
Шымкенттегі Көрме орталығында «Еңбек – өмірдің тұтқасы» атты бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Тұрғындар мен жұмыс іздеушілер көптеп жиналған іс-шарада 100-ден астам жұмыс беруші өз кәсіпорындары туралы мәлімет беріп, түрлі бағытта 2000-ға жуық бос жұмыс орнын ұсынды. Қатысушылар өндіріс, қызмет көрсету, білім беру, денсаулық сақтау, құрылыс және өзге де салалар бойынша бос жұмыс орындарымен танысып, жұмысқа орналасу талаптары мен шарттары туралы толық ақпарат алды.
Іс-шараға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, жәрмеңке аумағын аралап, жұмыс берушілермен тілдесіп, ұсынылған бос орындар легімен танысты. Ғабит Әбдімәжитұлы кәсіпорын өкілдеріне еңбек қауіпсіздігін сақтау, қызметкерлердің құқықтарын қорғау, айлық жалақыны және міндетті әлеуметтік төлемдерді уақытылы төлеу қажеттігін қатаң ескертті. Сонымен қатар, мұндай жәрмеңкелердің халықты жұмыспен қамтуға және жұмыссыздық деңгейін төмендетуге ерекше ықпал ететінін атап өтті.
Жыл басынан бері қалада сегіз рет бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Әр іс-шараға өңірдегі кәсіпорындар белсенді атсалысып, тұрғындарға түрлі бағыттар бойынша 1500-2000-ға жуық вакансиялар ұсынып келеді. Онда өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету, құрылыс, білім беру және медицина сынды салалар бойынша жұмыс берушілер өздерінің талаптары мен еңбек шарттарын егжей-тегжей түсіндіреді. Сонымен қатар, жәрмеңкеге қатысқан жұмыссыз азаматтарға мемлекет тарапынан көрсетілетін кешенді қолдау шаралары туралы да ақпарат беріледі. Айталық, кәсіби қайта даярлау курстары, жастар практикасы, әлеуметтік жұмыс орындары, «Алғашқы жұмыс орындары», «Күміс жас», «Ұрпақтар келісімшарты» жобалары мен қайтарымсыз грант алу мүмкіндіктері таныстырылып, олардың еңбек нарығына бейімделуіне барынша жағдай жасалынады.
Бүгінге дейін қала аумағында өткізілген жәрмеңкелердің нәтижесінде 1000-ға жуық қала тұрғыны тұрақты және уақытша жұмыс орындарына орналасты. Тарқатып айтар болсақ, 615 азамат тұрақты жұмыс тапса, 269 адам уақытша жұмысқа қабылданды. Ағымдағы жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша қалада жұмыссыздық деңгейі 0,1 пайызға төмендеп, 4,7 пайызды көрсетіп отыр. Ал, жастар арасындағы жұмыссыздық көрсеткіші 3 пайызға төмендеген.

Аталмыш жәрмеңкеде Еңбек мобильділігі орталығының мамандары арнайы кеңес беру алаңын ұйымдастырып, іс-шараның маңызын арттыра түсті. Орталық мамандары 227 мекеменің 1500-ден астам бос жұмыс орнын таныстырып, тұрғындарға таңдау мүмкіндігін ұсынды. Жұмыс іздеушілерге еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар және жұмысқа орналасудың тиімді жолдары түсіндірілді.
Ірі кәсіпорындар мен өндіріс орындарының да іс-шараға белсене қатысуы жәрмеңкенің ауқымын кеңейтті. Атап айтқанда, «Назар Текстиль», «Бал Текстиль», «Алтын-Дан», «Marvik Partners», «Wan Sheng Ceramic», «Karlskrona», «Altyn Land», «Фиркан», «OKS Group», «Rixos Khadisha Shymkent» сынды қаладағы өндіріс және қызмет көрсету бағытында жұмыс істейтін жетекші компаниялар өздеріндегі бос жұмыс орындарын ұсынды. Келушілер бұл кәсіпорындардың жұмысы, талаптары және жалақы көлемі туралы жеке-жеке ақпарат алып, кейбірі сол жерде-ақ әңгімелесуден өтті.
Мәселен, «Alsera KZ» ЖШС-і 52 маманға қажеттілік бар екенін мәлімдеді. Оның 50-і – жұмысшы мамандықтары. Компанияда ең төменгі айлық жалақы 150 мың теңгеден басталады екен. Сонымен қатар, кәсіпорынға бас бухгалтер мен шығындарды есепке алу жөніндегі маман қажет. Олардың еңбекақысы 500 мың теңгеден басталатыны айтылды. Жұмысшылар үшін тегін тасымалдау қызметі мен тамақтандыру ұйымдастырылғаны да келушілердің қызығушылығын тудырды.
