Қолдау орталығының тәрбиеленушілері әскери колледжбен танысты
Республика жұртшылығы кеңінен атап өтіп жатқан Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңістің 80 жылдығын мерекелеу аясында көптеген жоба қолға алынуда. Соның бірі Шымкент қаласы білім басқармасының «Өмірлік қиын жағдайда жүрген балаларды қолдау орталығының» тәрбиеленушілері үшін әзірлеген Кеңес Одағының батыры генерал-майор Сабыр Рақымов атындағы әскери колледжінің тыныс-тіршілігімен танысу іс-шарасы болатын.
Орталықта тәрбиеленушілерді әскери колледж бастығы, полковник Мақсат Ахшалов қарсы алып, мұндағы оқу процесінің ерекшеліктерімен, ұландардың тұрмыс жағдайымен, сондай-ақ әскери оқу орындарында білім алу перспективаларымен таныстырды.
Жылы лебізді жүздесуде колледж бастығы әскери колледж бен әскери оқу орнының негізгі айырмашылықтарына, әсіресе, болашақ әскери қызметкерлердің кәсіби даму жолдарын айқындайтын факторларға тоқталды.
– Біздің оқу орнына қабылдау 15 жастан басталады. Бұл жастағы жеткіншектер физикалық тұрғыдан мықты, тәртіпті, ынталы, теориялық білімі мен практикалық дағдыларын меңгеруге дайын болып келеді. Жігіттерді тәрбиелеуге тырысамыз, – деп атап өтті полковник Мақсат Ахшалов.
Ал, бірінші курс ұландарына жалпы білім беретін пәндер 10-11 сынып бағдарламасы бойынша оқытылады. Тек, екінші курстан бастап тереңдетілген әскери дайындық басталады. Оған саптық дайындық, әскери жарғылар мен әскери топографияны зерттеу кіреді. Үшінші курстың курсанттары таңдаған әскери мамандығын игеріп, далалық дайындық пен әскери бөлімдерде тағылымдамадан өтеді. Осылайша бітіруші түлектер техникалық кәсіптік білімі туралы дипломмен қатар жүргізуге дайындығы туралы куәлік, оған қоса «кіші сержант» шені белгіленген әскери билет беріледі. Әрине үздік тәмамдағандар қызмет орнын таңдау артықшылығына ие болады және өз саласын жалғастыруға жоғары әскери оқу орнының екінші курсына емтихансыз түседі.
Колледждегі білім беру, тәжірибе жинақтау ісімен жеке танысқан қонақтарды оқу роталарының командирлері білім ұясындағы дәріс бөлмелерімен, казарма, асхана және басқа да инфрақұрылымдық нысандарды аралатып көрсетті. Білім мекемесімен танысуға жағдай жасаған колледж басшылығына алғыс білдірген «Өмірлік қиын жағдайда жүрген балаларды қолдау орталығы» директорының орынбасары Сәрсенбек Алтенбаев өз сөзінде танысуға келген балалардың осы оқу орнына түсуге деген құлшынысы арта түскенін жеткізді.
– Оқушылардың арасында өмірін әскермен байланыстыруды армандайтындар үшін өте үлкен кеңістік ашылғандай болды. Иә, олардың көпшілігі мұнда білімін ұштауға лайықты. Жетекшілері ретінде олардың нағыз Отан қорғаушыларына айналарына сенімдімін! – деді орталықтың өкілі.
Иә, мұндай іс-шаралардың жастардың бойына патриоттық сезім ұялатып, әскери жауапкершілік пен Отан қорғаушы мамандығына құрметпен қарауға ықпал ететіні кездесуге келген әр оқушының іштей толқуы мен ризалық сезімінен білініп тұрды.
Полковник Оңбаевтың ерлік істері мен өмірі – жастарға үлгі
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде Қарулы күштердің ардагері, отставкадағы полковник Серікбай Оңбаевқа арналған «Ардагер жолы ұлылық – ұрпағы жүрер ұғынып» атты кеңейтілген ерлік сабағы ғылыми конференция форматында өтті. Бұл форум университет студенттері мен генерал Сабыр Рахымов атындағы әскери колледж тәрбиеленушілерінің басын қосқан кездесуде осы колледждің ұланы Ернұр Қошқарбай негізгі спикер әрі жас зерттеуші ретінде
Серікбай Оңбаевтың өмірі мен қызметіне кеңінен тоқталды. Жас ғалым өзінің зерттеу жұмысына жетекшілік жасаған старшина Нұрман Ботабаев пен қызметкер Гүлмира Боталқызына алғысын білдірді.
Мектеп оқушыларына арналған «Ашық есік күні»
Отан қорғаушылар күні мерекесінің аясында Шымкент қаласында орналасқан 10216 әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің әскери бөлімі жоғары сынып оқушылары үшін «Ашық есік күнін» өткізді. Іс-шараға қаланың жалпы білім беретін мектептерінен жүзге жуық оқушы қатысты. Өте терең ойластырылған іс-шара әскери қызметшілердің күнделікті өмірі туралы түсінік беруден басталып, жастардың әскери қызметке деген қызығушылығын арттырып, патриоттық санасын нығайтуға ықпал етті.
Іс-шараға қатысқан оқушылардың әскери бөлімге жасаған экскурсиясы барысында жауынгер өмірі мен әскери қызметтің негізгі элементтерін көрсету арқылы әскери бөлімнің күзеті мен ішкі қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі жауапкершілік жүгін танытқандай болды.
Колледж студенттері үшін далалық оқу-жаттығу жиыны өтті
Елімізде жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, әскери істің негіздерін үйрету және азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру жұмысы бір сәт те тоқтаған емес. Соның бір көрінісі – Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2017 жылғы 12 шілдедегі №347 бұйрығына сәйкес, Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты 39 колледж студенттері арасында өткен «Бастапқы әскери дайындық курсы» аясында оқу-жаттығу сипатындағы далалық жиын. Арнайы үгіт-насихат бұрыштарымен безендірілген орта студенттердің әскери қызметтің қыр-сырын меңгеруі мен практикалық дағдыларды жетілдіруіне ықпалы басым болды.
Бұл далалық жиында білім орны ұл балалар үшін оқу-дала базасында «Әскери іс негіздері» пәнінен практикалық сабақтар ұйымдастырды десек, қыз балалар «Медициналық білім негіздері» бойынша сабақтар өтті. Білім алушылар арасындағы бұл сабақтар патриоттық тақырыптағы ғылыми-танымдық, хроникалық, деректі фильмдер мен бейнематериалдар арқылы толықтырыла түсті. Іс-шара барысында Шымкент қаласының жергілікті әскери басқару органдары, білім беру мекемелері, әскери колледждер мен әскери кафедралар бірлесіп жұмыс жүргізіп, жастардың әскери-патриоттық тәрбиесіне үлкен үлес қосты.
Жиын қорытындысы бойынша М.Өтебаев атындағы жоғары колледжі, Орта Азиялық жоғары медициналық колледжі, Аграрлық колледж және Медициналық академия жанындағы медколледж ұйымдастыру деңгейі мен мұғалімдердің біліктілігі бойынша үздік деп танылды.
Атанбек НАУРЫЗ