Редакция таңдауы

Бұл ұлт мүддесіне адал қызмет ететін  журналистердің мерекесі

Қазақ журналистикасы Тәуелсіздік жылдарында ұлттық қозғалыстың, ұлттық партияның рөлін атқарғаны жөніндегі пікір жиі айтылады. Расында солай. Тәуелсіздіктің алғашқы ширек ғасырында қазақ журналистері, қазақ баспасөзі ұлттық тәуелсіздік пен жеріміздің тұтастығын қорғау, көпэтносты халқымыздың ынтымақ-бірлігін сақтау идеяларын үнемі ілгерілетіп, ұрпақтың бойына азаттық рухын сіңірумен болды.

Аға буын әріптестеріміз қазақ тілінің мәртебесін биіктету мен қолданыс аясын кеңейту жолында күресіп, ұлттық рухты көтеруге талмай қызмет етті. Отандық экономиканы аяғынан тік тұрғызудан бастап, экологиялық жағдайға дейінгі мәселелердің ешқайсысы қазақ журналистерінің назарынан тыс қалған жоқ. Шын мәніндегі кәсіби журналистер қай мәселені болса да объективтілік деген қасиетті қағидадан айнымай, ұлттық мүдде биігінен сөз етті.

Бүгін замана бедері өзгерді. Жаңа дәуір қазақ журналистикасының алдына жаңа талаптарды көлденең тартып, баспасөздің мойнына жаңа міндеттер жүктеп отыр. Бәсекелестік артқаны өз алдына, қазір қазақ журналистері қозғайтын, қозғауы тиіс тақырыптардың аясы анағұрлым кеңейді. Әлеуметтік желілердің қарқынды дамуы адам санасына селдей құйылатын ақпарат ағынын қалыптастырды. Алайда, сол толассыз ақпарат тасқынының ішінде шынайы, сүзгіден өткен, дәлелге сүйенген, тұщымды дүниенің үлесі тым аз. Бұл – бүгінгі журналистиканың шығармашылық пен сапа тұрғысынан бетпе-бет келіп отырған ең өзекті мәселелерінің бірі.

Бұдан журналистерге артылар жүктің жеңілдемек түгілі, бұрынғыдан да ауырлай түсті деген қорытынды шығаруға болады. Қазір журналист тек «ақпарат жеткізуші» ғана емес, ол – қоғамның ойлы сарапшысы, рухани бағдаршысы, елдің болашағына ықпал ете алатын тұлға болуы тиіс.

Елді өркениет көшіне бастайтын, ұлт болашағына деген жауапкершілікті мойнына ала білетін азаматтық қоғамның негізін құрайтын қоғамдық институттар болады. Бұл міндетті кейбір елдерде ұстаздар мен ғалымдар, кейде әскерилер немесе заңгерлер атқаруы мүмкін. Біздің жағдайда осындай жетекші қоғамдық институт ұлттық журналистика екені аян. Демек, бүгін біздің мойнымызда заң мен тәртіп қағидатын ілгерілетіп, қоғамда заң үстемдігін орнатуға үлес қосу міндеті тұр. Қала берді сапалы білім алуды ұлттық идея деңгейіне көтеріп, сол арқылы озық ойлы, парасатты, мәдениетті, кәсіби тұрғыдан білікті, жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті ұрпақ өсіруге, сөйтіп, ұлттың жаңа сапасын жаңа деңгейге көтеруге ықпал ету де – бүгінгі қазақ баспасөзінің міндеті. Сол арқылы журналистер Қазақстанның егемендігін нығайтып қана қоймай, оның аяғынан тік тұрған ұлттық державаға айналуы жолында қызмет етеді.

Елімізде жыл сайын бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аталып өтеді. Алайда, бұл жай ғана мерекелік дата емес. Бұл — қоғамның үнін естірткен, өз өмірінен бұрын елдің тағдырын ойлаған адал қалам иесінің мәртебесін асқақтататын күн. Сондықтан, бүгінгі журналистиканың қоғамдағы орны мен дамуы жайлы ойымызды ары қарай осы салада қызмет етіп жүрген мамандардың пікірімен сабақтай түссек.

