«Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында Оқу-ағарту министрлігі экологиялық тақырыпты білім беру үдерісіне тереңдете интеграциялауға бағытталған экологиялық білім беру стандартын әзірлеу бойынша жұмыс жүргізуде. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді.

— Оқу-ағарту министрлігі «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы аясында кешенді әрі жүйелі жұмысты жүзеге асыруда. Аталған бағыттардың бірі — экологиялық білім туралы стандарт әзірлеу. Оның негізгі мақсаты — білім мазмұнында экология тақырыбын жүйелі әрі терең енгізу. Баршаңызға белгілі Конституциялық реформалар аясында жаңа Конституция жобасында табиғатты қорғау нормалары айқын бекітілген. Бұл азаматтар мен мемлекет арасындағы экологиялық жауапкершілікті күшейтетін негізгі құқықтық негіз болып саналады, — деді ол.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы үш идеяның негізінде жүзеге асырылуда.
Олардың біріншісі еңбек адамы, екіншісі «Заң мен тәртіп» идеясы, үшіншісі «Таза Қазақстан» жалпы ұлттық жобасының аясында.
Бұндағы негізгі мақсат — оқушылар мен жасөспірімдердің бойында экологиялық сананы қалыптастыру.
Сонымен қатар табиғатқа жауапкершілікпен қарауды жалпы өмірлік құндылық ретінде бекітуді, орнықтыруды көздейді.
