Редакция таңдауы

Бояу мен болмысты ұштастырған суретші

  • Шымкент және шымкенттіктер

    Қазіргі қазақ бейнелеу өнерінде өз қолтаңбасын қалыптастырып келе жатқан суретшілердің бірі – Шаһарбану Әленқызы. Суретшілік туа бітті талант екені даусыз. Тек талантын ұштай түсетіндердің сапында әйел баласы өте сирек кездесетіні жасырын емес. Бейнелеу өнерін жанына серік еткен қазақ қыздары кемшін. Сол даралардың сапында Шаһарбану Әлімқұлованың есімі жарқырай көрінеді.

Ол Бәйдібек ауданында туып өскенімен, Шымкентте тұрып жатқанына – елу жыл. «Шымкенттің өсіп-өркендеу жолындағы барлық жаңалықтар менің көз алдымда болуда.  Жетістігіне қуанып, жақсылығына сүйсінемін. Мен үшін Шымкенттей – сұлу, жайлы шаһар жоқ» дейді Шаһарбану апай. Расында да суретшілікті арман етіп ауылдан келген ару  1977 жылы Шымкент қаласындағы Ә.Қастеев атындағы көркемсурет училищесіне оқуға келгелі өмірі осы шаһарда өрілуде. Училищені қызыл дипломмен бітіргелі тұрғанда әкесі өмірден қайтып талабы таудай қыз әрі қарай жоғары оқу орнына құжат тапсыра алмады. Өзінен кейінгі үйелмелі-сүйелмелі бауырларына бас-көз болу, қамқорлық жасау қарекеті тұрған-ды. Оқуда озат болған түлегін училище сол кезеңдегі әйгілі «Худфондқа» жұмысқа алуына жолдама берген. Бірақ, суретшілер қорының басшылығы талдырмаш, нәзік қазақ қызының өнеріне күмән келтірмесі бар ма?! Қиындыққа қайыспайтын Шаһарбану Әленқызына бірнеше жыл «КазКоррРеклама» мекемесінде еңбек етуіне тура келді. Еңбекқор, жауапкершілігі жоғары жас маман осында жүріп-ақ өзін дәлелдеді. Содан да болар оған сенім артқандар оны депутат етіп сайлады. Ол 1982-85 жылдары Шымкент қалалық Халық кеңесінің депутаты ретінде шымкенттіктердің әлеуметтік мұн-мұқтажын қорғап, депутатық мандатына адал болды.
1985 жылы Шаһарбану  Әленқызын Суретшілер қоры өздеріне қызметке арнайы шақырды. Дәл осы қорда кейіпкеріміз бала күннен бергі суретке деген қызығушылығын шыңдай түсті. Қолынан сурет дәптері мен түрлі түсті қаламы түспейтін қыз көзіне түскен әсемдіктің бәрін де қағазға түсіріп алуға ұмтылды. Арманы алдамады. Суретшілікті серік етті.

Ол салған әр картинасында өзіне тән ерекшілік, өз қолтаңбасы бар. Табиғат жанына жақын тақырып. Бойындағы отаншылдық, ел мен жерге деген сүйіспеншілік қасиеті суреттерінде жиі көрініс береді. Ұлттық ою-өрнек, шығыс халықтарына тән нақыш Шаһарбану Әленқызы салған картиналардан менмұндалап тұрады. Ол гобелен де тоқу шебері. Әр жіптің айтар сыры барын жақсы түсінеді. Шаһарбану апай тоқыған гобелендердің әрқайсысы өз әлеміне бастап, көрерменге шаттық сыйлайды. Сурет өнерін тамашалаушыларды қызықтыратын да осы нақыштар.
Оның қолынан шыққан «Абай» гобелені, қазақтың әйгілі тұлғалары Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқовтардың шығармашылық портреттері, «Томирис» картинасы сыншылар тарапынан жоғары бағаға ие болған еңбектер.
Астана қаласының 10 жылдық мерейтойына орай еліміздің ең үздік бірнеше қылқалам шебері бас қосып, бірге «Тарихнама» атты үлкен еңбек жасады. Осы құрамда Шаһарбану Әленқызы да болды. «Тариханаманы» тамашалауға сол жылдардағы ел Президенті арнайы келіп, суретшілермен кездесу өткізді.
Ерен еңбектің үлгісін көрсеткен суретшілердің сапында Шаһарбану Әлімқұлова «Құрмет» орденімен марапатталды.
түрлі сурет байқауларында, көрмелерде жоғары бағаға ие болып жүретін кейіпкеріміз «Бейнелеу өнеріне еңбегі сіңген» төсбелгісінің, «Еңбек Ері» медалінің иегері. 2002 жылы «Жыл суретшісі» атанды.

