Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында және Мемлекет басшысы бастамашы болған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын қолдау мақсатында «Дармарка» және «ЭкоКүн» іс-шарасы ұйымдастырылды. Қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен этномәдени бірлестіктердің белсенді жастары ұйымдастырған шараға қала тұрғындары белсенді қатысты.
Жиында түрлі ұлт өкілдері бірігіп, қоршаған ортаны қорғау жолындағы нақты әрекеттерге ұйытқы болды. Қатысушылар арасында қазақ, өзбек, неміс, кәріс этностарының жастары бар. Ұйымдастырушылардың айтуынша, экокүн – тек тазалыққа үндейтін шара ғана емес, сонымен қатар адамдарды ортақ іске жұмылдыратын әлеуметтік-экологиялық жоба.
Шара барысында екі негізгі бағыт қамтылды: киім-кешек пен тұрмыстық заттар алмасуға арналған «Дармарка» жәрмеңкесі және өңдеуге жарамды қатты қоқысты жинау акциясы. Қатысушылар бұрын пайдаланған, бірақ жақсы күйде сақталған киім-кешек, кітаптар, аяқ киім сынды бұйымдарын әкеліп, басқалармен бөлісуге мүмкіндік алды. Бұл – ысырапты азайтып, қайта қолдану мәдениетін қалыптастырудың тиімді жолы.
— Бұл бастама – қала тұрғындарының тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау, қайта өңдеу дағдысын қалыптастыратын маңызды жоба. Мысалы, пластик бөтелкелер мен қақпақтарды, қағаз бен алюминий қалдықтарын арнайы жәшіктерге жинап, оларды қайта өңдеуге тапсырамыз. Жиналған қаражатты алдағы уақытта ағаш егуге жұмсау жоспарланып отыр, – деді акция ұйымдастырушыларының бірі, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Артур Дрейлинг.
«ЭкоКүн» акциясы Шымкентте төртінші реті өткізіліп отыр. Ұйымдастырушылар мұндай акцияны алдағы уақытта ай сайын өткізбек ниетте.
Шараға белсене қатысқан тұрғындардың бірі – Айнеш Ниязова. Ол шараның мазмұны мен идеясына ерекше қолдау білдірді.
– Мен табиғатты қорғап, экологияны қолдайтын жанмын. Бүгін бұрын-соңды білмеген мәліметтерді естідім. Мысалы, пластикалық бөтелкенің қақпақтарының да қайта өңдеуге жарамды екенін және онкологиялық науқастарға көмек ретінде тапсыруға болатынын білдім. Бұл – өте пайдалы әрі ізгі бастама. Осындай акциялар жиі өтсе, тұрғындарда да дағды қалыптасады, – дейді ол.
Қатысушылар бұл жобаның бір реттік акция емес, болашақта тұрақты экологиялық қозғалысқа айналатынына сенім білдірді. Шикізатты жинау арқылы табиғатқа зиян келтірмей, керісінше, қоршаған ортаны қорғауға нақты үлес қосуға болатынына көз жеткізді.
– Біздің мақсатымыз – тұрғындарға пайдалы да, мағыналы жобалар ұсыну. Қала экологиясын жақсарту әркімнің қолынан келеді. Әрбір қақпақ, әрбір пластик бөтелке – жердің ластанбауына қосылған үлес. Сондықтан мұндай бастамалар қала өмірінің бір бөлшегіне айналуы тиіс, – деді Артур Дрейлинг.
Айта кету керек, іс-шараға «New Wave» жастар қозғалысы, Шымкент қаласындағы «Неміс» мәдени орталығы, «Екінші өмір» үйсіз жануарларға көмек көрсететін қайырымдылық қоры, «Добряки Шымкента» және «28 ілмек» әлеуметтік бастамасы да үлесін қосты.
Экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған бұл бастамалар тұрғындарды табиғатқа жанашырлықпен қарауға және тұрмыстық қалдықтарды сұрыптауға үйретеді. «ЭкоКүн» – жай ғана тазалық шарасы емес, бұл – жауапкершілік пен жанашырлыққа бастайтын ортақ қадам. Осындай қоғамдық жиындар арқылы жасыл әрі таза Қазақстан құруға бірге атсалысу – әрбір азаматтың борышы.