Әл-Фараби ауданы әкімдігі мен Әл-Фараби аудандық полиция басқармасының бастамасымен Тәуелсіздік саябағында «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» республикалық акциясы өтті.

25 қараша мен 10 желтоқсан аралығын қамтитын бұл шара – елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, құқық бұзушылықтың жолын кесу және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытындағы кешенді жұмыстардың бір бөлігі. Акцияның негізгі мақсаты да отбасылық қатынастардағы қауіпсіздік мәдениетін нығайту және тұрғындарды осы бағытта қабылданып жатқан профилактикалық шаралармен жан-жақты таныстыру болып отыр.
Отбасы-тұрмыстық қатынастар тақырыбындағы жағдайға қатысты Әл-Фараби аудандық полиция басқармасының мәліметіне сүйенсек, 2025 жылдың 10 айында 102 арнасына мыңға жуық шақыру түскен. Ал, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 950-ге жуық құқық бұзушылық тіркеліп, бірқатар жәбірленушіге қатысты қорғау нұсқамалары шығарылған. Сондай-ақ, тиісті тұлғалар есептік тізімдерге енгізілген. Бұл деректер профилактикалық шараларды жүйелі жүргізу қажет екенін және тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесінің қоғамда әлі де өзектілігін көрсетіп отыр.
Жиынға қаладағы жоғары оқу орындарының студенттері белсене атсалысты. Жастар «Біз зорлық-зомбылыққа қарсымыз!» деген ортақ ұранмен флешмоб орындап, қоғамдық сананы оятуға бағытталған үндеу жасады. Бұдан бөлек, 150 студенттің қатысуымен Димаш Құдайбергеннің «Тау ішінде» шығармасына қойылған хореографиялық композиция ұсынылды. Бұл көрініс акцияның әлеуметтік маңызын айшықтап, жастардың азаматтық белсенділігін көрсетті.
Акция аясындағы түсіндіру және профилактикалық жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Жоспарға сәйкес, мектептер мен медициналық мекемелерде ашық есік күндері өткізіліп, тұрғындарға тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу тетіктері, құқықтық көмек алу мүмкіндіктері және тиісті мемлекеттік органдардың жұмысы туралы кең көлемді ақпарат берілмек. Қоғамдағы тыныштық пен отбасы институтының тұрақтылығы – ортақ құндылық. Осы бағыттағы мұндай шаралар азаматтардың құқықтық мәдениетін нығайтып, қауіпсіз ортаны қалыптастыруға маңызды үлес қосады.
Гүлжауһар БАЖАҚАЙ
