Шымкент қаласында Кеңес Одағының батыры Ережепбай Молдабаевты еске алуға арналған дзюдодан кіші жасөспірімдер арасында «Мини татами» ашық республикалық турнирі өтті. Жарысқа еліміздің өңірлерінен – Жамбыл, Атырау, Жетісу, Ұлытау және Түркістан облыстарынан келген 350-ге жуық спортшы қатысты.
Жарыстың салтанатты ашылу рәсімінде Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Маратбек Мықтыбеков жастардың қадамына сәттілік тілеп, олардың арасынан келешекте ел намысын қорғайтын дарынды азаматтар шығатынына сенім білдірді.
2011-2012 жылы туған кіші жасөспірімдер арасындағы дәстүрлі турнир Шымкент қаласында төртінші мәрте өткізіліп отыр. Іс-шараның негізгі мақсаты — жасөспірімдерді спортқа баулу, олардың бойында патриоттық рух пен тәртіпті қалыптастыру, сондай-ақ, батыр бабамыздың ерлігін насихаттау.
Дзюдо спорты соңғы кезде елімізде қарқынды дамуда. Былтыр Парижде өткен Олимпиада ойындарында Елдос Сметов алтын, Ғұсман Қырғызбаев қола жүлдеге ие болды. Жарқын жеңіс жасөспірімдерге зор серпін берген. Аталған турнирге қатысушылардың да саны артып келеді.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері анықталып, турнир соңында үздік спортшылар медальдармен, дипломдармен және арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Тағабай ҚАСЫМОВ