Ал, «Бал Текстиль» ЖШС-і 54 маманға сұраныс бар екенін жариялады. Мұнда тоқыма машинасының операторы (205 000–275 000 тг), байланыс операторы (170 000–210 000 тг), дизайнер (165 000–330 000 тг), сондай-ақ, аспаз, тазалықшы және күзетші секілді қызметтерге де мамандар қажеттігі белгілі болды. Бұл мекемеде де жұмысшыларға арналған тегін тасымалдау және тамақтандыру қызметтері қарастырылған.
«AIZHAMAL GROUP» ЖШС-і сатушы-кассирлерді (230 000–270 000 тг) және кондитерлік өнімдер мен жартылай фабрикаттар дайындайтын мамандарды жұмысқа шақырады. Ал, «Стандарт Цемент» ЖШС-і 12 маманға қажеттілік бар екенін хабарлады. Онда инженер-электрмен жабдықтаушы, КИПиА құралдарын баптаушы, гидравлика инженері, дәнекерлеуші, слесарь және цех жұмысшысы сияқты мамандарға 200 000–300 000 теңге аралығындағы еңбекақы ұсынылуда.
«KARLSKRONA LC AB» ЖШС-інде дәнекерлеушілер, слесарь-жөндеушілер, темір ұсталары, станок операторлары, лаборанттар, өндіріс диспетчерлері, инженер-технологтар мен инженер-құрастырушылар тапшы.
Жәрмеңкеде мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, өз кәсібін ашқан 431 азамат та арнайы стендтерін қойып, тұтынушыларға өнімдерін таныстырды. Бұл кәсіпкерлердің табысты тәжірибесі жәрмеңкеге келген азаматтарға шабыт сыйлап, мемлекеттік қолдаудың нақты нәтижесін көзбен көруге мүмкіндік берді. Орайы келгенде осындай кәсіпкерлердің бірі Ерғали Ертаевты әңгімеге тарттық. Оның ерлерге арналған етік тігумен айналыса бастағанына бір жылдай уақыт болыпты. Арнайы кәсіби оқудан өтіп, мемлекеттік грант жеңіп алғаннан кейін станоктарын сатып алып, толыққанды өндіріс процесін жолға қойған. Бүгінде бұл іс отбасылық кәсіпке айналып отыр. Жұбайы Мөлдір Елқасымқызы қыз-келіншектерге арналған аяқ-киімдерді тігеді. Олар күніне орта есеппен 10 -15 жұп аяқ киімді сатылымға шығарады. Етіктердің бағасы – 15 мыңнан 30 мың теңге аралығында. Өнім сапасына қызығушылық танытқандардың қатары күн санап артып келеді екен.
Жәрмеңке алаңында жұмыс берушілерден бөлек, кәсіптік оқыту бағытында білім беретін жеті оқу орталығы да өз қызметтерін таныстырды. Солардың бірі – тәжірибелі тігінші, жеке оқу орталығының негізін қалаушы дизайнер Умида Мирсалимова. Оның тігіншілікке деген қызығушылығы бала кезінен басталған. Дегенмен, кейіпкеріміздің бұл іспен кәсіби түрде айналысқанына 15 жылға жуықтапты. Қазір ол қалыңдықтарға арналған той көйлектерін, сондай-ақ тапсырыс бойынша қыздар мен ұлдарға арналған ұлттық киімдерді тігеді. Умиданың оқу орталығында білім алып, жеке кәсібін бастап кеткен шәкірттері де бар. «Шәкірттерімнің әрбір жетістігі – мен үшін үлкен қуаныш. Олардың арасында менің тігін цехымда еңбек етіп жүргендер де бар», – дейді. Бүгінде шебердің өзіне 5–6 тігінші қажет, олардың еңбекақысы 180–200 мың теңге көлемінде деп белгіленген.
Жәрмеңкеге келген тұрғындарға Еңбек мобильділігі орталығы мен аудандық мансап орталықтарының мамандары Enbek.kz порталының қызметтерін жан-жақты түсіндірді. Жұмыс іздеушілер онлайн резюме әзірлеу, электронды еңбек биржасындағы бос орындарды қарау, жұмыс берушілермен тікелей байланыс орнату жолдарын үйренді.
Айта кетейік, биыл Шымкент қаласында 49 655 адамды жұмыспен қамту шараларына тарту жоспарланған болатын. Қазіргі таңда осы көрсеткіштің басым бөлігі орындалып, 48 174 азамат түрлі қолдау тетіктеріне қатыстырылды. Бұл – белгіленген меженің 97 пайызы. Сала мамандары жыл соңына дейін жоспардың толық орындалып қана қоймай, кейбір бағыттар бойынша көрсеткіш жоғарылауы мүмкін екенін айтады.
Дилара БИМЕНОВА