Қоғам қандай болса,  журналистика да сондай

Саламат ОМАШ, «ONTUSTIK» телеарнасының директоры:

– Қазақ журналистикасының дамуы қоғамдағы өзгерістерге тікелей байланысты. «Қоғам қандай болса, журналистика да сондай» деген сөз әлі ескірген жоқ. Кез-келген орта бір қалыпта тұрмайды. Күн сайын жаңашылдық, жаңа заң жобалары, жаңа талаптар мен сұраныстардың болатынын көріп отырмыз. Демек журналистиканың да дамуы – заңдылық.
Бүгінгі таңда технологияның ғарыштық жылдамдықпен дамуына байланысты дәстүрлі журналистика кенже қалып бара жатқандай көрінуі мүмкін. Газет, радио, телевизия ақпаратты дер кезінде тарату бойынша түрлі әлеуметтік желілермен бәсекеге түсе алмайды, әрине. Бірақ, бұның екінші жағы бар. Мысалы, қазір фейк, былайша айтқанда жалған ақпараттан аяқ алып жүре алмайсыз. Ал жоғарыда аталған ақпарат құралдарында фактчекинг деген ұғым бар. Яғни тексерілген, сенімді, шынайы ақпарат. Бұл – журналистиканың негізгі талаптарының бірі. Екіншіден, әлеуметтік желілер телевизияның да, газет-журналдардың да дамуына септігін тигізіп отыр десек қателеспейміз. Себебі қазір кез-келген телеарнадағы жаңалықтар мен бағдарламаларды әлеуметтік желіден немесе арнайы қосымшадан көруге болады. Сол сияқты газет-журналдардың да электронды нұсқасының болуы заңдылыққа айналды.

Қазақ журналистикасының, оның ішінде телевизияның дамуын көзі ашық, көкірегі ояу көрермен бірден біледі. Себебі осыдан 10-20 жыл бұрынғы телевизиямен қазіргі телеарналарды салыстыруға мүлде келмейді. Қазір эфирдің талабы да басқаша, сипаты да бөлек. Жасаған контент неғұрлым сапалы болса, соғұрлым аудиториясы да артады. Ірі державалардағы ақпарат саласының алып компаниялары «Көрермен нені қажет етсе, біз соны береміз» деген принципті ұстанады. Біреулер бұл үрдісті көрермен ығына жығылу десе, енді біреулер қажеттіліктен туындаған жағдай дейді. Қалай болғанда да БАҚ белгіленген заңдылықтан аттамай, тепе-теңдікті ұстауға тиіс.

Бұқаралық ақпарат құралдарында белгілі бір дәрежедегі еркіндік те дамуға жатады. Еркіндік деген ауызға келгенді айтып, көрерменді жаңылыстыру емес, шынайы ақпарат тарату. Мысалы, Ұлттық арнада бірнеше жыл бойы көрермен көзайымына айналған «Ашық алаң» деген бағдарлама бар. Министрлер мен депутаттар, қоғам өкілдері мен әр саланың мамандары қатысатын тікелей эфирдегі ток-шоуда саясат та, мемлекеттік маңызы бар заңдар да, Президент бастамалары да ашық талқыланады. Бұл телеарналар шындықты бұрмалайды дегенге қарсы бір ғана мысал.

«Масс-медиа туралы» заңда «Журналистің ерекше мәртебесі» ұғымы енгізілді. Ол журналистің құқықтары мен бостандықтарын қорғауды, ақпаратты іздеу, сұрату, алу және тарату кезінде кеңейтілген құқықтарды қамтиды. Сонымен қатар бүгінгі таңда журналистерге қойылатын талап та күшейтілді. Бұл әр мекеменің ішкі заңдылықтарымен де реттелетін дүние. Журналистика – жасанды интеллект емес, нағыз бәсекелестіктің ортасы. Жазуың жартылай шала болып, айтар ойың көрермен көкейінен шықпаса ысырылып қала бересің. Телеарналардың да арасындағы жағдай дәл осындай. Ал, бәсекелестік бар жерде дамудың да болатыны түсінікті.

