
Қазақстанда соңғы жылдары жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеру, қолөнер мен өндірістік шеберлікті заман талабына сай жаңғырту мәселесі ерекше мәнге ие бола бастады. Ел дамуының өзегі – еңбек адамы екенін ескерсек, кәсіби шеберлігі шыңдалған, технология тілін меңгерген, еңбектің қадірін білетін жас буынды тәрбиелеу – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі.
Қоғамдағы өзгерістер, жаңа өндіріс көздерінің пайда болуы, ауыл шаруашылығынан бастап өнеркәсіпке дейінгі барлық салада заманауи құрал-жабдықтардың қолданысқа енуі – жұмысшы мамандықтарына деген сұранысты бұрынғыдан да арттыра түсті. Осындай өркендеу кезеңінде ұлттық еңбек мәдениетін жаңаша серпілтетін, ата-бабадан жалғасқан шеберлік дәстүрін қазіргі заман үрдісімен сабақтастыратын ұрпақ қалыптастыру – мемлекет саясатындағы маңызды бағыт.
Жастарды еңбекке баулу – тек кәсіпке үйрету ғана емес, олардың бойында жауапкершілік, табандылық, жүйелі әрекет ету, қоғамға пайдасын тигізу секілді құндылықтарды орнықтыру. Бала кезден бастап еңбекке бейімделген ұрпақ ғана ертеңгі күннің сенімді тірегіне айналады. Сондықтан да білім беру ұйымдарындағы кәсіби бағдар беру жұмысы, өндірістік тәжірибені күшейту, еңбекке баулудың дәстүрлі мектептерін жаңа мазмұнда жандандыру – уақыт талабы.
Осы орайда, AMANAT партиясының Шымкент қалалық филиалы, партия жанындағы «Жастар рухы» жастар қанаты және «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС – Шымкент мұнай өңдеу зауытының ұйымдастыруымен «Жұмысшы жастар» форумы өтті.
Маңызды басқосуға «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова, AMANAT партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Мұрат Жолдыхожаев, «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС президенті Цзян Жиюань мен бірінші вице-президенті Бақыт Тасқынұлы, «Жастар рухы» жастар қанаты Шымкент қалалық филиалының төрағасы Бекзат Төлебай, қала әкімдігінің өкілдері, жергілікті оқу орындарының студенттері, түрлі өндіріс орындарының жас мамандары, мәслихат депутаттары мен өңірден шыққан танымал спортшылар қатысты.
Форум шеңберінде қатысушылар Шымкент мұнай өңдеу зауытына арнайы экскурсия жасап, зауыттың жұмысымен, технологиялық үдерістерімен және жас мамандарға арналған мүмкіндіктерімен танысты. Сондай-ақ, кәсіпорындар тарапынан бос жұмыс орындары таныстырылып, кәсіби бағдар беру бағытында ашық кездесу өтті.
Бұдан кейін қатысушылар пленарлық отырысқа қатысты. Басқосуда сөз сөйлеген «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова іс-шараның Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауына орай ұйымдастырылғанын атап өтті. «Қазір елімізде жаңашылдыққа ұмтылған, еңбекқор жастар өсіп келеді. Сол жастардың басын біріктіріп, оларға дұрыс бағыт берудің маңызы зор. Сондықтан да осындай ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Бұл жұмысшы жастардың дауысы естілетін, оларды толғандырған мәселелер талқыланатын маңызды алаң», деді ол.
Форумда сөз сөйлеген Мұрат Жолдыхожаев жастарды қолдау бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
– Бүгінгі іс-шарада біз жұмысшы жастардың қоғамдағы маңызды рөліне тоқталып, олардың кәсіби дамуына бағытталған нақты қадамдарды талқыладық. «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында көптеген жоба іске асып жатыр. Бұл — жастарға жаңа мүмкіндіктер ұсынатын кезең. Мемлекеттік қолдау мен кәсіби бағдар беруді күшейту арқылы біз жас буынның жұмысшы мамандықтарына деген қызығушылығын арттырып, еңбекке деген жауапкершілігін нығайтамыз, – деді ол.
Сонымен қатар ол Шымкент қаласының жастары жуырда бастауыш жастар ұйымын ашқанын жеткізді.
