AMANAT партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатының ұйымдастыруымен республикалық Road-эстафета шеңберінде «Чемпиондық Рух» іс-шарасы өтті. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында өткізілген жобаның басты мақсаты – жастарды салауатты өмір салтына баулу, ерік-жігері мен төзімділігін шыңдау, күнді белсенді әрі энергиямен бастауға дағдыландыру. Сондай-ақ, экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
Мемлекет басшысының бастамасына сәйкес, елімізде экологиялық мәдениетті дамыту және қоршаған ортаны қорғау бағытында жүйелі әрі кешенді шаралар атқарылып келеді. Осы орайда AMANAT партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатының республикалық Road-эстафетасы қолға алынған болатын. 30 қыркүйек — 6 қазан аралығында Алматы — Қызылорда бағыты бойынша жалғастыру жоспарланған.
Шымкент қаласындағы А.Асқаров атындағы дендрологиялық саябақта өткен «Чемпиондық Рух» жобасына «AMANAT» партиясының белсенді мүшелері, қоғамдық пікір көшбасшылары, белгілі спортшылар, жастар қатысты. Бокстан әлем чемпионы Біржан Жақыпов, ауыр атлетикадан әлем чемпионы Нұрғиса Әділетұлы, аралас жекпе-жек шебері Арман Оспанов жастарды экологиялық мәдениетті қалыптастыруға шақырып, көпшілікпен бірлесе таңғы жаттығу өткізді. Мұндай жаттығулар ұжымдық бірлікті нығайтып, жеңіске деген жігер мен чемпиондық рухты қалыптастырады.
Бір аптаға жалғасатын ауқымды іс-шара барысында қатысушылар Алматы, Шымкент қалалары және Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстары арқылы мың шақырымнан астам жолды еңсереді. Жобаға «Жастар Рухы» жастар қанатының мыңдаған белсендісі мен жергілікті тұрғындар атсалысады. Акцияның басты мақсаты – қоғамда жаңа экологиялық мәдениет қалыптастыру, табиғат пен тарихи мұраға құрметпен қарау және азаматтардың қоршаған орта алдындағы жауапкершілігін арттыру.
Эстафета аясында тек қоқыс жинау ғана емес, депутаттардың халықпен кездесулері, жастарға арналған open-air іс-шаралары, қоғамдық қабылдаулар және таза ауада «Чемпиондық рух» жаттығулары өтті.
Тағабай ҚАСЫМОВ