–Мен керемет суретші ағаларыммен бірге қызметтес болдым. Өнер десе ішкен асын жерге қоятын мықты әріптестерім болғанын мақтан етемін. Әйгілі қылқалам шеберлері Аман Тұрсынұлы, Қуаныш Мәліков, Аман Жексенбин, Батыр Өтепов, Нұрлан Шилібаев, Сапархан аға, Ергеш ағай, Дәурен аға, Епсеев, Потехин, Пономаренка, Стороженко… бәрі де кілең сайдың тасындай мықты суретшілер. Осындай шеберлермен иық тірестіре қызметтес болғаныма қуанамын. Бәрі де мені қарындасындай, құрбысындай құрметтеді. Қазақ қызына деген құрметі еді бұл,- дейді өткен күнді еске алып Шаһарбану Әленқызы.
Кейіпкеріміз ілгері уақытта Алматыда өткен «Еуразия: қазіргі заман образы» атты симпозиумға қатысып бір ай бойы сол іс-шара шеңберінде сурет салды. Нәтижесінде Шаһарбану Әленқызының жұмысын Президенттің резиденциясына қоюға мемлекет сатып алды. Жалпы кейіпкеріміздің бірқатар жұмыстарын облыс, қала басшылары арнайы сатып алып қадірлі қонақтарға сыйға ұсынған жағдайлар жиі кездеседі.  Бір картинасын кезінде облыс әкімі Болат Жылқышиев сатып алып Тараз қаласынан келген делегацияға тарту еткені бар. Мұндай жағдайлар көп-ақ.
Шаһарбану апайдың бойындағы ұлттық ою-өрнекке деген құмарпаздықтың сыры әжесінің қолында өсіп, әулеттің дана қариясының тәлімін алғанынан да болса керек-ті. Әже тәрбиесін көрген кейіпкеріміз отбасын да өнерді де қатар алып жүрген қазақтың қайсар қыздарының бірі.
–Ұлымның бойында өнерге деген сүйіспеншілікті байқаймын. Өнерге қызыққан адам мейірімді, кең жүректі, жомарт, сезімтал болады. Сондықтан да ата-аналарға баланың бойынан өнерге деген қызығушылықты байқасаңыз оны қолдап, қуаттаңыз дегім келеді. Ол сурет салу бола ма, ән айту бола ма, ақындық қабілет бола ма маңызды емес, маңыздысы сол оның бойындағы нәзік сезімталдыққа қуанып, оны ұштай түсу,- дейді Шаһарбану Әлімқұлова.
Үнемі көтеріңкі көңіл күйде жүретін кейіпкеріміз бір уақыт дене шынықтыру жаттығуларын жасап, бес уақыт намазын қаза қылмай елдің амандығын тілеп отырады.
Десе де кейіпкерімізді қынжылтатын жәйттер де жоқ емес. Әсіресе, қоғам тарапынан суретшілерге деген қамқорлықтың, қолдаудың аздығы көңіліне кірбін ұялатады. Шаһарбану Әленқызы суретшілерге арнайы шеберханалар, тұрақты көрме алаңдары және материалдық қолдау қажет екенін айтады.

–Бір суретті салу үшін неше түрлі бояу, қылқалам қажет. Сапалысының бағасы да жоғары. Картинаны салып бастағандағы эмоцияңды жұмысты толық аяқтағанға дейін сақтауың қажет. Бұл оңай емес, материалдық қажеттілік моральдық шаршауға, шабытты тұсаулауға әкеп соқтыратын жағдайлар да болады. Осының бәрін жеңе білуге тура келеді, — дейді суретші.
Шаһарбану апайдың дайын картиналарын сатып алушылар көп. Бағасы картинаның көлемі мен тақырыбына байланысты әртүрлі болады. Көбіне оның жұмыстарын өнерді бағалайтын жандар немесе үй, офис интерьеріне ерекше дүние іздеген адамдар сатып алады екен. «Әсіресе, табиғат пен ұлттық өнер нақыштары бейнеленген суреттерге сұраныс жоғары» дейді өзі.

Шаһарбану Әленқызын іздегендер көбіне оны жеке шеберханасынан табады. Тыныштықта қиялымен шабыттың шалқар биігінде жаңа идеялар туатынын жасырмайды. Оның айтуынша, шеберхана- суретші үшін ең маңызды кеңістік, себебі шығармашылықты аялай, баптай да білген жөн.

Ш. Әлімқұлова  ҚР суретшілер одағы тарапынан берілген көптеген марапаттарға ие. 2015 жылы «Еңбек ері» медаліне ие болды. Өмірін өнермиен өрген кейіпкеріміз дәйім еңбектену, ізденуді, табысты адал жолмен табуды мақсат тұтады.

Жансая Қожатай,

М. Әуезов атындағы ОҚЗУ-дың 3курс студенті

Соңғы жаңалықтар

betwinner melbet megapari megapari giriş betandyou giriş melbet giriş melbet fenomenbet 1win giriş 1win 1win