Мемлекет пен қоғамға қызмет ету – әрбір азамат үшін абыройлы іс. Тәуелсіз еліміздің нығаюы мен өсіп-өркендеуіне мемлекеттік қызметкерлер зор үлес қосып келеді. Әділетті Қазақстанды құру жолында аса жауапты міндеттер алға қойылып отырған қазіргі кезеңде мемлекеттік қызмет саласында нәтижелі жұмыс істеп жүрген азаматтардың еңбегі құрметке лайық. Себебі, еліміздің гүлденуі мен экономиканың дамуы мемлекеттік қызметшілердің білімі мен біліктілігіне, тұлғалық қасиеттері мен еңбексүйгіштігіне тікелей байланысты.
Осы орайда, мемлекеттік қызмет саласында ұзақ жылдардан бері үздіксіз еңбек етіп, мемлекеттік идеологияны жүйелі түрде жүзеге асыруға және Шымкент қаласындағы қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге өз үлесін қосып келе жатқан жандардың бірі – Мөлдір Кеуенова.
Ол 2006 жылы М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін тәмамдаған. Еңбек жолын мемлекеттік қызметпен байланыстырып, бірнеше сатысынан өткен.
Ішкі саясат – мемлекеттік қызметтегі маңызы зор, жауапкершілігі жоғары бағыт. Қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуден бастап, қоғамдық ой-сананы жетілдіру мен қоғамдық пікірді дұрыс бағытта қалыптастыру, ұлттық, қоғамдық құндылықтарды ілгерілете отырып, мемлекеттік идеологияны жүйелі түрде жүзеге асыруға дейін осы орган жауапты. Мемлекеттік мерекелерді атап өтуден бастап, қоғамдық және саяси науқандарды ұйымдастыруға дейінгі сан тарау жұмыстың барлығының бел ортасында ішкі саясатқа жауапты мемлекеттік органның қызметшілер жүреді. Міне, осындай үлкен мектептен өтіп, біліктілігін шыңдап, тәжірибе жинақтаған М.Кеуенованың мемлекеттік қызметке жаңадан қабылданған және осы салаға келуді көздеп жүрген жастарға айтары бар.
Мөлдір Тұрсынбекқызының пайымдауынша, елдегі қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық жаңғыртуға бағытталған түбегейлі реформалар мемлекеттік қызметті де одан әрі дамыту қажеттілігін көрсетіп отыр.
Мемлекеттік қызметшінің кәсіби-тұлғалық болмысын жетілдіру – уақыт талабы. Осы орайда өткен 2024 жылы шілде айында Мемлекет басшысының Жарлығымен «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметін дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» бекітілді. Онда мемлекеттік қызметті одан әрі дамытудың проактивті, түпкілікті нәтижеге бағдарланған, мемлекеттік қызметтің гибридті моделін енгізу, HR-процестерді басқару және цифрландыру, бюрократиядан арылған мемлекеттік қызметтің сервистілік және клиентке бағдарлану қағидаттарына негізделген моделін қалыптастыру бағыттары айқындалған. Бұл тұжырымдаманы іске асыру барысында мемлекеттік қызметке кіру процесін жеңілдету, бюрократияны қысқарту және кадрларды іріктеудің жаңа автоматтандырылған жүйесі енгізілді. Менің ойымша, осының барлығы ел мүддесіне адал қызмет ететін кадрларды ұстап қалу және олардың кәсіби біліктілігін шыңдай түсуге мүмкіндік береді, – дейді М.Кеуенова.
Кейіпкеріміз осы жылдардағы тәжірибесіне сүйене отырып, мемлекеттік қызметшіге, ең алдымен, тәртіп пен ниеттің тазалығы керек деп есептейді.
Мемлекеттік қызметші қандай лауазымда қызмет атқарса да өзінің жұмысын еліміздің қолданыстағы заңнамасының аясында атқарып, ондағы тиісті нормаларды бұлжытпай орындауы шарт. Оған қосымша мемлекеттік қызметшіге ниеттің тазалығы керек. Яғни, белгілі бір лауазымға тағайындалған азамат өзінің жеке басының немесе айналасының ғана мүддесін ойламай, елдің, мемлекеттің мүддесін бәрінен жоғары қоюы тиіс. Отаншылдық, мемлекетшілдік деген нәрсенің бәрі осы ниеттің, ойдың тазалығынан шығады. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда «Халқымыздың сана-сезімі, құндылықтары түбегейлі жаңаруы керек. Сонда ұлттың жаңа сапасы қалыптасады. Бір сөзбен айтқанда, барша еліміз жаңарады», деп саналы өзгеріске деген қажеттіліктің пісіп-жетілгенін айтқан болатын. Осы орайда мемлекеттік қызметшілердің де қоғамдағы болмысы мен тұлғасын, олардың ой жүйесі мен санасын жаңғырту керек. Әрбір әріптесіміз санасында сілкініс жасап, өз азаматтық ұстанымы мен құндылықтарын айқындап алғаны жөн.
Оның ойынша, әрбір мемлекеттік қызметші өзінің белгіленген функционалдық міндеттерін орындап отырумен шектелмеуі тиіс.
Елге, қоғамға пайдамды тигіземін деген адам өзінің функционалдық міндеттерін орындаумен шектелмеуі тиіс. Ол өзінің мойнына жауапкершілік алып, ізденімпаздықпен, мақсаткерлікпен жұмыс істеуі тиіс. Заң талаптарын сақтай отырып, өз саласындағы, өзінің жауапкершілік алаңындағы жұмысты жетілдіруге, проблемаларды шешуге және жаңаша, тың бастамалар көтеріп, оларды қолда бар ресурстардың көмегімен жүзеге асыруға болады. Сонда ғана мемлекеттік қызметші ел дамуына аз да болсын өз үлесін қосқан болып есептеледі, – дейді М.Кеуенова.
Мемлекет басшысы жас мамандардың сатылап өсуіне мүмкіндік беретін, жалпы, кадр саясатында әділеттіліктің болуын қамтамасыз ететін меритократия қағидасын енгізуді тапсырғаны мәлім. М.Кеуенова Президентіміздің осы саясаты жас мамандарға үлкен мүмкіндік беріп отырғанын алға тартады.
– Мәселенің барлығы маманның біліктіліктілігіне байланысты. Ал, біліктілік қалай қалыптасады? Әрине, тәжірибе арқылы қалыптасады. Әрине, университетте алған білімнің маңызы зор. Бірақ, ол жерде қанша дегенмен, жалпылама білім беріледі. Ол жақта нақты бір мемлекеттік мекеменің ішіндегі нақты бір бөлімнің бас маманы білуі тиіс нәрселерді, соның жауапкершілігіне жататын міндеттерді үйретпеуі мүмкін. Сол себепті көптеген салаларда біліктілік тек ізденіс, өз-өзіңді дамыту және тәжірибе арқылы ғана қалыптасады, – М.Кеуенова.
Түйіндеп айтқанда, өз ісін жетік білетін, білікті де адал қызметкерге қай салада, қай жерде болса да сұраныс бар. Ол мемлекеттік қызметте жұмыс істесе де, жеке секторға барып бизнес құрылымдарда еңбек етсе де, жұмыс берушілер одан айырылғысы келмейді. Сондықтан бүгінде мемлекеттік қызметте жас, қабілетті, білікті мамандардың қызметте өсуіне барлық мүмкіндіктері бар деп айта аламын.
Айдар ҚҰЛЖАНОВ