 

Қазақ журналистикасы ана тілімізде ойлайтын, сөйлейтін аудиторияны қалыптастырып келеді

Талғат БАЛТАБАЕВ, Шымкент қалалық мәслихаттың депутаты, «Уақыт» телеарнасының директоры:

– Қазақ журналистикасы – елдің рухани жаңғыруына, қоғамдық сананың қалыптасуына тікелей әсер ететін ерекше сала. Қазіргі таңда бұл сала терең өзгерістер мен қарқынды дамудың кезеңін бастан кешіріп жатыр. Ғаламтор мен әлеуметтік желілердің таралуы, жаңа медиа форматтардың пайда болуы, азаматтық журналистиканың белсенділігі – мұның бәрі қазақ журналистикасының бағыт-бағдарын түбегейлі өзгертті.

Қазіргі қазақ журналистикасының ең үлкен ерекшелігі – ашықтықтың қалыптасуы. Бүгінде бұрынғыдай біржақты ресми ақпаратпен шектелу жоқ. Журналистер еркін ой білдіріп, қоғамдағы өткір мәселелерге батыл үн қосып жүр. Әсіресе, жас журналистер мен блогерлер жаңа тақырыптарды көтеріп, билік пен халық арасында дәнекер болуға тырысуда. Бұл – демократиялық қоғам құру жолындағы үлкен қадам. Сонымен қатар техникалық мүмкіндіктердің кеңеюі журналистиканың түрленуіне жол ашты. Цифрлық технологиялар және мультимедианың ықпалымен қазіргі журналист тек жазушы ғана емес, сонымен бірге видео, фото, графика тілін меңгерген әмбебап маманға айналуда. YouTube, Instagram, TikTok сияқты платформаларда қазақ тіліндегі сапалы контент көбейіп келеді. Мысалы, қазақ тіліндегі подкасттар мен сараптамалық видеолар – журналистиканың жаңа тынысы. Бұл – ана тілінде ойлайтын, сөйлейтін аудиторияның қалыптасып жатқанын көрсетеді.

Жетістіктер де баршылық. Соңғы жылдары қазақ журналистері халықаралық деңгейде де танылып жатыр. Түрлі беделді байқауларда жеңіске жеткен, шетелдік әріптестерімен бірлесе жұмыс істеп жүрген журналистер бар. Сонымен қатар аймақтық журналистиканың да деңгейі артуда. Өңірдегі өзекті мәселелерді жарыққа шығарып, жергілікті билікке ықпал ететін мақалалар мен репортаждар жиілеп келеді. Қорыта айтқанда, қазіргі қазақ журналистикасы – ізденіс пен серпіліс жолындағы сала. Ол өз мүмкіндіктерін енді ғана толық аша бастады. Ақпараттық кеңістіктегі қазақ тілінің үлесін арттыру, сапалы контент жасау, тәуелсіз ойды насихаттау – осының бәрі болашақтағы журналистиканың дамуына тікелей әсер етеді. Ендеше, бұл саланың дамуы – ұлттың дамуы, тілдің дамуы, сананың жаңғыруы екенін ұмытпауымыз қажет.

 

Қазіргі журналистиканың алдында рухани  жауапкершілік тұр

Бейсенкүл НАРЫМБЕТОВА, «Ақылдым» балалар журналының редакторы:

– Бүгінгі журналистиканың дамуында оң өзгерістер жоқ емес. Әсіресе, технологиялық тұрғыдан алғанда айтарлықтай ілгерілеу бар. Сандық журналистика, деректі журналистика, подкаст форматы, телеарналардағы жаңа тәсілдер — мұның бәрі заманауи журналистиканың көкжиегін кеңейтіп отыр. Алайда, біз дәстүрлі БАҚ, газет пен журнал десе, тек қиындықтар мен тоқырау көз алдымызға келеді. Шын мәнінде, бұл бағытта мәселе көп екені рас.

