Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар орталығында Еңбекші ауданының әкімі Досбол Есілбек бірінші тоқсанда атқарылған жұмыс қорытындысы туралы баяндама жасады. Ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішінде ауыз толтырып айтарлық дүние көп.
Биыл аудан аумағы 22 800 гектарды құрап, халық саны 228 830 адамға жеткен. Ауданда18 тұрғын алап пен 11 шағынаудан орналасқан. 728 көше мен өткел, 3 саябақ, 8 гүлзар, 285 көпқабатты және 37 061 жеке тұрғын үй бар.
Аудан әкімдігі халықпен тұрақты байланыс орнатып, өмір сапасын жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді екен. Аудан басшысының айтуынша, инфрақұрылымда 29 шағын аудан мен тұрғын алаптардың басым бөлігі қажетті инженерлік жүйелермен қамтылған. Ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіші 97%-ға жеткен. Былтыр халық шоғырланған барлық аймақ ауыз сумен толық қамтылды. Қазір Жастар көшесі мен «Қазығұрт» стансасы аумағы, сондай-ақ Оңтүстік-Жаңақұрылыс 3 мекенжайына су жеткізу мақсатында жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, жұмыстар биыл үшінші тоқсанда аяқталмақ.
Электрмен қамту 99,8%-ды құрасағ, былтыр 16,7 шақырым желі жаңартылып, 9 трансформатор ауыстырылған. Биыл 4,7 шақырым желі мен 3 трансформатор жаңартылмақ. «Сайрам» жобасы аясында Исфиджаб пен Достық тұрғын алаптарында жеке меншік желілер мемлекеттік жүйеге ауыстырылып, А.Оразбаева көшесінде де электр желілерін жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Табиғи газбен қамтылу 92,4%-ға жеткенін айтқан ол: «Былтыр Қаратөбе мен Оңтүстік тұрғын алаптарындағы жұмыстар аяқталып, газ берілді. Қазір Жалын, Қарабастау және Жұлдыз тұрғын алаптарында құрылыс жалғасуда. Жұмыстарды Almaty Production Construction Invest және «Отау Строй» ЖШС жүргізіп жатыр. Кәріз жүйесімен қамтамасыз ету әлі де өзекті мәселе болып қалып отыр. Қамту көрсеткіші 41% болса, «Ұлағат» шағын ауданы мен Жұлдыз тұрғын алабында құрылыс аяқталып, пайдалануға берілгенімен, кей жобаларда тергеу амалдары жүріп жатыр. Сонымен қатар, Базарқақпа тұрғын алабындағы көпқабатты үйлер мен 11 көшеге кәріз жүйесін тарту үшін жобалар жүзеге асырылып отыр. Жол инфрақұрылымын жақсарту бағытында да елеулі ілгерілеу бар. Ауданда жалпы ұзындығы 732,91 шақырым болатын 728 көше мен өткел бар. Олардың 585,16 шақырымы асфальтпен, 135,98 шақырымы таспен, 11,76 шақырымы топырақпен жабылған. 2023 жылы 73 көше жөнделсе, былтыр 78 көше жоспарға енгізіліп, оның 24-інде жұмыстар аяқталған. Биыл 72 көшеге жөндеу жүргізу көзделіп отыр. Сонымен қатар, 23 көшеге ұзындығы 10,3 шақырым болатын аяқ жол төселді. 2025 жылы 13,2 шақырым аяқ жол салу жоспарланған», деді.
Жарықтандыруда былтыр 244 көше жарықтандырылса, биыл бұл көрсеткіш 367 көшеге жетпек. Қазірдің өзінде 153 көшеде шамдар орнатылып, қалған көшелерде жұмыс жүріп жатыр. Ирригациялық жүйелерді дамытуда 2022-2024 жылдар аралығында 57 мекенжайда су басу қауіпі анықталып, 19,3 шақырым арық салынды. Биыл тағы бірнеше көшеде арық салу жоспарланған.
Абаттандыру жұмыстары «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында жүзеге асырылып келеді. 2023 жылы 29 балалар алаңшасы орнатылса, былтыр 47 көпқабатты үйдің ауласы мен 17 жеке мекенжайға ойын алаңы салыныпты. Биыл 44 жобаны іске асыру көзделіп отыр.
Аудан басшысы, сондай-ақ, қазір 61 ашық спорт алаңшасы барын жеткізді. Оның айтуынша, 2023 жылы 7, ал былтыр 8 спорт алаңшасы орнатылды. Биыл тағы 9 алаңша салу жоспарда тұр. Сонымен қатар, былтыр аудан аумағында 5 гүлзар салынып, тағы 2-еуі демеушілер есебінен бой көтерген. Биыл тағы 5 гүлзар салу көзделіп, мемлекеттік сатып алуға өтінімдер дайындалып жатыр екен. Ономастика саласында да жұмыс жанданған. Былтыр 192 көшеге 7336 дана көше атауы мен үй нөмірі жазылған тақтайша орнатылса, биыл 199 көшеге 9015 дана тақтайша орнату жоспарланып отыр.
Еңбекші ауданында инфрақұрылымды дамыту, тұрғындарға қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру мақсатындағы жұмыстар кешенді түрде жүргізіліп жатыр. Әлеуметтік маңызды жобалар мен стратегиялық бағыттарда да нақты нәтижелерге қол жеткізіліп, алдағы жылдарға да ауқымды жоспарлар құрылған.
Жадыра МҮСІЛІМ