Шымкентте медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесінде денсаулық сақтау саласының мамандарына құрмет көрсетілді. Мерекелік жиын барысында бірқатар еңбегі ерен жандарға қала әкімі және мәслихаттың алғыс хаттары табыс етілді.
Медицина қызметкерлері күніне арналған мерекелік іс-шарада қала әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов ақ халаттыларды кәсіби мерекемен құттықтап, қоғамда медицина қызметкерлерінің орны әрқашан маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
–Халықтың саулығын жақсартуда, еліміздің әлеуметтік дамуында сіздердің атқарып жатқан еңбектеріңіз орасан. Кез келген төтенше жағдайда, қауіпті індетпен күресте, апат кезінде алдыңғы шепте қызмет ететін медицина мамандарының еңбегі ерлікке тең.
Қаламыздың денсаулық сақтау саласында атқарып жатқан өнегелі істеріңіз жемісті болсын. Мемлекет тарапынан денсаулық сақтау саласына ерекше назар аударылуда. Қалада саладағы инфрақұрылымды дамытуда жүйелі жұмыстар атқарылып, денсаулық сақтауды өңірлік дамытудың 2029 жылға дейінгі бағдарламасы қабылданды, – деді қала әкімінің бірінші орынбасары.
Қуаныш Жұмабекұлы бірқатар сала ардагерлерін, білікті мамандарды қала әкімнің Алғыс хатымен марапаттады. Сондай-ақ, қала мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов халықтың денсаулығын сақтауда еселі еңбек етіп жүрген бірқатар мамандарға мәслихаттың Алғыс хатын табыс етті.
Айта кетсек, қазіргі таңда Шымкенттің денсаулық сақтау саласында жоспарлы жұмыстар қолға алынып жатыр. Шымкент қаласының әкімдігі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп Шымкент қаласының «Денсаулық сақтауды өңірлік дамытудың 2029 жылға дейінгі бағдарламасы» дайындалды.
Бағдарлама Қазақстан Республикасында тұңғыш рет әзірленіп отыр. Қалада денсаулық сақтаудың қатаң стандарттарына сай келетін қазіргі заманауи клиникалардың құрылысы жоспарлануда: қалалық перинаталдық орталық, 2 қалалық көпбейінді аурухана, МЖӘ шеңберінде 5 емхана салынбақ.
Еліміздің 13 жетекші ғылыми-зерттеу институттарымен және ғылыми орталықтарымен жасалған ынтымақтастық жоғары технологияларды енгізуге, күрделі хирургиялық операцияларды жүргізуге, медициналық туризмді дамытуға мүмкіндік береді.
Тағабай ҚАСЫМОВ