Шымкент қалалық Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры биыл өзінің 97-маусымын ашып, өнер жолындағы ұзақ та тағылымды тарихын тағы бір белеске көтерді. Ғасырға жуық уақыт ішінде бұл қарашаңырақ талай буын актерді түлетіп, талай көрерменнің жүрегіне жол тапқан, қазақ руханиятының алтын арқауындай болған қасиетті мекенге айналды.
Театрдың ішкі тынысы, шығармашылық ұстанымы, көрерменмен арадағы байланыс, жаңашыл ізденістер мен саладағы өзекті мәселелер туралы білу үшін біз Шымкент қалалық Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының директоры Дархан БАЛАЖАНОВПЕН сұхбаттасқан едік.

– Дархан Байділханұлы, театр үшін көрерменнің орны қандай? Қазір енгізіліп жатқан жаңашылдықтардың түпкі мәні неде?
– Театр әрқашан көрерменімен құнды. Көрермен бар болса ғана спектакль бар, ал көрерменсіз сахнаның өзі жетім. Сондықтан біз соңғы жылдары түрлі жаңашылдықты енгізіп келеміз. Бұл – көрерменнің ығына жығылу емес, бұл – уақыттың талабы.
Бүгінгі әлем бір орында тұрмайды. Өнер де сол қозғалыстың ішінде болуы тиіс. Егер біз «осы қалпымыз да жеткілікті» деп тоқтап қалсақ, ертең көрермен бізді күтпейді. Мәселен, Қытай театрларын алыңыз. Олар техникалық жағынан қатты дамыған. Көрерменнің ортасынан түрлі әрекеттер жасалып, залдың ішінен тірі бейнелер жүгіріп өтетін, сахна мен зал арасындағы шекараны бұзатын қойылымдар бар. 3D технологияны, кеңістікті толық пайдаланып, көрерменді оқиғаның ішіне кіргізіп жібереді. Мұның бәрі бір мақсаттан туады, ол – көрерменге қызықты, өтімді дүние ұсыну. Қазір жасанды интеллект те өнерге еніп келеді. Одан қорқудың қажеті жоқ. Егер оны дұрыс бағытта пайдалансақ, адамға қызмет ететін құралға айналдыра алсақ, ұтамыз. Бірақ, қандай технология келсе де спектакльдің өзегі – ой. Әр қойылым қоғамға қандай сұрақ қояды? Қай жарасын тырнайды? Театр көрерменді ойландыруы керек. Әйтпесе, ол жай ғана көрініске айналып кетеді.
– Репертуарлық саясатта қандай бағытты ұстанасыздар? Қазіргі қазақ драматургиясының жағдайын қалай бағалайсыз?
– Біздің ұстаным айқын – отандық авторларға басымдық беру. Қазақ классикасын түгендеп, сахнаға шығару – театр алдындағы үлкен міндет. Өйткені, классика – халықтың жады, рухани коды. Классика өлмейтін дүние. Сонымен бірге бүгінгі заманды сөйлете алатын жас драматургтер де бар. Қолғанат Мұрат, Айдана Аламан, Әлішер Рахат, Қазыбек Аманжол секілді қаламгерлердің жұмысына қызығушылықпен қараймыз. Бұлар бүгінгі қоғамның тынысын сезетін, жаңа форма мен жаңа ой ұсынатын авторлар.
Биыл драматургтерге арналған конкурс өткізуді жоспарлаған болатынбыз. Дегенмен уақыттың тығыздығына байланысты жүзеге аспай қалды. Сол секілді «Шанин фест» фестивалі де өтпей қалды. Алайда бұл — мүлде ұмытылған дүние емес, алдағы жоспардың қатарында тұр. Өйткені театр үшін жаңа мәтін – жаңа тыныс. Драматург пьесаны жазады, ал оның сахнадағы тағдырын режиссер шешеді. Егер осы екі тараптың арасында үйлесім болса, сахнада өміршең дүние туады.
– Театр труппасы соңғы жылдары айтарлықтай жасарғаны байқалады. Бұл өзгеріс театрға қалай әсер етті?
– Қазір біздің труппамызға шын мәнінде қан жүгірді деп толық айта аламын. Алматыдағы Жүргенов академиясынан 19 түлек келген еді, соның 14-і театрымызда қалды. Астанадан бір студент қабылдадық, өз қаламызда білім алған жастарды да қатарға қостық. Осылайша труппа жаңарды.
