Расул Ғамзатовтың осы бір сөзі, менің де жүрегімнің сөзі. Бір мысқал кемдігі жоқ. Мемлекеттік тілімізге қатысты еліміздің кез-келген аймағында орын алған оқиғалар менің көкейімді тіліп өтеді десем артық айтқандық емес. Рухы мықты әр қазаққа солай әсер етсе керек. Қазақтың қара домбырасын қолға алып айтыс сахнасына шыққан 20 жылда тіл жайлы талай рет толғадық. Қазақ тілінің мерейі үстем болу жолында айтыс ақындарындай жанкештілікке барған қауым көп емес. Жүрсін ағамыздан бастап, сонау аудандағы ақындарға дейін сол үшін талай рет таяқ та жеді. Бірақ біздің айтыскерлер ашынып жырласа да, аярлықпен емес жанашырлықпен жырлады. Тіл кеспек жоқ деп тіліп айтса да, бас бұзарлыққа барған жоқ. Елдің рухын көтеру үшін кейде ақындық эмоцияға берілсе де, елдің бірлігін шайқалтуға жол бермеді.

Тіл үшін айқайлап тұрып мінбелерден сөйлеп жүрген талай көкелердің ұл-қыздарымен үйінде орысша сөйлескенін көріп ұстарға жағамды таппай қалған кездерім болды. Өмір ғой… Ақылсынып әлеуметтік желіде пост жазбай-ақ, аттандап алаңға шықпай-ақ, үндемей жүріп ана тілінің дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген қарапайым азаматтарды көріп көңілім марқайды. Соларға қарап қуат алдым.
Дәл қазір мен білетін бір шындық бар. Қазақтың тілі мықты болу үшін, өзі мықты болу керек. Өзі мықты болу үшін — сабыр, бірлік һәм тұрақтылық керек. Бір кезде өз жерінде 39 пайызды ғана құраған, оның жартысы өз тілін білмейтін хәлде Тәуелсіздік дейтін нығметтің құшағына кірген Қазақ, бүгінде 75 пайызға жетіп, оның 76 пайызы мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін сапалы жұртқа айналып қалды емес пе? Тіліміз жүз пайыз тұғырға шықсын десек, әрқайсымыз табандылық танытуға тиіспіз. Банкке барғанда қазақша толтыруын талап етіңіз. Күнделікті тілдік қолданыстағы паразит сөздерден құтылыңыз. Банкоматты қазақша пайдаланыңыз. Ұл-қызыңызды қазақ мектебіне беріңіз. Қазақстанда кіммен болсын қазақша сөйлесіңіз. Осыны істеуге дәл қазір ешқандай кедергі жоқ. Бұйырса, біз күткен белестер де алыс емес. Сол белестердің биігінде бірге болайық.
Біржан Байтуов, «Қаратау» өнер мектебінің директоры. Шымкент қаласы қоғамдық кеңестің мүшесі, Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі.
