Шымкент қаласындағы «Халық алғысы» саябағында Конституция күніне арналған салтанатты мерекелік іс-шара өтті. Саябақтағы кеш ерекше сән-салтанатпен аталып өтіліп, қала тұрғындары мен қонақтарына шаттық сыйлады.

Мерекелік концертке жүздеген қала тұрғыны жиналды. Оның ішінде балалар да, ересектер де, қазыналы қарттар да бар. Көңілге қуаныш сыйлаған әсем әуендер шырқалып, көтеріңкі көңіл күйге бөлеген концерттік бағдарлама көпшіліктің көңілінен шықты.
Іс-шара барысында Қаратау ауданы әкімінің орынбасары Досалы Амангелдиев жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтап, игі тілегін жеткізді.
– Бүгін өздеріңіз куә болып отырғандай, аудан әкімдігі аппаратының ұйымдастыруымен берекелі кеш өтіп жатыр. Бұл күнделікті концерт емес, барша тұрғынды ортақ мерекемен құттықтап, еңбегімен ел дамуына үлес қосып жүрген азаматтарды марапаттау кеші. Қаламыздың әлеуметтік сала қызметкерлері мен кәсіпкерлерінің, жалпы әрбір еңбек адамының еңбегі бағаланып отыр. Осы сәтті пайдалана отырып, баршаңызды Конституциямыздың 30 жылдық мерейтойымен құттықтаймын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, әр шаңырақ берекелі болсын!, – деді ол.
Іс-шара барысында ауданға еңбегі сіңген түрлі сала мамандарының еңбегі еленіп, тұрғындар алдында құрмет көрсетілді. Бұл Ата Заңымыздың қоғам өміріндегі мәртебесін айшықтап қана қоймай, бірлік пен ынтымақтың, береке мен тұрақтылықтың символына айналған мереке екендігін тағы бір көрсеткендей болды.
Жадыра МҮСІЛІМ
