Астанада өтіп жатқан Конституциялық реформа жөніндегі комиссия отырысында Мемлекет басшысының құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев вице-президент институтына қатысты ұсынылып отырған конституциялық өзгерістерді таныстырды.
Оның айтуынша, вице-президентті Президент Құрылтайдың жалпы депутаттар санының көпшілік дауысымен білдірілген келісімі негізінде тағайындайды. Ал вице-президентті қызметінен босату құзыреті Президентке тиесілі болады.
Ұсынылған өзгерістерге сәйкес, вице-президент Президенттің тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының халықаралық қатынастардағы мүдделерін білдіреді. Сонымен қатар Құрылтаймен, Үкіметпен және өзге де мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл барысында Мемлекет басшысының атынан өкілдік етеді.
Сондай-ақ вице-президент Президент атынан Қазақстан Республикасының және шет мемлекеттердің қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени-ағартушылық ұйымдарымен қарым-қатынас орнатады.
Вице-президенттің өзге де өкілеттіктері Президентпен айқындалады.
Ержан Жиенбаевтың айтуынша, вице-президент институтын енгізуге байланысты Конституциядан Мемлекеттік кеңесші туралы нормалар алынып тасталады. Сонымен бірге Конституция деңгейінде вице-президентке қойылатын талаптарды нақты белгілеу ұсынылып отыр.
Атап айтқанда, вице-президент өкілді органның депутаты болмауға, өзге де ақылы лауазымдарды атқармауға және кәсіпкерлік қызметпен айналыспауға тиіс. Сондай-ақ өз өкілеттігін жүзеге асыру кезеңінде саяси партияның мүшесі болуына тыйым салынады.
«Бұл тәртіп саяси бәсекелестікті арттыруға және барлық партиялардың дамуы үшін тең жағдай қалыптастыруға бағытталған», – деді Ержан Жиенбаев.