Күні кеше ғана әлеуметтік желіден «газетке мәжбүрлеп жаздырады» дегенді оқып, пікір қалдырып, өзімнің парақшамда бөлісіп, жазба қалдырдым.  Бар-жоғы алты сағат ішінде бұл жазбам 11 мың қаралым жинады. Демек, бұл мәселе әлі де өзекті. Бірақ, өкінішке қарай, жазылған пікірлердің көбі байбаламға толы. Бірде-бірі нақты ұсыныс айтып, жол көрсетпейді. «Газет керек пе, жоқ па?» деген сұрақ қоғамда көптен бері талқыланып келеді. Бірақ, өркениетті елдер әлі күнге дейін дәстүрлі баспасөзден бас тартқан жоқ, тіпті бас тартпайды да. Өйткені, мемлекеттік ақпараттық саясатты жүйелі жүргізу үшін дәстүрлі басылым ауадай қажет.

Қазіргі кезде біз журналистикаға тек ақпарат көзі ретінде қараймыз. Ал шын мәнінде, бұл — ізгілікті кәсіп. Журналист тек шындықты айтып, кемшілік көрсетумен ғана шектелмеуі тиіс. Жақсылықты көріп, соны дәріптеу — журналистиканың басты миссиясы. Біз ұмытпауға тиіспіз, қазақ баспасөзінің басқа ұлттардан ерекшелігі — ағартушылық сипатында. Бұл ағартушылық бүгінгі қоғамға ауадай қажет. Интернет әлемінде адасқан санаға дұрыс бағыт беретін де – осы.

Сонымен қатар, журналистиканың маңызды бір бағыты — салалық журналистика. Экономика, ауыл шаруашылығы, ғылым, білім сияқты салалардағы терең талдау мен сапалы контент бүгінгі күні жетіспей отырған дүние. Бізде, өкінішке қарай, бұл бағыт кемшін дамып келеді. Халықтың баспасөз жайлы танымы да тым тар. Олардың көбі газетке тек мәжбүрлеп жаздырады деген пікірде. Бірақ, егер шын мәнінде мәжбүрлеу күшейіп бара жатса, неге газет тиражы жылдан-жылға төмендеуде? Соңғы екі жылдың өзінде бірнеше газет жабылып қалды. Бұл мәселенің байыбына бармай тұрып, құр байбаламға салыну — өзімізді өзіміз адастырумен тең.

Қазір көбіне мекемелер газет-журналға жазылуды бюджет есебінен орындайды. Ал, жеке азаматтар неге жазылмайды? «Барлық ақпаратты интернеттен аламыз» дейді. Егер олар шын мәнінде интернеттен дүниетанымын кеңейтетін, рухани жанын байытатын контент алып жатса, ол — бір басқа. Бірақ шынайы картина басқаша. Интернет адамның рухани сұранысын толық қанағаттандыра алмайды.

Журналистика дамып жатыр, технология алға басып келеді. Алайда, біз бұл мүмкіндікті адамның жан дүниесін байытатын, ой көкжиегін кеңейтетін бағытта пайдалана алып отырмыз ба? Бұл — үлкен сұрақ. Қазақ журналистикасының алдында тұрған негізгі міндет — дәл осы. Ақпарат ағынында адаспай, ұлттық болмыс пен қоғамдық ойдың шамшырағы болу — біздің парызымыз.

Мен өзім 35 жыл бойы журналистиканың әр саласында еңбек еттім. Радио, телеарна. Ал, баспасөз саласында әлі де еңбек етудемін. Бұл саланың жетістігі де, кемшілігі де мені қатты толғандырады. Қазіргі журналистика үлкен сын кезеңінде тұр. Басты қауіп – оқырманнан айырылып қалу қаупі. Алаш зиялылары кезінде «Қазақ, оян!» деп ұран тастаса, бүгінгі жағдайда біз «Қазақ, адаспа!» деуіміз керек. Өйткені бүгін қазақтың санасына мыңдаған қол таласып, оны түрлі бағытқа тартып, бөлшектеп барады. Мен үшін ең қорқынышты құбылыс.

Осы тұста мемлекеттік ақпараттық саясаттың маңызы арта түседі. Журналистика ол тек кәсіп емес, рухани жауапкершілік екенін естен шығармауымыз керек.

 

Дилара БИМЕНОВА

 

Соңғы жаңалықтар