Редакция таңдауы

ДӘСТҮРЛІ ТУРНИР ХХХI РЕТ ӨТТІ

Шымкент қаласында грек-рим күресінен КСРО спорт шебері, академик Мардан Баймырзаұлы Сапарбаевты еске алуға арналған дәстүрлі республикалық ашық турнир өз мәресіне жетті. Бұл турнир – тек спорттық дода ғана емес, қазақ балуандарының қайсар мінезі мен күрес өнерінің терең тамырын танытқан мерейлі шара болды.

27–29 қазан аралығында өткен жарысқа Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Чехия мемлекеттерінен және еліміздің барлық өңірлерінен 300-ге жуық балуан қатысты. Әр өңірдің үміт артқан жас спортшылары бозкілемде күш сынасып, Мардан Сапарбаевтың есімін құрметпен еске алды.

Турнирдің ресми ашылуында Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов пен қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ермек Дәрменов қатысып, жас балуандарға сәттілік тіледі.

– Бұл турнир – ел спортының тарихында із қалдырған тұлғаның есімін ұлықтау ғана емес, жастардың шыңдалу мектебі. Мұндай жарыстар арқылы еліміздің болашағын көріп отырмыз, – деді Ермек Дәрменов.

Мардан Сапарбаевтың есімі қазақ спортының шежіресінде алтын әріппен жазылған. Ол – еліміздің білім және спорт саласын қатар дамытып, талай дарынды шәкірт тәрбиелеген ғалым әрі жаттықтырушы. Сапарбаев есімін иеленген турнирдің биылғы маңызы да ерекше: алғаш рет Чехия елінен балуандар келіп, бәсекенің халықаралық деңгейі жаңа белеске көтерілді.

Жарыс барысында Шымкент қаласы грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті Марат Сапарбаев ел намысын халықаралық ареналарда абыроймен қорғап жүрген спортшыларды марапаттады. Биылғы әлем чемпионы Айдос Сұлтанғали, U-23 әлем чемпионатының жеңімпазы Шұғыла Өмірбек, сондай-ақ қола жүлдегер Омар Сатаев арнайы құрметке ие болды. Үздік балуандарға естелік сыйлықтар мен қаржылай марапаттар табысталды.

Турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлері 300 мың, 200 мың және 100 мың теңге көлеміндегі сыйақылармен, сондай-ақ, арнайы медальдар мен дипломдармен марапатталмақ.

Айта кетейік, грек-рим күресі – әлемдік спорттың ең көне түрлерінің бірі. Ол ежелгі Грекияда қалыптасып, кейіннен Олимпиада ойындарының басты сайысына айналды. Бұл күрестің басты ерекшелігі – тек белден жоғары әрекеттерге рұқсат етіледі. Яғни, балуан қарсыласын аяқтан ұстап шалуына немесе аяққа шабуыл жасауына болмайды. Бұл ереже спортшыдан ерекше күш пен иық, кеуде, бел бұлшықеттерінің мықтылығын талап етеді.

Грек-рим күресі – ерік пен төзімділіктің нағыз мектебі. Әрбір әдіс тек физикалық дайындықты ғана емес, тактикалық ойлау мен тез шешім қабылдау қабілетін қажет етеді.

Мамандардың айтуынша, бұл спорт түрі адамның мінезін қалыптастырып, табандылыққа, қарсыласты құрметтеуге және өз күшіне сенуге тәрбиелейді. Сондықтан да грек-рим күресі қазақтың ұлттық болмысына жақын спорт түрі саналады.

Бүгінде елімізде грек-рим күресі қарқынды дамып келеді. Қазақстан балуандары Азия және әлем чемпионаттарында, Олимпиадалық ойындарда тұрақты түрде жүлде алып жүр. Соның ішінде жастардың осындай дәстүрлі турнирлерге қатысуы – жаңа есімдердің жарқырап шығуына жол ашады.

Мардан Сапарбаевты еске алуға арналған турнир жыл сайын еліміздің спорт күнтізбесінде ерекше орын алады. Бұл жарыс – бір жағынан, жастардың бағын сынайтын алаң болса, екінші жағынан, ұстаз еңбегіне деген құрметтің көрінісі.

Шымкент төріндегі бозкілемде өткен биылғы жарыс та жоғары деңгейде ұйымдастырылып, спорт сүйер қауымның назарын аударды. Түрлі елден келген балуандар өзара тәжірибе алмасып, достық пен татулық рухын дәріптеді.

Осылайша, ХХХІ дәстүрлі турнир – ел спортының тарихында тағы бір жарқын бет болып жазылды. Мардан Баймырзаұлы Сапарбаевтың есімі қазақ жастарының жүрегінде мәңгі сақталып, күрес өнеріне деген сүйіспеншілікті арттыра беретіні сөзсіз.

 

Т.ДҮЙСЕНБЕКҰЛЫ

Соңғы жаңалықтар

betwinner melbet megapari megapari giriş betandyou giriş melbet giriş melbet fenomenbet 1win giriş 1win 1win