Редакция таңдауы

Еріктілер жазғы мектепте бас қосты

Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Красные скалы» демалыс аумағында волонтерлік ұйымдардың көшбасшыларына арналған екі күндік жазғы мектеп ұйымдастырылды.

Төлеби ауданы, Біркөлік шатқалы аумағында орналасқан жазғы мектептің ресми ашылу рәсімі өтті. Аталған іс-шараға еліміздің әр өңірінен келген 100 жас, соның ішінде Шымкент қаласының белсенді жастары қатысты.

Жазғы мектептің негізгі мақсаты – жастар арасында волонтерлік қызметке деген қызығушылықты арттыру, ұйымдар арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайту және көшбасшылық қабілеттерін дамыту.

Бағдарлама аясында қатысушылар топтық жұмыс, волонтерлік бағытында тренингтер, ұжымдық ойындар мен тәжірибелік сабақтарға қатысты. Сонымен қатар, спорттық жарыстар мен тауға серуен ұйымдастырылып, жастардың белсенді өмір салтын қалыптастыру бағытында жұмыстар жүргізілді.

Кешкі мезгілде «Достық» отты алауының маңында еркін форматтағы бейресми кездесулер өтіп, қатысушылар өзара пікір алмасып, жаңа достар тапты. Іс-шара волонтерлік қозғалысты дамытуға және еліміздің әр өңірінен келген жастардың арасында тұрақты байланыс орнатуға өз септігін тигізеді.

Т.ҚАСЫМОВ

Соңғы жаңалықтар