Редакция таңдауы

Ел бірлігін бекемдеген мереке

Астана күніне орай Шымкент қаласының Еңбекші ауданында мерекелік іс-шара ұйымдастырылып, елорда күнін тұрғындар ерекше көңіл-күймен атап өтті. Қаладағы Қазақстан–Түркия достық саябағында өткен мерекелік шараға Еңбекші ауданының тұрғындары мен қала қонақтары қатысты.

Аудан әкімінің орынбасары Ерлан Күзенбаевтің айтуынша, Астана күні – ел бірлігі мен жарқын болашағының символына айналған мереке. Сол себепті, осындай ауқымды мәдени-көпшілік іс-шара арқылы тұрғындарға мерекелік көңіл-күй сыйлау – маңызды міндеттің бірі.

– Астана күніне орай біз бұл мерекені аудан көлемінде ұйымдастырып отырмыз. Бүгінгі мерекеде ауданымыздың дамуына үлес қосып жүрген бірқатар азаматтар марапатталады. Олардың қатарында кәсіпкерлер, дәрігерлер, әскери қызметшілер, санитарлық тазалық қызметкерлері, аула сыпырушылар бар. Барлығы 13 азамат арнайы алғыс хаттармен марапатталады, – деді Ерлан Күзенбаев.

Салтанатты жиын барысында концерттік бағдарлама ұсынылып, көрермендерге өнерпаздардың әсем әні мен биі тарту етілді. Кешті Шәмші Қалдаяқов атындағы филармония мен “Қызғалдақ” сарайының жас әншілері мен өнер ұжымдары жүргізді. Мерекеге келген жұртшылық рухани ләззат алып, отбасыларымен көтеріңкі көңіл-күйде тарқасты.

Айта кетейік, бұл күндері қала көлемінде барлық аудан әкімдіктері тұрғындар үшін түрлі спорттық жарыстар, мәдени бағдарламалар мен марапаттау рәсімдерін ұйымдастырып, елорданың мәртебесін ұлықтауға үлес қосты.

 

Гүлжауһар ТЕМІРХАНҚЫЗЫ

Соңғы жаңалықтар