Редакция таңдауы

Эндометриоз жайлы не білеміз?

Әйелдерге УДЗ қорытындысына сәйкес «эндометриоз» диагнозы жиі қойылып жүр. Эндометриоз көбінесе репродуктивті жастағы әйелдердің 10 пайызға жуығынан анықталады.

Эндометриоз – бұл эндометрийдің (жатыр қуысының ішкі тіні) жатырдың ішкі қабатынан тыс өсуі. Эндометрий жасушасы етеккір кезінде қанталайды. Бұл қабыну ошақтарын туғызады. Гениталды (жатыр, аналық без) және экстрагениталды эндометриоз деп ажыратылады. Жыныс мүшелерінен тыс эндометрий жасушалары ішекте, іш қуысында, кеуде қуысы ағзаларында, жас каналында анықталуы мүмкін. Адамда ұзақ уақыт гормоналды бұзылыстар болса, эндометриоздың дамуына әкеледі. Эндометриоз ультрадыбыстық зерттеу арқылы ғана емес, өзге де клиникалық белгілері арқылы анықталады. Егер әйелде ультрадыбыстық зерттеуде эндометриоздың белгілері болса, бірақ клиникалық көріністері болмаса, біз оған эндометриоз диагнозын қоя алмаймыз.
Эндометриоздың клиникалық белгілері:
– етеккірдің ауырсынып келуі және іштің төменгі жағы, сегізкөз аймағында ауру сезімінің болуы;
– үлкен дәретке отыру және жыныстық қатынас кезінде ауру сезімі;
– гемоглобиннің төмен болуы;
– бедеулік.
Экстрагениталды түрінде зәрде, нәжісте, қақырықта қанның болуы байқалады.
Эндометриоздың нақты диагностикасы үшін дәрігер-гинеколог науқас әйелдерден клиникалық белгілерін, ауырсыну сезілген ағзасын және күштілігін, ауру сезімінің етеккірге қатысы бар-жоғын анықтайды. Жалпы қан талдауында анемия болуы мүмкін.
УДЗ-диагностикасы «эндометриоз» диагнозын 100% растауға мүмкіндік бермейді. Алайда, басқа қосалқы аурудың бар-жоғын анықтау үшін қолданылады.
УДЗ-диагностикасында «эндометриоз» анықталмай, бірақ клиникалық белгілері болса, қосымша компьютерлік не болмаса магниттік-резонанстық томографияға жіберіледі. Диагнозды түпкілікті растау үшін эндоскопиялық және лапароскопиялық зерттеу жүргізіледі.
Егер эндометриоз диагнозы қойылса және расталса, онда науқас тағайындалған дәрі-дәрмектерін өзімен бірге алып жүру керек. Өйткені, қатты ауырсыну сезімі немесе етеккір басталған кезде дәрілерін қабылдауы қажет. Науқасқа жақындары тыныштық жағдайын қамтамасыз ету керек. Егер жағдайы нашарласа, үйге дәрігер шақырту қажет.
Кез-келген дерттің емі алдын-алудан басталатыны анық. Ол үшін:
– үнемі гинекологқа қаралу;
– отбасын сауатты жоспарлау;
– түсік жасатпау;
– гормоналды бұзылыстарды, қабыну үдерістерін дер кезінде анықтау және емдеу;
– етеккір бұзылыстарын емдеу;
– етеккір кезінде артық физикалық жүктемелер мен жыныстық қатынастан бас тарту керек.

А.ТАДЖИМУРАТОВ,
«Студенттік емхана»
ЖШС-нің акушер-гинекологы

Соңғы жаңалықтар