Шілде айының 6-сы күні аталып өтетін Астана күні – бүкіл елімізге ортақ мереке. Өйткені, елорда – еліміздің барлық өңірлеріне инвестиция тарту, инновация енгізу және өнеркәсіпті дамыту бойынша тың бастамалар көтеріліп, нақты жобалар қолға алынатын стратегиялық маңызы бар орталық. Сондықтан Шымкентте жүзеге асып жатқан индустрияландыру, өндірістік қуаттарды жаңғырту және отандық өндірушілерді қолдау бойынша негізгі бастамалардың барлығы ел астанасынан бастау алатыны жасырын емес.
Қазақстандық Qazindustry индустрия және экспорт орталығының ақпараты бойынша, алдағы екі жылда сегіз өңірде, соның ішінде Шымкент қаласы да бар, 34 кәсіпорын ашу жоспарланған. Осы мақсатта шағын өнеркәсіптік аймақтар ұйымдастырылады. Бұл жоба негізгі үш тәсілмен жүзеге асырылады. Олар: жаңа өндіріс орындарын салу, тоқтап тұрған өндірістерді Ready built factory типі бойынша қайта жаңғырту және жұмыс істеп тұрғандарын кеңейту арқылы.
QazIndustry орталығының республика бойынша үлгі етіп аларлық үш кейсі бар. Олардың бірі Шымкент қаласындағы «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағыныңаумағында жүзеге асырылып жатқан жобамен тікелей байланысты.
Уақыт өткен сайын жаңа экономикалық қатынастар тұрақты даму қағидаттарына негізделе отырып жүргізіліп келеді. Қаламыздағы Shymkent Qagazy кәсіпорны осы сөзіміздің айғағы бола алады. Бұл кәсіпорын қағаз қалдықтарын қайта өңдейді және гофротара үшін қағаз бен картон шығарады.
2020 жылы іске қосылғаннан бері қарай аталған кәсіпорын арнайы экономикалық аймақтың салықтық және инфрақұрылымдық артықшылықтарын ғана емес, сондай-ақ, қызметкерлерді жабдықтауға және оқытуға жұмсаған шығындарын өтеу түрінде 58 млн теңге көлемінде мемлекеттік қолдауды пайдаланды. Қазір компанияда 23 адам жұмыс істейді, ал, екінші кезеңде тағы 100-ге дейін жұмыс орнын ашу жоспарлануда.
2024 жылы Shymkent Qagazy кәсіпорны өндірген өнімнің көлемі 1,47 млрд теңгені құрады. Оның 22 пайыздан астамы негізінен Өзбекстанға экспортталды. Алдағы уақытта Түркия нарығына және басқа да шетелдік бағыттарға шығу жоспарланып отыр.
Бұдан басқа АЭА тіркелген қатысушыларының төрттен бірінен астамы, нақтырақ айтар болсақ, 17 зауыт-фабрика өз өнімдерін шет мемлекеттердің нарығына экспорттайды. Шымкенттік «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы экспорттаушы кәсіпорындарының көптігі бойынша республкада үздік үштіктің қатарына кіріп отыр.
2024 жылдың қорытындысы бойынша Шымкентте орналасқан арнайы экономикалық аймақта жұмыс істеп тұрған үш кәсіпорын елдегі ірі экспорттаушылардың ондығына кірді. Төсек-орын, сүлгілер мен халаттар тігетін «АГФ групп» өндірістік кооперативі Қырғызстан мен Ресейге өнім экспорттайды, ал, «Хлопкопром-Целлюлоза» компаниясы Ресейге мақта және полианионды целлюлозаны жөнелтеді. Оған қоса Azala Cotton Түркия, Өзбекстан, Қытай және Ресей кәсіпорындарын мақта-мата жіппен қамтамасыз етеді.
Бүгінде Шымкент елдегі басты экономикалық драйверлердің бірі ретінде өз позициясын нығайта бастады. Сонымен қатар ол мемлекеттің қолдауын алып отырған кәсіпорындардың саны бойынша да елдегі үздік 3 қаланың қатарына кіреді. Оған, әрине, QazIndustry индустрия және экспорт орталығы көмектесіп келеді.
Осылайша, Астана ұзақ уақыт бойы әкімшілік және саяси орталыққа ғана емес, сонымен қатар экспорттық мүмкіндіктерді кеңейту, шағын және орта бизнесті дамыту және елдің экономикалық тәуелсіздігін нығайту үшін тұрақты платформаны қамтамасыз ете отырып, индустриалдық дамудың да драйверіне айналды деп айта аламыз.
А. САЙЛАУҰЛЫ