барлық санаттағы балаларды қамту үшін жасалып отыр», – дейді С.Құранбек.

Бір қызығы, 2021 жылы қосымша білімге бірыңғай тапсырыс енгізілгелі бері мүмкіндігі шектеулі немесе ерекше білім беру кажеттіліктері бар бірде-бір бала қабылданбапты. «Осындай жағдай басқа өңірлерде де болған болса керек. Осы сәттердің барлығы ескерілді. Яғни, қазіргі өнім берушілердің пікірі ғана емес, потенциалды өнім жеткізуші адамдардың, кәсіпкерлердің де, ата-аналардың да, балалардың да қажеттіліктері ескерілді», – деді қала әкімінің орынбасары.

Өнім берушілердің 90 пайызы қаланың орталығында орналасқан. Қалаға қосылған 41 елдімекен қосымша білім қызметтерімен қамтылмаған. «Шағын аудандардың балалары қаланың баласынан қай жері кем?! Мысалы, Шапыраштыда Қыпшақбаев дейтін кәсіпкердің үлкен жеке ғимараты бар. Өнім ұсынайын десе, өнім жеткізуші қатарында жоқ. Ал, неге біз оны шектеуіміз керек? Мәселен, қалада бір бала бірнеше секцияға баруы мүмкін. Неге қалаға іргелес елдімекендердің бірде-бір баласы бармауы керек? Енді пилоттық жоба заңнамасы аясында жеке ғимараты және жұмыс істейтін дұрыс ниеті бар азаматтарға қолдау көрсетіледі. Қаламызда 344 өнім жеткізуші бар. Біз осыған дейін шектеп келсек, бұдан былай 3 344, 30 344 болуы мүмкін. Бұл неге әкеледі? Бұл бәсекелестікке алып келеді. Кім жақсы өнім береді? Кім жайлы жағдай жасайды? Кім жобаны дұрыс жүзеге асырады, солар қалады. Ал, мұны кім таңдайды? Мұны ата-ана һәм бала таңдайды. Егер өнім жеткізушілер бәсекеге қабілетсіз болса, жеке ғимараты болмаса, онда мемлекетке ренжімесін. Біз ғимараты және жұмыс істеу мүмкіндігі бар кәсіпкерлерге мүмкіндік береміз», – деді С.Абайұлы.

Енді мемлекеттік қосымша білім беру мекемелері, атап айтқанда, Оқушылар сарайлары да әмбебап ваучерлік жүйеге қатысуы мүмкін. Мәселен, №2 Оқушылар сарайына 5 мыңның орнына 15 мың бала бару мәселесі қарастырылып жатыр.

Ал, үйірмелердің сапасы туралы әңгіме бөлек. Енді қалай болса солай сабақ өту деген болмайды. «Мәселен, шығармашылық үйірмелерінде оқушылардың кемі жетпіс пайызы қатысуы керек. Негізі сексен бес пайызын сақтау керек. Сақтамаған жағдайда сабақ қысқарады. Ауыстыруға мүмкіндік бермейді. Ол мұғалім әр балаға жеке жылдық жоспар, айлық жоспар жазады. Кәсіби біліктілік курсынан өтуі міндетті. Шәкірті әр тоқсан сайын тест тапсыруы керек. Жылдың соңында бір жылдан екінші жылға өтуі үшін тағы да емтиханнан өтуі керек. Музыкалық мектептегілер де, спорттық үйірмелер де солай. Норматив орындалмаса, сағаты қысқарады. Сағат қысқарғаннан кейін айлық қысқарады. Айлық қысқарғаннан кейін табыс қысқарады. Мемлекеттік қосымша білім беру мекемесіндегі қызметкердің айлығы 120 мың теңге, сіздер 240 мың теңге табыңыздар. Аз ба? Меніңше, аз емес. Егер аз деп тапсаңыздар, бұл салада жұмыс істеп қажеті жоқ. Мен тағы да айтамын, біз сіздерге бұдан бизнес жасау мүмкіндігін беріп отырғанымыз жоқ. Біз балаларымызды шығармашылық және спорттық тұрғыдан дамытқандарыңызды қалап отырмыз. Ақиқаты осы», – деді қала әкімінің орынбасары кәсіпкерлерге қарата.

Пилоттық жобаның алгоритмі толықтай әзірленіп, мамыр айынан бері күшіне енген. Мәдениет, спорт және білім беру өнім берушілерімен кездесулер өткізіліп, ұсыныстар қаралып, түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Жобаның бюджеті, үйірмелер мен секциялардың түрлері, жабдықтауға қойылатын талаптар туралы Шымкент қаласы әкімінің қаулысы әзірленіп, күшіне енген.

Пилоттық жобаның аясында Мәдениет басқармасы мен спорт басқармасы бұл шығармашылық және спорттық тапсырыспен айналыспайды. Барлығымен тұтастай Білім басқармасына қарасты әдістемелік орталық www.mindal.kz платформасы арқылы жүзеге асырады. Цифрлық платформа «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ мемлекеттік дата-орталығында орналасқан және соның негізінде әрекет етеді. Жиналатын барлық деректер мемлекеттік органға тиесілі және бақылауында болады.

Қоғамдық кеңес мүшелері қатысқан екіжақты кездесудегі тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, пилоттық жоба аясында кәсіпкер талапқа сай келе ме, жұмысын жалғастырады. Ол талаптардың ішінде бір топта 10 баланың болуы, білім сапасы, ғимаратында дәретхананың болуы, санитарлық талаптарға сәйкестігі алдыңғы орында. Қала әкімдігі, оның білім басқармасы жылына 4 рет мониторинг жүргізеді. Егер де қате-кемшілігін түземеген болса, ол кәсіпкермен келісімшарт бұзылады. Тағы айта кететін нәрсе,  бала бір үйірмеден жалықса, басқа жақтағы екіншісіне баруына хақысы бар. Қай үйірмеге ауысса, соған мемлекеттен ақша төленеді. Бұрынғыдай бір жерге ғана жабысып отыру деген жоқ. Ал, егер өнім жеткізуші тарапынан құқықбұзушылық орын алса, онда жауапкершілікке тартылады.

Бір топта он баладан артық болса және ұл да, қыз да баратын  болса, онда екі бөлек дәретхана болуға тиіс. Ал, кіл қыздар баратын үйірмелерге бір дәретхана жеткілікті.

Әзірге тариф 3 айға дейін өзгермейді. Енді қосымша білім беру саласындағы кәсіпкерлер арасында бала үшін бәйге басталады. Баланың қосымша білім алуына ата-аналар да тікелей жауапты. Өкінішке орай, балаларының өмірі, денсаулығы, болашағы үшін өзінің жауапкер екенін ұмытып кеткен ата-аналар бар. Иә, мемлекет орта білімді тегін береді. Бірақ, баланы дамытуға қажетті керек-жарағын ата-ана алып беруге міндетті. Бұған дейін ата-аналарға салмақ салынбай келген-ді. Басқосуда екіжақ мәмілесе отырып, шаһар басшылығы қосымша қаржыны ата-анадан алуға рұқсат етті.

Ваучерлік қаржыландыру жүйесіне қатысты мәселелер мұнымен бітпек емес. Дегенмен, жаңа пилоттық жоба көп шикілікті жойып, олқылықтың орнын толтыратын сияқты. Ендігі қалғаны уақыттың еншісінде.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

Соңғы жаңалықтар