– Бүгін, көп ұзамай, сол ұйымның белсенді жастарымен тағы жүздесіп отырмыз. Шымкент – жастар қаласы. Қалада бүгінде 331 мыңға жуық жас бар. Соның ішінде 8 мыңнан астамы жастар ұйымының мүшелері. Бұл қаламыздың қоғамдық өміріне белсенді атсалысып жүрген үлкен күш екені сөзсіз. Жалпы, шымкенттік жастар әрдайым қоғамның дамуына үлес қосып келеді. Қаланың тазалығы, экологиялық мәдениетті арттыру, еңбекке баулу, түрлі бастамаларды жүзеге асыру, осының бәрінде жастардың қолтаңбасы бар, – деді М.Жолдыхожаев.
Оның айтуынша, партия жастар бастамаларын қолдауды, Президент саясатын халыққа кеңінен түсіндіруді, жастармен тығыз жұмыс жүргізуді жалғастырып келеді. Мәселен, қалалық мәслихаттың 22 депутаты бар, олар қала бюджетінің тиімді бөлінуіне ықпал етіп, маңызды жобалардың жүзеге асуына жағдай жасап отыр.
Жиында сөз алған «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС Президенті Цзян Жиюань өндірістегі жаңғырту жұмыстары мен жас мамандардың рөлін айтты. Оның айтуынша, Шымкент мұнай өңдеу зауыты – өңір экономикасының маңызды стратегиялық объектісі. Бүгінде зауыт технологиялық жаңаруды жүйелі түрде жалғастырып келеді. Бұл процесс жастардың жаңа дағдыларға ие болуын, кәсіби өсуін талап етеді. Солай дей келе ол «Жас мамандарға инвестиция салуды компания дамуының кепілі деп санаймыз», деді.
Бұдан кейін осы зауытта қырық жылдан аса қызмет етіп келе жатқан, бүгінде зейнет жасына келген цех бастығы Болат Қалдыкөзов сөз алды. Өзінің еңбек жолы туралы қысқаша айтып өткен ол «1985 жылы Қазақ химия-технология институтын «Осы зауытта мұнай мен газды қайта өңдеудің химиялық технологиясы мамандығы бойынша тәмамдап, еңбек жолымды оператор қызметінен бастадым. Алғашқы қадамымды №1 цехтағы технологиялық өңдеу операторы ретінде бастасам, кейін цехтың барлық сатыларынан өтіп, бүгінде осы бөлімнің басшысы болып қызмет атқарып келемін. Өткен жылдарға көз жүгіртсек, еліміздің қалыптасу кезеңінен бастап мұнай-газ саласы Қазақстан экономикасының дамуына серпін беріп келе жатқан негізгі күштердің бірі болып отыр. Бұл сала мемлекетіміздің стратегиялық тірегі саналады. Осындай жоғары жауапкершілікті өндірісте еңбек ету, бәсекеге қабілетті маман болу – әрқайсымыздың басты міндетіміз», деді. Осылай деген ол форумға қатысқан жас мамандарға ақыл-кеңесін де берді. Біріншіден, істеп жүрген ісіңізді сүю маңызды. Өйткені, мамандық – жай ғана табыс табудың жолы емес, бұл адамның тұлғасын қалыптастыратын, қоғамға қосар үлесін айқындайтын маңызды құндылық. Ал жұмысқа қызығушылық танытып, нақты нәтиже беруге талпыну -табыстың жартысы. Шынайы ынта мен адал еңбек қана адамды алға жетелейді. Екіншіден, қателесуден қорықпау керек. Себебі қателік әлсіздіктің емес, дамудың бастауы. Маңыздысы, сол қателіктен сабақ алып, күшейе түсу, кемшілікті мойындап, оны түзетуге ұмтылу керек. Үшіншіден, өзгенің еңбегін бағалай білу де керек. Ұжым – үлкен күш. Жылдар бойғы тәжірибе көрсеткендей, бір-біріне қолдау көрсететін, сенім артатын ортада ғана шынайы жетістік туады. Тыңдай білу де көп жетістікке жол ашады. Бір-біріне көмектесе білу, алғыс айту да маңызды. Яғни қарапайым адами қасиеттер үлкен нәтижелердің бастауы бола алады. Төртіншіден, өмір бойы үйренуден жалықпау қажет. Бүгінгі заманның маманы үнемі дамып, жаңалыққа бейімделетін адам болғаны жөн. Ең бастысы, кез келген маман иесі өзіне сенімді болғаны дұрыс. Себебі, әр адамның бойында ерекше қабілет пен зор әлеует бар.
