Редакция таңдауы

«Елге болсын» деп өткен ер

Ұлы Жеңістің 80 жылдығы жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік, ерлік пен батылдық секілді қасиеттерді сіңіруге сеп болған айтулы мерекеге айналып отыр. Бүгінгі ұрпақ осы мереке арқылы ата-бабаларымыздың фашизмді жеңу жолындағы жанкешті күресін танып, тарихи санасын жаңғыртты десек қателеспейміз. Ұлы Отан соғысы жылдарында қан майданда жаумен айқасып, одан кейінгі бейбіт кезеңде еселі еңбегімен ел дамуына үлес қосқан ардагерлердің бірі – Аппас Дайрабеков.

1942 жылы небәрі 18 жасында өз еркімен сұранып майданға аттанған ол атқыштар полкінде пулеметші болған. Польшаны азат ету үшін болған ұрыстардың бірінде ауыр жарақаттанған А.Дайрабековті басшылық жарақатынан айыққан соң Украинаға байланысшы қызметіне жібереді. Сол жерде 1948 жылға дейін әскери қызмет атқарып, елге аман-есен оралды. Содан 1988 жылы зейнетке шыққанға дейін 40 жыл бойы әуелі мұғалім болып, одан кейін кеңшарға өте қажетті зоотехник, бухгалтер секілді мамандықтарды игеріп, елдің еңсесін тіктеу жолында талмай еңбек еткен. Бірнеше ұжымшарда бөлім басшысы болып та қызмет атқарыпты.

1988 жылы зейнетке шыққан соң Шымкент қаласы, Қайтпас-1 елді мекеніне көшіп келеді. Зейнетке шықса да бір тыным таппай осы елді мекеннің өркендеуіне өз үлесін қосыпты. Жасы жетпіс беске келсе де осындағы 150 үйге газ құбырын тартуға ұйытқы болған. Осы мақсатта екі жыл еңбектеніп, бюджеттен бір тиын ақша алмай іс бітірген. Одан кейін Қайтпас-1 елді мекенінде тұрғындардың басын қосып, ортадан қаражат жинатып, ауыз су құбырын да жүргізіпті. 1997 жылы Қайтпас-1-де халық көбейіп, балалар жалғыз мектепте 3 ауысыммен оқи бастайды. Осы кезде Аппас ақсақал қосымша мектеп ашуға білек сыбана кіріскен.

– Анарбек Орманов қала әкімі болып тұрған кезде цемент зауытының бұрынғы директоры мен оның орынбасары тұрған екі үйді мемлекет меншігіне алады. Сол ғимараттарды ыңғайластырып, мектеп ашпақ болған. Бірақ, әкім ауысып кетіп, бастама аяқсыз қалды. Қаланың жаңа басшылығы бұл іске немқұрайлы қарайды. Сол кезде әкем елдің азаматтарын аралап жүріп, 40 мың теңге жинады. Ал, екі үйді мектепке айналдыру үшін кем дегенде 200 мың қаражат керек еді. Қыркүйек айында «Балам мына қаржыны ал да қалғанын өзің қос, қала берді елді жинап, асарлат, әйтеуір қыс түскенше сол мектепті ашуымыз керек» деді. Әкемнің ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында көптеп-көмектеп жүріп қараша айында мектепті аштық. Содан 2011 жылы қазіргі №72 мектеп ашылғанға дейін Қайтпас-1 елді мекенінің балалары әкем ашқызған сол мектепте оқыды, – дейді майдангердің ұлы Ағажан Дайрабеков.

Қазір ғой жекеменшік мектеп ашып жатқандар көп. Бірақ, олардың мақсаты осы бизнестен ақша табу. Ал, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары ел есін жиып, етегін жаба алмай жатқанда Аппас секілді арда азаматтар мемлекеттің міндетін өз мойнына алып, жұрт жүгінің бір шетін көтере білді. Олар мұны бизнес үшін немесе атақ-абырой алу үшін істеген жоқ, «Елге болсын» деген ізгі ниетпен сауап үшін істеді.

«Әке көрген оқ жонар» дейді халқымыз. Кейініректе Ағажан Аппасұлы да Қайтпас-1 елді мекенінің бір көшесіне өз қаражаты есебінен трансформатор орнатып, электр желісін жүргізіп, ауыз су құбырын тартып беріпті. Айта кетейік, бүгінде Қайтпас-1 елді мекеніндегі көшелердің бірі Аппас Дайрабековтің атымен аталады.

Енді Аппас ақсақалды еске алуға түрткі болған оқиғаға тоқталып өтейік. Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай №72 орта мектепте майдангер қарттың атымен аталатын сынып ашылды. Бүгінде зейнетке шыққан Ағажан Аппасұлы зейнетақысынан артылдырып, қаражат жинап, әкесінің атындағы сыныпты толық жабдықтап беріпті. Мектепте сол сыныптың салтанатты ашылуы жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бұл қазақтың «Жақсының аты өлмейді» деген тәмсілінің тағы бір дәлеліне айналып отыр.

Айдар ҚҰЛЖАНОВ

Соңғы жаңалықтар