
Теннисшілердің жаңартылған әлемдік рейтингінде Қазақстанның өкілдері арасында ең үздік нәтиже Елена Рыбакинаға тиесілі.
Былтырғы жылдың соңында WTA-ның қорытынды турнирінде топ жарған Рыбакина бесінші орынды олжалады. Оның алдын тек беларусьтік Арина Соболенко, польшалық Ига Швёнтек, америкалық Аманда Анисимова мен Кори Гауфф орап тұр. Еліміздің екінші ракеткасы Юлия Путинцева 74 орынды иеленді. Ал Зарина Диас 281 және Жібек Құламбаева 380 сатыға табан тіреді.
Ерлер арасында испаниялық Карлос Алькарас алда келеді. Оның өкшелеп келе жатқандар қатарында италиялық Янник Синнер, германиялық Александр Зверев, сербиялық Новак Джокович және аустралиялық Алекс де Минуар сынды саңлақтар бар. Қазақстанның ең үздік ойыншысы Александр Бублик 11 орынды иеленіп отыр. Александр Шевченко – 106, Дмитрий Попко – 221, Тимофей Скатов – 235, Бейбіт Жұқаев – 277, Михаил Кукушкин – 313, Дмитрий Евсеев – 382, Әмір Омарханов – 826 және Георгий Ломакин – 914 сатыға жайғасты.