Өз кезегінде сөз алған зауаттың жас маманы Нұркен Байтенов бүгінде зауыттағы шикі мұнайды жоғары сапалы, тиімді және экологияға зияны аз өнімге айналдыратынын айтады. Механик маманының жұмысы тек қондырғыларды басқару немесе реттеу ғана емес, өндірістегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету, процестің үзіліссіз жүруіне жауапкершілік алу, жаңа технологияларды енгізу, тиімділікті арттыру сияқты үлкен міндеттерді қажет ететін сала. Мұндай мамандықта теориялық біліммен қатар тәжірибе, ұқыптылық және кәсібилік өте маңызды.
– Жас мамандар әртүрлі салада еңбек етсек те, барлығымызды бір нәрсе біріктіреді. Бұл елге қызмет ету және ортақ іске үлес қосу деп санаймын, – дейді жас маман.
«ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС бірінші вице-президенті Бақыт Тасқынұлы өндіріс орындарының басшылары, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға және олардың кәсіби өсуіне жағдай жасауға міндетті екенін жеткізді. Мұнай өңдеу саласы — тек технологиялар мен жабдықтар ғана емес. Бұл, ең алдымен тәулік бойы еңбек етіп, қауіпсіздік пен сапаны қамтамасыз етіп отырған мыңдаған білікті маманның еңбегі. Сол мамандардың арқасында компания да, жалпы еліміздің мұнай-газ саласы да алға жылып келе жатқанын айта келе «Біздің әр қызметкер – компанияның мақтанышы. Біз өндіріс қуаттылығын қазіргі 6 миллион тоннадан 12 миллион тоннаға дейін арттыруды көздеп отырмыз. Ал бұл жаңа жобалар, жаңа технологиялар, ең бастысы, көптеп маман қажет болады деген сөз. Электриктер, механиктер, технологтар, операторлар, цифрлық басқару саласының мамандары, бәрі де аса сұраныста. Қазірдің өзінде зауытта кадр тапшылығы сезіліп жатыр. Сондықтан біз жас мамандарды оқытуға, тәжірибеден өткізуге ерекше мән беріп отырмыз», – деді.
Бүгін зауыттың тыныс-тіршілігімен танысып, еңбек адамдарының ауыр жұмысымен танысқан Орталық Азия инновациялық университетінің студенті Береке Кенжебай – болашақ эколог. Бүгін ол замандастарымен бірге зауытта ұйымдастырылған экскурсиядан ерекше әсер алғанын айтады. Оның сөзінше, бұл өзі үшін ерекше тәжірибе болғанын, мұнайды қалдықсыз өңдеу бағытында атқарылатын күрделі әрі жауапты жұмыстарды көргенін жеткізді.
– Мұнда еңбек етіп жүрген мамандардың еңбегі шынында да құрметке лайық. Таңертеңнен кешке дейін үздіксіз жұмыс істеп, өндіріс қауіпсіздігі мен экологиялық талаптарды сақтап отырған қызметкерлердің жауапкершілігі жоғары екеніне көз жеткіздік. Болашақ эколог ретінде маған ерекше әсер еткені кәсіпорында қалдықсыз өндіріс қағидатының жолға қойылғаны болды. Мұнай өңдеу барысында шыққан қалдықтардың барлығы дерлік қайта өңделіп, кәдеге жаратылатыны экологиялық тұрғыдан өте маңызды. Бұл қоршаған ортаға зиянды әсерді барынша азайтып, табиғатты қорғауға үлес қосатын тиімді тәсіл деп санаймын, – дейді ол.
Сондай-ақ, форум аясында «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» Шымкент мұнай өңдеу зауытының 40 жылдық мерейтойына орай бірқатар форум қатысушысы арнайы мерейтойлық медальмен марапатталды. Форум жұмысшы жастардың кәсіби әлеуетін арттыруға, еңбек нарығындағы мүмкіндіктерді кеңейтуге және өндірістік саладағы жаңа буын мамандарын қолдауға бағытталған ауқымды диалог алаңы ретінде жоғары бағаланды.
Жадыра МҮСІЛІМ
