Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек Орталық Азия Инновациялық университетінде жаңа Конституция жобасын талқылау және түсіндіру бойынша оқытушылармен, жастармен кездесті. «Жаңа Конституция жобасы: Бүгінгі өзгеріс, ертеңгі даму» тақырыбында өткен жиында байыпты баяндамалар жасалып, Конституциялық реформа елдің саяси жүйесін заман талабына сай жаңғыртуға, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға және қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған маңызды қадам екені айтылды.
Қолданыстағы Конституция Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасу кезеңінде қабылданып, мемлекетті орнықтыруда тарихи міндетін орындады.
– Бүгінгі таңда әлемдегі геосаяси жағдайдың өзгеруі, халықаралық қатынастардың күрделенуі, ғылым мен технологияның қарқынды дамуы, сондай-ақ, қоғам сұраныстарының жаңа деңгейге көтерілуі құқықтық жүйені жаңаша пайымдауды талап етуде. Қалыптасу кезеңінен – әлемдік бәсекеге қабілеттілікті арттырып, даму кезеңіне өтетін уақытта елдің ішкі әлеуеті мен институционалдық тұрақтылығын одан әрі күшейту қажет. Осыған байланысты елдің одан әрі дамуы үшін Конституция нормаларын қазіргі заман талаптарына бейімдеу қажеттілігі туындап отыр, – деді қала әкімінің орынбасары.
Сондай-ақ, басқосуда Орталық Азия Инновациялық университетінің бірінші проректоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Ерлан Зулматұлы, «Құқық» кафедрасының меңгерушісі, Phd докторы
Айнұр Әбдікерімова, заң ғылымдарының кандидаты Ботабек Имашев те баяндама жасап, тұрақтылық болмаған жерде еш даму болмайтынын атап өтті.
«Шымкент келбеті»