Үлкен буынды құрметпен зейнетке шығарып салдық. Ол кісілер бізге батасын беріп, әлі күнге дейін премьераларға келіп, қолдау көрсетіп жүреді. Қазір театрда үлкен, орта және жас буын толық қалыптасты. Бұл — театр үшін өте маңызды. Өйткені сахнада тәжірибе мен жастық жігер қатар жүрген жерде сапа болады. Біз спектакльдерді жанды дауыста қоямыз. «Тастамашы, ана!» қойылымы үшін театр ішінен арнайы вокалды-инструменталды ансамбль құрылды. Музыка 100 пайыз тірідей орындалады. Тірі дүниенің әсері мүлде бөлек. Нағыз спектакль – шымылдық жабылғаннан кейін басталады. Көрермен залдан ой арқалап шықса, мақсатымыздың орындалғаны.

– Театрдың материалдық-техникалық жағдайы мен инфрақұрылымы жөнінде не айта аласыз?
– Соңғы жылдары бұл бағытта да нақты қадамдар жасалып жатыр. Мәселен, тігін цехы толық жаңартылып, жаңа заманауи тігін машиналары алынды. Қазір костюм мәселесінде сыртқа алақан жаймаймыз, өз ішімізден шешіп отырмыз. Қосымша техникалық жаңартуларды уақытша тоқтатып отырмыз. Себебі ұсақ-түйек жөндеумен шектелмей, театрымызға толық күрделі жөндеу жүргізуді көздеп отырмыз. Бұл кездейсоқ ой емес, нақты жоспар. Құрылыс өз алдына бір үлкен сала. Сондықтан осы бағыттағы мамандармен ақылдасып, кеңесіп жатырмыз. Қаржы мәселесі шешілсе, ғимаратты толық жаңғыртуды қолға алмақпыз. Театр болған соң кіші залдың болуы — міндетті талап. Қазіргі залымыз 500 орындық, үлкен сахна. Ал камерлік қойылымдарға қолайсыз. Сондықтан болашақта театр ғимаратының қасынан қосымша шағын зал салу мәселесі де күн тәртібінде тұр. Бұл — көрерменмен жақын жұмыс істеуге, эксперименттік қойылымдар қоюға мүмкіндік берер еді. Қаржылық тұрғыда да театр өзін-өзі ішінара қамтамасыз етіп отыр. Өз қойылымдарымыздан түскен табыс арқылы гастрольдік сапарлар мен майда шығындарды жауып келеміз. Ғимаратты шетінен қалпына келтіріп, сырлау, ақтау жұмыстарын өз күшімізбен жасап жатырмыз. Қазір штатта етікшіміз де бар, сахналық аяқ киімнен бастап, ұсақ-түйекке дейін өзіміз жөндейміз. Спектакль қоюға қажетті қаражат толық бөлінеді. Тіпті сырттан режиссер шақыруға да қаржы қарастырылған. Бұл — театрдың шығармашылық еркіндігіне, сапалы өнім шығаруына жасалып отырған нақты қолдау.
– Театрдың гастрольдік сапарлары туралы айтсаңыз. Жақында «Шымнан шуақ» деп біраз жерді аралап келдіңіздер. Жалпы, гастрольдік сапарлар мен фестивальдер театрға не береді?
– Биылғы ең үлкен рухани сапарымыз туралы айтар болсам, Жұмат Шаниннің туған жері Павлодар облысы, Баянауылға 56 адам болып бардық. Бұл жай гастроль емес, театрдың өз түп-тамырына барып тағзым етуі болды. Актерлер үшін де, бүкіл ұжым үшін де ерекше әсер қалдырған сапар еді. Біз үшін гастроль жай ғана қала ауыстырып, спектакль қою емес, бұл – театрдың елмен тілдесуі, рухани аманат арқалап жолға шығуы. Осы мағынада жаңа маусымда бастаған «Шымнан шуақ» атты гастрольдік сапарымыздың жөні бөлек болды. Бұл сапардың алғашқы бағытын біз әдейі Жұмат Шаниннің туған жері Баянауылдан бастадық. Өйткені, біз оның атын иеленіп отырған соң, сол кісінің рухына тағзым ету – парызымыз
«Шымнан шуақ» гастрольдік сапары Баянауылда екі күнге жалғасып, одан кейін Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай Семей қаласында өнер көрсетуімізбен жалғасты. Жалпы, «Шымнан шуақ» — бұл біздің жаңа маусымдағы маңызды мәдени миссиямыз. Шымкенттен шыққан өнердің шуағын елдің әр өңіріне жеткізіп, ұлттық театр өнерінің биік деңгейін көрсету – басты мақсатымыз. Осы жолда қолдау білдірген Шымкент қаласы әкімдігіне, сондай-ақ қалалық Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына ұжым атынан зор алғысымызды білдіреміз.
