Анар (есімі өзгертілген) энергетика саласын таңдағанда отбасы оған: «Энергетика – ерлердің жұмысы деген стереотип бар, бірақ сенің қолыңнан келеді», – деп қолдау көрсеткен. Үшінші курста өндірістік тәжірибеден соң, 10 студенттің ішінен тек үшеуі ғана жұмысқа шақырылды. Олардың екеуі қыз баласы. Бұл таңдау білім мен қабілетке негізделді. Анар университетте берілген білімнің гендерлік дисбалансты жоюға әкелетініне сенімді болды.
Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, кәсіптік оқыту саласындағы гендерлік бөлініс контекстінде студенттердің 10 пайыздан азы энергетикамен байланысты білім беру бағдарламаларында оқиды.
БҰҰДБ мәліметтеріне сүйенсек, Қазақстанда әйелдердің жасыл экономика мен энергетика салаларында толыққанды әлеуетін жүзеге асыруына бірқатар елеулі тосқауылдар бар. Алайда, жаңартылатын энергия көздері жөніндегі халықаралық агенттік (IRENA) көрсеткендей, энергия саласының пәнаралық сипаты бұл салада әйел затының да еңбек ете алатынын көрсетеді. Егер кедергілер жүйелі түрде азайтылса, энергетика саласы әйелдерге әлеуметтік-экономикалық тұрғыда үлкен серпіліс әкелетін сала болмақ.
БҰҰ даму бағдарламасында Қазақстандағы әйелдердің техникалық лауазымдарды аз атқаратынын көрсеткен. Алайда, Анар техникалық бөлімде жұмыс істейді. Ол есептеу жұмысымен айналысады. Бұл – кеңседегі «ақылды күш». «Жұмыс пен жеке өмірін алып жүре алатын әйелдер, олар – шынайы батырлар», – дейді ол.
Энергетика саласында жүрген әйелдердің әрқайсысының тарихы – стереотиптермен күрестің, ішкі ерік пен мықты білімнің дәлелі. Олар шығарған әрбір есеп – көрінбейтін еңбек, әрбір ауысым – үлкен жауапкершілік. Мұнда тек ток емес, таңдау, тек есеп емес, ерік маңызды. Ал гендерлік теңдік – бұл тең мүмкіндік, тең еңбек, тең құрмет. Бұл салада әйелдер аз, бірақ жоқ емес. Бүгінгі қыздардың энергетикаға келуі – ертеңгі жарқын болашаққа қадам.
Ш.ЕСЕНГЕЛЬДИЕВА,
М. Әуезов атындағы ОҚУ
«Журналистика және қазіқ тілі»
кафедрасының оқытушысы