Редакция таңдауы

Бұл гранттар қайтарымсыз, бірақ, сұраусыз емес

Кәсіп бастаймын деген адамға бүгінде мүмкіндік көп. Мемлекет қайтарымсыз грант негізінде және жеңілдетілген несие беру арқылы бизнес-идеямды жүзеге асырамын деген адамға барынша қолдау көрсетіп келеді. Мәселен, биыл Шымкент қаласында 260 азаматқа 400 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейінгі қайтарымсыз грант беру жоспарланып отыр. Бұл сома – 1 572 800 теңгені құрайды.

Өтінім қабылдау республика көлемінде бір күнге белгіленіп, 21 мамыр мен 3 маусым аралығында Enbek.Business.kz порталы арқылы онлайн түрде жүргізілді.

Өтінім берген үміткерлер өздерінің бизнес-жобаларын 9-19 маусым аралығында офлайн форматта комиссия алдында қорғайды. Комиссия құрамына қалалық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, журналистер және кәсіпкерлер кіреді.

Комиссия мүшелері жобалардың өміршеңдігіне, үміткердің сол саладағы тәжірибесіне, жұмыс орындарының ашылуына және өндірістік әлеуетіне мән береді.

2024 жылы қайтарымсыз грант 428 тұрғынға мақұлданған болатын. Комиссия мақұлдаған бизнес-жобалардың 44-і мал және құс шаруашылығы, 100-і қызмет көрсету салалары, 56 жоба кондитер және нан өнімдері, 84-і тігін, 31 жоба жартылай фабрикаттар, 8-і жиһаз өндірісі, 62 жоба өндіріс саласы және 43-і қоғамдық тамақтану орындары іске қосу жобасын құрады.

Биыл әлеуметтік осал топтарынан 934 азамат өтінім беріп отыр.

Комиссия отырысының ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік желілердегі ресми парақшалар арқылы тікелей эфир ұйымдастырылады.

Қайтарымсыз грант қаржысы несиені өтеуге, жылжымайтын мүлік сатып алуға, акцизделетін өнімдерді (мысалы, алкоголь, темекі) өндіруге жұмсалмайды.

Айта кетерлігі, грант алған адам әр тоқсан сайын қаражаттың қайда, қалай жұмсалғаны жайлы есеп беріп, қаржының мақсатты жұмсалғанын дәлелдеп отыруы тиіс. Яғни, мемлекеттен берілетін гранттар қайтарымсыз болғанымен, сұраусыз емес.

Т.ДҮЙСЕНБЕКҰЛЫ

Соңғы жаңалықтар