– Театр биыл фестиваль алаңдарында да белсенді көрінді. Осы бағыттағы жұмыстарыңызға тоқталсаңыз.
– Иә, биылғы жыл біз үшін фестивальдерге бай, шығармашылық тұрғыдан өте мазмұнды жыл болды. Жыл басынан бері төрт ірі фестивальге қатыстық. Бұл театрдың кәсіби деңгейін шыңдауға, өзімізді сырт көзбен бағалауға мүмкіндік береді. Алғашқы сапарымыз мамыр айында Түркияның Трабзон қаласынан басталды. Ол жаққа Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кеме» спектаклін алып бардық. Шетелдік көрермен бізді өте жылы қабылдады. Қойылым жоғары бағаланып, арнайы сый-сияпатпен оралдық. Ең бастысы, бір апта бойы ұжым болып, Түркиядан және өзге мемлекеттерден келген театрлардың қойылымдарын тамашалап, тәжірибе алмастық. Бұл сапар актерлер мен режиссерлер үшін үлкен мектеп болды.
Қыркүйек айында Талдықорған қаласында өткен «Бекен фест» театр фестиваліне қатыстық. Бұл жолы еңбегіміз еленіп, «Үздік музыкамен көркемдеу» номинациясын жеңіп алдық. Мұндай марапат спектакльдің тұтастығын, сахналық шешімнің сапасын көрсететін маңызды баға екені мәлім.
Одан кейін Ғабит Мүсірепов атындағы театрдың ұйымдастыруымен, Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өткен жас режиссерлерге арналған республикалық театр фестиваліне қатыстық. Бұл фестивальдің өз талабы, өз іріктеу жүйесі бар. Алдымен спектакль ұсынылады, кейін арнайы сараптама құрамы қарайды. Сол сараптамадан өткен қойылымдар ғана фестивальге жолдама алады. Бұл жолы 32 режиссердің жұмысы ұсынылып, соның 7-еуі ғана іріктеуден өтті. Сол қатардан біздің де жұмысымыз табылып, фестивальге қатыстық. Бұл үлкен жауапкершілік әрі үлкен мәртебе деп білеміз. Аталған фестивальде біз «Мөлдір махаббат» спектаклін қойдық. Қатысып қана қоймай, өзіміз де ойнап, өзге театрлардың қойылымдарын көрдік. Сонымен қатар, актерлеріміз күнделікті шеберлік сағаттарына қатысты. Арнайы гримге арналған мастер-класстар, режиссерлермен кәсіби кездесулер өтті. Мұның бәрі актердің сахнадағы ғана емес, жалпы кәсіби өсуіне тікелей әсер ететін маңызды тәжірибе екені анық.
Жыл соңына қарай Түркістан қаласында өткен «Қазақтың Құрманбегі» атты республикалық театр фестиваліне де қатыстық. Бұл фестивальдегі басты мақсатымыз жүлде емес, қатысу және кәсіби театр сыншыларының пікірін алу еді. Сыншылар спектакльдің жақсы тұсын да, әлсіз жерін де жіпке тізгендей ашық айтады. Біз үшін фестивальдің ең үлкен пайдасы да осы емес пе?!. Себебі, кәсіби сын болмаса, өсу болмайды.
– Театрдың бүгінгі ең өзекті мәселелері мен ертеңгі арманы қандай? Ұжымның ішкі кәсіби әлеуеті мен бүгінгі ізденісі туралы не айтар едіңіз?
