2025 жылдың 8 қазан күні Орталықтандырылған балалар кітапханасы жүйесіне қарасты №7 кітапхана бөлімшесі С.Ерубаев атындағы №24 ІТ мектеп–лицейінің оқушыларымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауы негізінде «Президент Жолдауы: Ел болашағына жаңа қадам» атты ашық пікірталас өткізді. Іс-шараның мақсаты – Жолдауда айтылған өзекті мәселелер мен цифрлық трансформация бағытындағы бастамаларды талқылап, жастар арасында ой қозғау, олардың саналы азаматтық көзқарасын қалыптастыру болды.
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында еліміздің даму бағытын айқындайтын бірқатар стратегиялық бастамаларды атап өтті. Әсіресе, жасанды интеллект, цифрлық трансформация, білім беру жүйесін жетілдіру, экономикалық реформа, жастарды қолдау бағыттарына ерекше мән берді.
Пікірталасқа белсене қатысқан оқушылар Жолдауды сан қырынан талдап, көзқарастарын ортаға салды. Бағым Дүйсенова жасанды интеллекттің ел экономикасына әсері туралы пікір білдіріп, бұл саланың өндіріс пен басқару жүйесіне елеулі өзгерістер әкеле алатынын айтып, жасанды интеллекттің күнделікті өмірімізге ықпалы мен оны тиімді пайдалану жолдарына тоқталды. Пікірталас қатысушысы Мариям Сабырған цифрлық мемлекет құрудың артықшылықтары мен қаупін нақтылай келе, дербес мәліметтердің қауіпсіздігі мен цифрлық теңсіздік мәселелеріне назар аударды. Сонымен қатар, Жолдаудың жастарға беретін мүмкіндіктерін сипаттап, IT саласында оқуға, стартап жобалармен айналысуға және инновацияға бет бұруға бағытталған мемлекеттің қолдауын жоғары бағалады.
Қорытынды сөзінде «Егер еліміз осы бағытпен үздіксіз дамыса, Қазақстан цифрлық және технологиялық тұрғыдан дамыған, бәсекеге қабілетті елдердің қатарына қосылары сөзсіз», – деп түйіндеді М.Сабырған.
Бұл іс-шара жастарға заманауи өзгерістерге бейімделуге, цифрлық сауаттылықтың маңызын түсінуге және ел дамуына өз үлесін қосу қажеттігін сезінуге жол ашты. Жастар – ел болашағының қозғаушы күші. Сондықтан мұндай шаралар олардың азаматтық белсенділігін арттыруда үлкен рөл атқаратыны сөзсіз.
Айнұр ҚҰРМАШОВА,
Орталықтандырылған балалар кітапханалар жүйесіне
қарасты №7 кітапхана бөлімшесінің меңгерушісі
