Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қала әкімінің орынбасары, қала әкімдігінің ресми өкілі Сәрсен Құранбек «бүгінгі басқосудың форматы өзгешелеу» деген еді. Расы сол. Қаладағы бірталай құзырлы мекемелердің өкілдері қатысқан жиын өзекті мәселелерге арналды.
Бүгінде әлеуметтік желіні қарақан басының пайдасына жаратқысы келетіндердің құдайы беріп жүр. Әкімдердің іскерлік қабілетіне күмән келтіріп, өзінің ешқандай фактілерге негізделмеген ойын жазатындар да баршылық. Әлдебіреулердің «тисе терекке, тимесе бұтаққа» әпербақандығы немесе біреулердің тапсырмасымен жамандау халықты екіұдай күйге түсіреді. Соңғы кездері «жергілікті билік тендерді теңдей бөліп алады» деген қауесетті әлеуметтік желіде жалаулатып жүргендер бар. Сәрсен Абайұлы бүгінгі брифингте осы мәселелердің анық-қанығына жету мәселелері сөз болатындығын аңғартты.
Алдымен, Шымкент қаласының бюджеті, кірісі мен шығысы нақты цифрлармен таразыланды. Қала әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов биылғы қала қаржысы 870 млрд. теңгеге жеткенін айтты. Бұл бұрынғы бюджеттен 125,8 млрд.-қа көп. Сүйсінерлігі, бюджет тапшылығы жоқ. Республикалық бюджеттен келетін қаржыға тәуелділік жыл сайын азайып келеді. Салықтан жалтарғысы келетін базар, тойхана сияқты майлы жілік ұстағандардың табыс көзі есептеліп, қалаға кіріс молаюда. Жаңа өндіріс орындары көбейіп, ендігі бес жылда Шымкенттің Қазақстандағы донор қалалардың қатарына қосылуына үлкен мүмкіндіктер бар екен.
Мемлекеттік сатып алу – ел үшін өзекті мәселенің бірі. Бұрын ел аузында «тендердің бір атауы жеңдер» деген сөз жүретін. Негізсіз емес. Бір мысал айтайық. Шымкентте «Гауһар» деген тігін фабрикасы бар. Ең ірі. Сол фабрика мемлекеттік сатып алуға үздік өнім беруші ретінде қатысқанымен, үнемі конкурста жеңіліп қала береді екен. Екімыңыншы жылдардың басы. Талай рет сұхбат алғанбыз. Әнипа айтады. «Тендерді бір тігін станогі жоқ көшедегі көк атты жеңіп кетеді. Төмен бағамен ұрады. Қытайдың, Өзбекстанның арзан дайын өнімдерін ұсынады. Қорлық болғанда, бізге де «тігіп беріңізші, ақшаңызды төлейін» деп келетіндері бар. Осыдан кейін Қазақстан жеңіл өнеркәсібі қалай көтеріледі?!» деуші еді.
Ол заман келмеске кетті. Бірақ, сол кездегі қауесетке сенетіндер әлі де көп. Ашық конкурста ұтылғандардың әлеуметтік желідегі желбуаз блогерлерді пайдаланып билікті жамандап қалатын кезі осы. Бүгінде бұл жүйе орталықтандырылған. Адам факторы қатыспайтын балдық-рейтингтік жүйеге көшірілген. Яғни, қолында бір тігін машинасы жоқ болса да «Гауһар» сияқты алып тігін фабрикаларының аузындағы жемін қақшып кететіндердің пысықтығы, сумақайлығы өтпейді. Конкурстық комисся өтінім берушілердің есебін жасағанымен, әділ бәсекелестікке әсер ете алмайды. Рейтингтік-балдық жүйе конкурсқа қатысқан серіктестіктің квалификациялық біліктілігі, тәжірибесі, кәсіби мамандары сияқты талаптарды есептеп шығады. Екі компания теңдей ұпай жинағанда мемлекеттік бюджетке қайсысының көп салық төлегендігі есепке алынар екен. Осының бәрін автоматты ақпараттық портал анықтап береді. Яғни, адам факторына орын жоққа тән. Әрине, конкурс дұрыс өтпеді деген компания порталға ілінген үш күнде сотқа жүгіне алады.
Сәрсен Абайұлы барлық критерийлер бойынша брифингке қатысушы сала өкілдеріне сұрақ қойып, халық көңіліндегі күмәнді таратты. Ал, қаржы мониторингі агенттігінің Шымкент қаласы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Санат Көлбаев «Алаңдамауларыңызға болады, мемлекеттің әр теңгесі қадағаланады» дегенді айтты. Яғни, ел ішін ала тайдай бүлдіріп, жергілікті билікке күйе жаққысы келетіндердің көксегені болмайды.
Бақтияр ТАЙЖАН