Редакция таңдауы

«Ерекше қажеттілігі бар балаларға білім қолжетімді болуы тиіс»

Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше қажеттілігі бар балаларға қатысты маңызды мәселені көтеріп, жаңа заң әзірлеуді тапсырып, «Қазақстанда ерекше қажеттілігі бар әрбір баланың толыққанды білім алуға мүмкіндігі болуы керек. Бұл – өте маңызды мәселе. Сондықтан жыл соңына дейін осындай балаларға жан-жақты қолдау көрсету ісін реттейтін жаңа заң әзірлеу керек», – деген болатын.

Бұл сөздер елімізде инклюзивті білім беру саласын дамыту қажеттігін тағы бір мәрте айқындай түсті. Осыған орай М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Таңсәуле Серіковтың қатысуымен «Инклюзивті қоғам: білім және қолжетімділік» тақырыбында арнайы кездесу өтті.

Кездесу бағдарламасы бойынша депутат алдымен университет мұражайымен, «Мұхтартану» кабинетімен және Инклюзивті орталықпен танысты.

Университет тарапынан мүмкіндігі шектеулі студенттерге қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар көрсетілді. Атап айтқанда, пандустар, тактильді бағыттаушы жолдар, аудио қосымшалар, интерактивті тақталар сияқты арнайы құралдар мен қызметтер таныстырылды.

Университеттің оқу залында ұйымдастырылған жиынға профессор-оқытушылар құрамы мен белсенді студенттер қатысты. Кездесуде сөз алған Таңсәуле Серіков инклюзивті білім берудің тек әлеуметтік мәселе емес, бүкіл қоғамның санасына әсер ететін үлкен өзгеріс екенін айтты.

– Инклюзивті қоғам – бұл тек әлеуметтік саладағы өзгеріс емес, бұл – ойлау жүйеміздегі үлкен трансформация. Біз білім беру жүйесінде ешбір жастың артта қалмауына, бәріне тең мүмкіндік берілуіне мүдделіміз. Университеттің осы бағыттағы жұмыстары қуантады, – деді депутат.

Жиын барысында белсенді студенттер мен оқытушылар тарапынан өзекті сұрақтар қойылып, ұсыныстар айтылды. Олар инклюзивті білім беру жүйесіне маман дайындау, әлеуметтік жобаларды іске асыру, инклюзия мәдениетін жастар арасында қалыптастыру секілді тақырыптарды қозғады.

Депутат жастардың ұсыныстарына құлақ асып, оларды заңнамалық деңгейде қарастыру мүмкіндігі бар екенін жеткізді. Ол сондай-ақ, Президент бастамасына сәйкес, ерекше қажеттілігі бар азаматтарға қатысты кешенді заң жобасын әзірлеу кезінде білім беру мекемелерінің тәжірибесі мен ұсыныстары ескерілетінін атап өтті.
Кездесу қатысушылары инклюзивті қоғам құру – мемлекеттің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін айтып, бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендіктерін білдірді.

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

Соңғы жаңалықтар