– Театрдың сапасы сахнадағы актердің шеберлігімен ғана өлшенбейді. Оның артында көзге көрінбейтін, бірақ өте маңызды үлкен еңбек жатыр. Мәселен, қазір бізде бір ғана кәсіби грим маманы бар. Ол ең күрделі, қиын гримдерді жасайды. Ал, қалған күнделікті грим жұмыстарын әртістер өзара бір-біріне жасап үлгеріп жүр. Бұл қажеттіліктен туған амал ғой. Соған қарамастан, біз кадрды өз ішімізден өсіруге тырысып келеміз. Арнайы гриммен айналысатын қызымызды Алматы қаласына жіберіп, Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында бір апталық шеберлік сағатынан өткізіп қайттық. Грим – оқумен емес, тәжірибемен қалыптасатын мамандық. Ол сол жолда өз білімін жетілдіруге ынталы. Сонымен қатар, белгілі грим маманы Жазира Әбілқайырдан да тәжірибе алды. Жазира апай өзінің «Грим» атты кітабын сыйға тартып, алдағы уақытта да кәсіби қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді. Мұның бәрі біз үшін үлкен мотивация болды. Театрда бейнелеу өнері жағынан жағдайымыз жақсы. Керемет суретшілеріміз бар. Тіпті, маусым ашарында театр суретшілерінің арнайы көрмесін ұйымдастырдық. Бұл сахна сыртындағы еңбекті көрерменге көрсетудің бір жолы.
Бас суретшіміз Ербол Қантөре бастаған шығармашылық топ сахнаның көркемдік шешіміне үлкен үлес қосып келеді. Маман тапшылығы жоқ деуге де, бар деуге де болады. Ең күрделі мәселе — жарық пен дыбыс мамандары. Бұл тек біздің театрдың емес, бүкіл сала бойынша өзекті проблема. Жарық беруші маман тапшы, ал қолданыстағы жарық аппаратурасының өзі ескірген. Сол сияқты режиссер тапшылығы да сезіледі. Мұнда айлық мәселесі де әсер етпей қоймайды. Көпшілік жас мамандар «аз жалақыға жұмыс істегенше, той мен шоуда табыс тапқан тиімді» деп есептейді. Бұл үрдіс тек театрға ғана емес, басқа да мәдени сала мамандарына ортақ проблема. Соған қарамастан, біз басты қағиданы ешқашан ұмытпаймыз. Театр көрерменімен құнды екені белгілі. Көрермен бар жерде ғана спектакль бар. Сондықтан біз енгізіп жатқан жаңашылдықтар көрерменнің ығына жығылу емес, заман талабына жауап беру. Өмір дамып жатқан кезде, театрдың тоқтап тұруға қақысы жоқ. Мысалы, Қытай, Жапон театрлары техникалық жағынан әлдеқашан алға кеткен. Олар көрермен ортасынан түрлі сахналық элементтер жүргізіп, залдың ішінен қасқыр жүгіріп өтетіндей тірі әсер беретін қойылымдар жасайды. 3D технологияны шынайы қолданады. Неге? Себебі көрерменге қызықты, өтімді дүние ұсынуды мақсат етеді. Біз де осы бағытта жасанды интеллект мүмкіндіктерін зерттеп, оны өнердің игілігіне жарата алсақ, ұтамыз деп ойлаймыз. Дегенмен, техника — мақсат емес, құрал ғана. Әр қойылымның өз айтар ойы, арқалаған жүгі болуы шарт. «Қоғамның қай жарасын емдегісі келеді», «көрерменді қандай ойға жетелейді» осы сауалға жауап беруі керек. Театр, ең алдымен, ойландыруы тиіс. Біз осы ұстанымнан айныған емеспіз. Театр — тірі организм. Ол күн сайын дамуды талап етеді. Қалаға театр көптік етпейді. Театр көбейген сайын көрермен де көбейеді, талғам да өседі. Бәсеке тек өнермен болуы керек. Біз сапалы дүние ұсынсақ, көрермен қайта-қайта келеді. Театрдың өміршеңдігі де — осында. Бір маусымның немесе бір-екі қойылымның жетістігі емес. Бұл — жылдар бойы жиналған тәжірибе мен үздіксіз ізденістің, жаңаруға деген батыл қадам мен ұлттық рухқа деген адалдықтың нәтижесі.
—Сұхбатыңызға рахмет! Шығармашылық табыс тілейміз!
Сұхбаттасқан
Салтанат ЖАМАЛДИНОВА
